190 келілік ирандықты жыққан Мейір Рахметқалиев мемлекеттік наградаға ие болды

Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында өзінен 80 келі ауыр қарсыласын тізе бүктірген қазақстандық спортшы Мейір Рахметқалиев мемлекеттік наградаға ие болды, деп хабарлайды Kursiv.Media Ақордаға сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының тумасы, салмағы 110 келі Мейір Рахметқалиев арқан тартыстан жекелей сында ирандық балуанмен күш сынасқан еді. Қуатты, алып денесі үшін жанкүйерлер «Халк» деп атап кеткен 190 келілік ирандық спортшыға қарсы бәсеке Көшпенділер ойындарының ең тартысты әрі жарқын сәттерінің біріне айналды.
Салмақтағы үлкен айырмашылығын (80 келі) қарамастан, қазақстандық спортшы айрықша қайсарлық пен шеберлік танытып, алып қарсыласын жықты.
Мейірдің бұл жеңісі ел мерейін өсіріп қана қоймай, Көшпенділер ойындарының ең көп талқыланған сенсациялық сәттерінің бірі ретінде тарихта қалды.
Айта кетейік, бұдан бөлек президент Көшпенділер ойындарының барлық жеңімпаз бен жүлдегерлерін қабылдап, марапаттаған еді.