Жол саласындағы құқықбұзушылық бітер емес. Соңғы үш жарым жылдан астам уақытта Антикор жол құрылысы саласында 65 жемқорлық фактілерін анықтады. Соның салдарынан мемлекетке 9 млрд теңге шамасында залал келген. Бұл жайында агенттіктің ресми өкілі Данияр Бигайдаров брифингте мәлімдеді.
Антикор мәліметінше, бүгінде жол саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүріп жатыр.
«Бірінші кезекте құрылыстың жоспарлаудан бастап жұмыстарды қабылдауға дейінгі барлық процесі зерделенеді. Жемқорлық нормалары, мүдделер қайшылығы мен олқылықтар тұрғысынан нормативтік-құқықтық актілер, құрылыс нормалары және ережелері қайта қаралады. Құқық қолдану тәжірибесі көрсеткендей, жобалау-сметалық құжаттама құнын арттыру, сапасыз материалдарды, жабдықтар мен технологияларды пайдалану орын алуда»,– деді Данияр Бигайдаров.