−11 градусқа дейін суытады: 26 қазанға ауа райы болжамы

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

26 қазанға қараған түні Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында ауа температурасы −11 градусқа дейін төмендейді. Алакөл көлдері маңында желдің екпіні секундына 28 метрге жетуі мүмкін. Ал солтүстік өңірлерде жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады. Бұл туралы «Қазгидромет» ескертті.

Елдің басым бөлігінде антициклонның әсерінен жауын-шашынсыз, ашық ауа райы сақталады. Алайда солтүстік, оңтүстік-шығыс және орталық өңірлерге атмосфералық фронттар әсер етіп, жаңбыр мен қар жауады.

«Республика бойынша тұман түседі. Елдің батысында, оңтүстігінде, шығысы мен оңтүстік-шығысында жел күшейеді. Батыс және оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл тұруы мүмкін», – деп хабарлады синоптиктер.

Қай өңірлерде күн қатты суытады

Жетісу облысында түнде ауа температурасы −2…−7 градусқа дейін төмендейді. Облыстың орталық бөлігінде және Талдықорғанда аяз −11 градусқа дейін жетеді. Алакөл көлдері маңында желдің екпіні секундына 23–28 метрге дейін күшейеді.

Жамбыл облысында ауа температурасы −3…−8 градусқа дейін төмендейді. Таразда түнде −6…−8 градус аяз болады. Облыстың оңтүстік-батысы мен солтүстік-шығысында, сондай-ақ таулы аймақтарда желдің екпіні секундына 25 метрге жетуі мүмкін.

Алматы облысында түнде −2…−7 градусқа дейін үсік жүреді. Алматы мен Қонаевта ауа температурасы −2…−4 градусқа дейін төмендейді. Облыстың шығысы мен таулы аудандарында, соның ішінде Алматының таулы аймақтарында желдің екпіні секундына 17–22 метрге дейін күшейеді.

Қай өңірлерде шаңды дауыл соғып, көктайғақ болады

Күндіз Түркістан облысының солтүстігінде, Қызылорда облысының орталық, оңтүстік және солтүстік бөліктерінде шаңды дауыл тұрады. Бұл өңірлерде желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Түнде кей жерлерде ауа температурасы −3 градусқа дейін төмендеп, үсік жүруі мүмкін.

Шымкентте жел секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Түнде топырақ бетінде ауа температурасы −2 градусқа дейін төмендейді.

Павлодар облысының батысы мен оңтүстігінде, ал Солтүстік Қазақстан облысының шығысында түнде жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады. Павлодар мен Петропавлда тұман түседі.

Сондай-ақ Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының жекелеген аудандарында, Абай және Ұлытау облыстарында тұман күтіледі. Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында күндіз кей жерлерде желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді.

Өрт қаупі сақталады

Атырау облысында, Қызылорда облысының басым бөлігінде, Ақтөбе, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының жекелеген аудандарында, сондай-ақ Ұлытау мен Жетісу облыстарында төтенше өрт қаупі болжанады.

Бұдан бөлек, батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлердің бірқатарында өрт қаупінің жоғары деңгейі сақталады.

Тағы да оқыңыз: Синоптиктер Қазақстанның 4 қаласында ауа ластанатынын ескертті

Сондай-ақ оқыңыз