Қазақстандағы ең қымбат 10 автокөлік

Жарияланды 3 Қаңтар 2025 12:44

Еңлік Нұрболат

Еңлік Нұрболат

автор
Легализация иностранных авто в РК
Қазақстан әлемдегі ең қымбат автокөліктер жүретін ТОП-10 елдің санатына кірмейді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстан әлемдегі ең қымбат автокөліктер жүретін ТОП-10 елдің қатарына кірмейді. Бұл жағынан Бірікке Араб Әмірліктері, АҚШ, Еуропаға ілесу мүмкін емес. Бірақ біздің елде де қымбат көліктер бар. Kursiv.Media дәл қазір kolesa.kz сайтында сатылып тұрған темір тұлпарларды шолып, жеке тізімін жасады. Сонымен Қазақстандағы ең қымбат автокөліктер төмендегідей.

1-орын: елдегі ең қымбат көлік  Rolls-Royce Cullinan

550 000 000 теңгеге бағаланған көлік 2024 жылғы рестайлинг, 6,7 литрлік қозғалтқышпен жабдықталған.

Хабарландыру иесі көлік мүлде тізгінделмеген, жап-жаңа, Алматыда тұрған жалғыз көлік екенін айтады. Жаңартылған Rolls-Royce Cullinan биыл мамыр айында таныстырылған. Кроссовердің ұзындығы — 5341 мм, ені — 2164 мм, биіктігі — 1835 мм, ал дөңгелек базасы — 3295 мм. Салмағы — 2660 келі. Капот астында 6,75 литрлік қос турбокомпрессорлы V12 қозғалтқышы орнатылған. Ол 600 ат күшін береді. Қозғалтқыш 8 жылдамдықты автоматты беріліс қорабымен және толық жетекті жүйемен бірге жұмыс істейді.

Көлікті таныстыру кезінде Rolls-Royce интерьерді жаңарту үшін 18 шақырым жіп пен 2,2 млн тігіс қолданылғанын ерекше атап өтті.

Айта кетейік, Rolls-Royce 2014 жылдың қарашасында елімізде ресми түрде сатыла бастаған еді. 2017 жылы Rolls-Royce өкілдерінің Қазақстандағы шенеуніктерге пара бергені туралы ақпарат тарады. 2018 жылы 1990 жылы туған азамат «Бавария» автосалонында тұрған Rolls-Royce-ты қозғалтып жіберіп, 45 276 343 теңге шығын келтірген. Кейін сот оның жүйке-жүйесі ауырады деп танып, ем қабылдауға жіберді. Осы оқиғалар әсер етті ме, қазіргі кезде Rolls-Royce елімізде санаулы жерде ғана сатылады. Сайты жабық, Instagram парақшасы 2018 жылдың 2 наурызынан бері жүргізілмеген. Сондықтан болар Rolls-Royce Cullinan ресми сатылмайды. Kolesa.kz-те қазір 5 Cullinan бойынша хабарландыру тұр. Оның төртеуі тапсырыспен десе, еліміздегі ең қымбат көлікті қолма-қол алуға болады.

Rolls-Royce қазіргі кезде ТМД елдері аумағында Ресейде ғана ресми сатылады. Ең қызығы Rolls-Royce Cullinan биыл Ресейде күрт сұранысқа ие болып жатыр. Желтоқсанның есебі әлі жоқ, ал қарашада ресейліктер 10 жаңа Cullinan сатып алған. Жыл басынан бері Ресейде 499 ғана люкс көлік сатылған. Оның ең көбі дәл осы Cullinan болды. Жалпы соңғы жылдары Rolls-Royce-қа сұраныс артқан. Мысалы, 2022 жылы 6 мыңнан астам көлік сатып 118 жылда рекорд орнатса, 2023 жылы әлем бойынша 6032 көлік сатып, рекорд жаңартты.

2-орын: Ferrari Purosangue – 376 000 000 теңге

Итальян тілінен аударғанда «Purosangue» сөзі «таза қанды» дегенді білдіреді және бұл атау Ferrari-дің спорттық автолар желісіне жататынын көрсетеді.

Әйгілі Ferrari компаниясының алғашқы кроссовері Ferrari Purosangue 2024 бренд тарихындағы бірінші төрт есікті, төрт орындықты автокөлік.

Ол 715 ат күшін беретін атмосфералық 6,5 литрлік V12 қозғалтқышымен жабдықталған. Кроссовер сағатына 100 шақырым жылдамдыққа небәрі 3,3 секундта жетеді. Максималды жылдамдығы — сағатына шамамен 310 шақырым.

Кроссовердің Ferrari-ге тән агрессивті сызықтары мен аэродинамикалық элементтері бар. Ерекше дизайндағы көліктің есіктері бір-біріне қарама-қарсы ашылады. Орындықтары спорттық көлікке тән және дисплейі толықтай цифрлы.

2022 жылдың қыркүйегінде көпшілікке ұсынылып, 2023 жылдың 3 тоқсанында сатыла бастаған Purosangue-ге сұраныс жоғары. JATO Dynamics мәліметтері бойынша Ferrari әлемде 1 500 Purosangue сатқан. Бағасы  423 686 доллардан басталатын көлік үшін бұл өте жоғары көрсеткіш. Жақында немістің Novitec ательесі Ferrari Purosangue 2024-ке тюнинг жасап, әлемді тағы бір шулатты. Алайда оның қазақстандық автонарыққа қатысы жоқ. Өйткені Ferrari Қазақстанда ресми сатылмайды. 376 000 000 теңгелік Purosangue-ні жеке компания саудалауда және бұл Қазақстанда сатылымда тұрған осы брендтің жалғыз көлігі. Тапсырыспен алдыруға болатыны туралы хабарландыруларды есепке алмадық.

3-орын. Rolls-Royce Cullinan 2023 – 289 000 000 теңге

Еліміздегі ең қымбат көлікпен айырмашылығы жылында және 2024 жылғы Rolls-Royce Cullinan рестайлинг жасалған.

Алайда екеуінің техникалық мінездемелері бір, тек ішкі сыртқы дизайнында аздаған өзгерістер бар. Сондықтан көлікке көп тоқталмаймыз.

4-орын. Mercedes-Benz S 600 – 222 000 000 теңге

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі делінген бұл көлікке бұған дейінгі материалда толық тоқталғанбыз.

Айта кетейік, Назарбаевтың қызметтік көлігі деген бұл көлік 2022-2023 жылдары да сатылымға шығарылған еді. 29 жылда 37 930 шақырым жүрген көлікке 2022 жылы бар болғаны 25 млн теңге сұраған. Бұл туралы арнайы ақпарат жариялаған Kolesa.kz сайты көлікке қызығушылар көбейіп, құны 260 млн теңгеге дейін жеткенін жазады. Хабарландыру иесі сол кезде де бағасын жоғары қоймақ болғанын екен. Алайда 2022 жылы Kolesa.kz сайты 222 млн теңге дегенді модерациядан өткізбегендіктен, 25 млн теңге деген баға белгіленген.

Ал 2023 жылдың тамыз айында көлік 222 млн теңгеге бағаланып, сатылымға шығарылған. Бұл жолы хабарландыру мәтіні еш өзгеріссіз, қайталанып тұр. Қазіргі кезде Тараз қаласында тұрған көліктің 38 400 шақырым жүргені, нақты сатып алатын адамға саудаласуға болатыны, тіпті айырбасқа да дайын екендігін жазған.

5-орын. Maserati MC20 Cielo – 218 000 000 теңге

Ең қызығы көлікті Maserati -дің Қазақстандағы ресми дилері сатады.

Қате оқыған жоқсыз, елімізде тым қымбат көліктер брендінің ресми дилері бар. 2024 жылдың шілдесінде ашылған дилерлік орталықта бағалы көліктің барлық түрі сатылады. Оның ең арзаны  40 959 435 теңгеден басталса, ең қымбаты дәл осы MC20 Cielo. 3л. 463кВт, 629,5 ат күшін беретін «Формула-1» үлгісіндегі Maserati Nettuno V6 моторымен жабдықталған спорттық үлгідегі көлік тек брендке берілгендерге ғана арналғаны түсінікті. Өйткені ресми сатылымда болса да Алматы көшелерінен кездестірмейсіз.

6-орын. Land Rover Range Rover 2024 – 199 697 000 теңге

Тізімдегі басқа көліктерге қарағанда Land Rover Range Rover қазақстандықтарға жақсы таныс деуге болады.

Мысалы, дәл қазір Kolesa.kz-те 446 дана Land Rover Range Rover сатылып тұр. 2003 жылдан, 1 290 000 теңгеден басталып,  ең қымбат көліктер санатына қосылған 199 697 000 теңгелік көлікке дейін бар. Бұған дейінгі ең қымбат 5 көлік те мұндай көлемде сатылымда жоқ. Бәрі бір-екі даналық тауар. Бұдан бөлек Astana Motors құрамындағы Jaguar Land Rover ресми диллері де жұмыс істейді. Суперкар санатына кірмесе де қымбат көліктер қатарындағы Land Rover Range Rover-ді қазақстандықтардың сүйіктісі дей алмайсыз. Өйткені қызмет көрсетіден бастап, бөлшектерінің қымбаттығы, ағылшындық кірпияздығына бола тек қалталы адамдар ғана мінеді.

Алайда автонарықты білетіндер қазақстандық қалталылардың да сүйікті көлігі ретінде сирек кезедседі деседі. Біздің Forbes-ке кіретін байлар Mercedes Benz G-Class -ты ұнатады. Ол туралы алдағы уақытта тоқталамыз. Ал ең қымбат көлік санатындағы  Land Rover Range Rover  4.4 литрлік, бензинмен жүретін двигательмен жабдықталған. Дизайны ерекше көліктің шынымен де ағылшындың ханзадаларға тән белгісі бар.   

7-орын. Mercedes-Benz G 63 AMG – 188 000 000  теңге

Одан кейін 197 886 000 теңгелік екі Land Rover Range Rover тұр.

Алайда оларды 6-орындағы көліктермен қатар бір компания сатып тұрғандықтан, тізімге қоспадық. 7-орында қазақстандық қалталылар қатты ұнататын Mercedes-Benz G 63 AMG. 4 литрлік бензин мотормен жабдықталған әйгілі G63 AMG қазақстандықтар үшін жақсы таныс. Дәл қазір kolesa.kz-те 9 500 000  теңгелік 1995 жылғы G63-тен бастап, 188 000 000 теңгелік 2024 жылғы біздің «кейіпкерге» дейін 200 көлік сатылымда тұр. Құны түспейтін, сапа мен сенімділіктің, беделдің белгісі саналатын «Гелендваген» Қазақстанда ресми сатылады.

8орын. Mercedes-Maybach S 680  – 185 000 000 теңге

6 литрлік бензин қозғалтқышымен жабдықталған  S 680 бір-ақ данада сатылып тұр. «Night Series» санатында жасалған көліктің ішкі-сыртқы дизайны көздің жауын алады, былғары мен ағаштың таңдаулы сорттарын қоса отырып жабдықталуы, цифрлық мүмкіндіктер, инновациялық технологиялар, жолаушы мен жүргізушіге арналған барлық қажеттіліктердің болуы люкс санаттағы көлікті тартымды ете түседі.

9-орын. Porsche Panamera Turbo S e-hybrid – 181 623 580 теңге

Porsche-нің Алматыдағы ресми дилері ұсынған бұл көлік те ерекше. Биылғы жазда көпшілікке ұсынылған Panamera Turbo S E-Hybrid — 782 ат күшіне ие.  100 сағ/шм жылдамдыққа небәрі 2,9 секундта жетеді. Максималды жылдамдығы — шамамен 325 сағ/шм. Бұл оны Executive Cars санатындағы ең жылдам автокөлік екенін көрсетеді. Ең қызығы бұл көрсеткіштер спорттық үлгідегі Ferrari Purosangue -ден де жылдам екенін көрсетеді. Және бұл мінездемелер бұған дейін шығарылған Panamera-лардың ішіндегі ең жылдам, күшті екенін айғақтайды.  Бұған дейінгілеріндегі ең жоғары жылдамдық 300 сағ/шм, ал «жүздікке» дейін 3,4 секундта жететін еді. Жолаушы мен жүргізушіге барлық қолайлы жағдай жасалған гибрид Panamera сатылымда тұрған жалғыз нұсқа. Басқалардан ерекшеленгіңіз келсе әрі Porsche -құмар болсаңыз алуға асығатын көлік. Айта кетейік, Porsche Қазақстандағы орта санатты байлардың көлігі саналады.

10-орын. Mercedes-Benz G 63 AMG 180 000 000 теңге

Mercedes-Benz G 63 AMG -дің Қазақстандықтарға жақсы таныс, қалталы кәсіпкерлердің сүйікті көлігі екенін жоғарыда атап өттік. Бұған дәлел 100 млн теңгеден жоғары көліктердің басым бөлігі дәл осы G 63. Мінездемесі 7 орындағы «Гелендвагенмен» бірдей болғандықтан тоқталмаймыз. Қалтаңызда 180 млн теңге болса құны түспейтін, сапа мен сенімділіктің, беделдің белгісін қуана алсаңыз болады.

Бұған дейін, 2025 жылы сатып алуға ұсынылатын ең мықты автомобиль брендтерінің тізімі мен Қазақстанда көлік саудасы қыза түскені туралы хабарлаған едік. Алайда онда бүгін біз ұсынған Қазақстандағы ең қымбат 10 көлік жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз