Рухани жұтаңдыққа ұшыраған қоғам тренер- коучтардың ықпалында

Әлеуметтанушы

Қазір қоғамда ақпарат өте көп. Соның ішінде өзін-өзі дамыту бағытындағы ақпараттың көптігі сонша, осы бағыттағы тренингтер әлеуметтік желілерде көптеп сатылады. Ал, мұндай қызмет көрсетіндерді «инфосыған», «коуч» деп атап кетті, қоғамның өзі. мБұған не себеп дегенге келсек, ақпарат көп болғанымен көпшілік арасында оны сүзгіден өткізу мен іріктеу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, адамдар адасып, жалған мамандарға жүгініп жатыр. Тіпті жақында бұрынғы ұлттық экономика министрі Бишімбаевтың үстінен қозғалған сот ісінде оның балгерге хабарласқаны да белгілі болды. Сауатты оқыған, министр болған адамдардың өздері балгерлерге барады. Бұл рухани кемшілік па?

Кеңес заманында, тоталитарлық режим үстемдік құрды. Қазір еркіндік берді, бірақ бағыт жоғалып кетті. Француз философы Эмиль Дюркгейм ғылымға «аномия» яғни қоғамның потологиясы деген ұғымды енгізді. «Аномия- бұрынғы құндылықтар ескіріп, жаңасы әлі қалыптаса қоймаған өтпелі кезеңде қоғамның рухани жұтаңдыққа ұшырауы». Мораль қайда, құндылық қайда деген ізденіс кезінде анықталған құбылыс. Білімді, атақты адамдардың өздері соған келіп тіреледі.

Бұл бір кезеңдік дүние шығар. АҚШ-та кезінде осындай қоғамдық депрессия болды. Адамдар психолог, коучтармен жұмыс істеді. Оның да кезеңі өтті. Тәжірибесіз коучтардың ешқандай нәтиже бермейтінін түсінді. Қазір оларда коучтар мен психологтарға деген ондай сұраныс жоқ. Қазақстан да дәл сол кезеңнен өтіп жатқан сияқты.

Алайда, ол өтпелі кезең 90 жылдары басталған еді. Әлі жалғасып келе жатыр. Бұл біздің мына білім беру жүйеміздің кемшілігі бар сияқты. Өтпелі кезең болса, бұл жойылар еді. Білім беру жүйесі мықты болса, бір трансформация болуы керек еді.

Қазақстанда халықты біріктіріп, мықтыларды дәріптейтін жоспар жоқ

Қытайда бес жылдық жоспар деген бар. Өздері стратегия дейді. Мысалы осыдан бес жыл бұрын оларда машина өндірісі қатты дамымаған. Олар аяқ-киім шығарумен дараланды. Бір күні көп табыс таппайтынын түсінді. Электромобильдер әлем елдерінде енді қолға алына бастаған, бар болған күннің өзінде қымбат еді. Сол кезде Қытайда арзан электромобильдер шығарып, нарықты жаулау қажет деген деген стратегия жасалды. Зауыт фабрикаларға жеңілдік берді, қаржыландырды , экспортқа зат шығарса салықты алып тастады дегендей. Бізге де сондай стратегия керек шығар.

Әрине, жоспарлау бұрында да болды, қазір де бар. Оның барлығы бірдей жүзеге аса бермейді. Өйткені елімізде зерттеулер жетіспейді. Педагогтар, саясаттанушылар тағы басқа сала мамандары бірігіп бір концепция шығарса. Схолостикалық зерттеулер жүргізілсе. Мысалы Марксизм идеясы қалай пайда болды? Осы идеяны алға тартушылар кезінде жұмысшылардың жатақханасына барып сөйлескен, Лондондағы, Париждегі халықтың өмірін көрген, олармен сөйлескен. Содан кейін ғана өз заманы үшін өзекті марксизм идеясы пай да болды. Қазіргі кезде  сондай бір идея керек. Қазақстан қоғамын ұйыстыратын идея қажет.

Біз тек «жымқыра берсек, ала берсек» дейміз

Біздің қоғамда еңбек етіп, өз қолымен өнім жасайтындар азайып барады. Сырттан келіп жатқан гастербайтерлер, нан пісіретін, сваркімен айналысатын  қара жұмысшылардың бәрі сырттан келіп жатыр.  Біз тек тұтынушы қоғам болып бара жатырмыз. Дайын ақша. Тек қана беріңдер, мұнайдың ақшасын бөлісіңдер, соны алып жеп жатуымыз керек.

Тұтынушылық қоғамға айналып бара жатырмыз дегеннен шығады ғой. Кезінде бізде «Қарапайым еңбек адамы» деген бағдарлама болды, ескі Қазақстанның кезінде. Біз кезінде  ауылдағы шаруаларды, өнеркәсіп саласындағы адамдарды, аграрлар мен  бизнес ашқан адамдарды насихаттадық. Алайда олардан еш нәтиже болмады. Мына адамды білеміз деген танымалдылық деңгейіне жеткен жоқ. Бағдарлама өз діттеген межесіне жете алмады. Қазір ол бағдарламаны қайта жалғастырсақ тағы да мықты нәтиже береді деп ойламаймын.

Себебі бізде насихат жетіспейді. Қарапайым еңбек адамдарының көшедегі бильбордттарда суреті жоқ.  Мәселен Қытай ұлттық баскетбол құрама командасының барлық мүшелерінің суреттерін бильбордттарға іліп жарнамалады.  Спортшыларына шетелдік адидас пен Nike –ті емес, өздерінің Лининг сияқты мықты –мықты бренд киімдерін кигізіп  жарыққа шығарды.  Олар жайлы ақпараттар әлеуметтік желілерге тарап, халық көріп көп қаралым жиды.

Ғылыми қызметкерлерін, мамандарын жинап, қайтадан елдеріне тартып оларға лаборотория ашып, жақсы жағдай жасап, телеарналардан бағдарламаға дейін ашып қойды. Ұлт тұлғасы деңгейіне дейін көтерді. Содан кейін, халық оларды таниды, біледі. Ал бізде мықты ғалымдар да бар, бірақ олар жайлы көшеден сұрасаңыз ешкім біле бермейді. Ал блогерлерді сұрасаң, олар туралы бәрін біледі.

Содан кейін халыққа жәрдемақы бере берген дұрыс емес сияқты. Бұл біздің экономикалық өндірісімізге байланысты болуы керек. Біз масылдықты дамытып жатқан сияқтымыз. Екіншіден микрокредиттерді беріп, өнім шығаратын жерлерге бұру керек. Бізде кредиттерді алып-сатарлыққа береді. Өнім шығаруға бермейді. Тіпті мал шаруашылығын алайық.  Мемлекет тарапынан тиынды есептеп, болашаққа беру керек. Халық қиналуы мүмкін. Бірақ соңы жақсы нәтиже береді. Халыққа бере бермей, инвестициялаудың жолдарын көрсету керек. Мыңдаған микрокредиттердің арасынан жақсы бір жобалар шығуы мүмкін.

Ал осындайда элита болса, сол халыққа үлгі болуы керек еді.   Халыққа ақыл айтып, дұрыс бағытқа бағыттайтын жетістікке өз еркімен жеткен элита болуы керек болатын. Олар білім беру саласымен ұштастыруы тиіс еді. Ал біздің бүгінгі элита квартиранттар сияқты. Ертең кететін сияқты. Біз бір жағынан жоспардағы Қазақстанды көреміз, екінші жағынан халықтың арасына барсаң, мүлде басқа оймен қайтасың.