Девальвация экспорт үшін тиімді
Экспорт – Қазақстанда өндірілген өнімді сыртқа, басқа елге шығару, сату. Заңда з ол тауарды теңгеде емес, шетел валютасында сатуымыз қажет екені көрсетілгендіктен, теңгенің құнсыздануы, яғни девальвация экспорттаушылар үшін тиімді. Экспортпен айналысатындар девальвация кезінде қуанады, себебі Қазақстанда тауарды теңгеге сатып алып, шетел валютасында сауда жасайды. Қазақстан экспорты үшін тиімді болғанымен, импорт шығынға ұшырайды. Себебі тауарды сатып алу құны қымбаттайды.
Экспорттың тағы бір тиімді жағы – мұнда Қазақстанның бюджетіне қаржы құйылады. Экспорт ел экономикасына тікелей әсер етеді, импортқа қарағанда ел экономикасын көтереді.
Азық-түлікке сұраныс жоғары
Пандемия және қазір көрші елдерде болып жатқан жағдайларға байланысты азық-түлік тауарларына деген сұраныс жоғары. Қазақстанда да дағдарыс, пандемия немесе адамдар арасында бір толқыныс байқалса, бірден азық-түлік сатып алады. Сондай сәтте дүкен сөрелері босап қалады. Бұл тек біздің елдегі жағдай емес, әлем бойынша солай.
Ал шетелде ет өнімдеріне, консервілерге, жартылай фабрикаттар, сусындарға, күріш, қарақұмық, нұт (нут), үрмебұршақ, жасымық, макарон өнімдеріне де деген сұраныс өте жоғары. Қазақстандық кәмпит пен тәттілерге де сұраныс бар. Жеуге болатын өнімнің барлығына сұраныс болған және бола береді. Дағдарыс кезінде ол дами түседі.
Мәселен қазір Ресей мен Украина арасындағы жағдайға байланысты Ресейге көптеген санкция салынды, соған байланысты Қазақстанға, жалпы Орта Азияға деген сұраныс өседі. Мұндай жағдайда Қазақстан транзит ел бола алады. Осындай сәтте импорттан кетіп, экспортқа келу керек. Қазақстанға көп тауар сырттан келеді, ел экономикасы жақсаруы үшін реэкспорт және экспортпен айналысқан жөн.
Мысалы, біздің өнім экологиялық жағынан таза болғандықтан БАЭ қызығады, олар елден ет өнімдерін алады. Араб әмірліктеріне тауар шығару енді жолға қойылып жатыр.
Қытай шикізат күйінде алғысы келеді, алайда біздің мақсат – дайын өнімді шетелге шығару.
Пандемия кезіндегі қателіктер
Пандемия кезінде Қазақстан ішкі сұранысты қанағаттандыра алмаудан қорқып, кей тауарды экспортқа шығаруға шектеу қойды. Ал шын мәнінде керісінше болды: көптеген тауар шіріп кетті, ауыл шаруашылығымен айналысатындар өнімді тегін таратуға мәжбүр болды. Бұл – үлкен қателік. Тауарын шетелге шығаруға тыйым салынған қаншама шаруа шығынға ұшырады. Керісінше пандемия кезінде табыс табу керек, себебі біздің жеріміз әлем бойынша тоғызыншы орында тұр, халық саны шамамен 19-20 миллион адам. Кең жерге егілген өнімнің барлығын өзіміз жеп тауыса алмаймыз.
Экспортпен айналысудағы үш қадам
Экспортпен айналысқысы келетіндер үшін үш қадам жасауы керек. Алдымен – маркетинг зерттеуін жүргізу. Өндіруші өз өнімін шығарады, бірақ оны БАӘ ме, әлде Қытайға жіберу қажет екенін білмейді. Тіпті ол өнімнің шетелде сұранысқа ие болу-болмауынан хабары жоқ. Бұл кезеңде өнімнен қанша табыс табуға болатынын, бәсекелестерді, сұранысты зерттейміз. Бұл зерттеуге көп уақыт кетпейді, шамамен 2-3 апта ішінде белгілі бір елде сол тауарға деген сұраныс есептеледі.
Екінші кезең – зертханалық сынақ. Өндірушіден тауарды алып, сол елге жібереміз. Ол жақта зертханалық сынақтан өткен соң, сертификат беріледі. Ол өз өнімімізді сол елде сатуға жарайтынын растайтын құжат. Сертификаттың жарамдылық мерзімі – бір жыл.
Үшінші кезең – өнімді ұсыну. Бұл кезеңде өндірушіге халықаралық келісімшарт ұсынылады.
Қазақстандық өндірушілердің үлкен қателігі – тауарын экспортқа шығарудың жолын білмеу.