Елдегі инфляция өсімін тоқтатудың жолы – өнеркәсіп саясатына көңіл бөлу
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев қазірге кезде елде инфляцияның өсуі тоқтап, ал 2022 жылы төмендейтінін мәлімдеді. Ендігі мақсат – инфляцияны жыл соңына дейін 8,5% деңгейінде ұстап тұру және келер жылы 4-6%-ға дейін төмендету. Қазір елде азық-түлік бағасының қымбаттауы, теңгенің құнсыздануы барысында бұл жоспар қалай іске асады, экономикалық болжам қандай екенін экономист, сарапшы Мақсат Халықтан сұрадық.
– Мақсат мырза, теңгенің құнсыздануына не әсер етіп жатыр? Ұлттық банк бұған дейін бұл үдеріс АҚШ инфляциясына да байланысты екенін айтты. Бұл қашан бір қалыпқа келуі мүмкін?
– Теңгенің құлдырап жатқанына АҚШ инфляциясы себеп болды дегенге келіспеймін. АҚШ-та және өзге де елдерде болып жатқан инфляция бізде импорттық инфляцияны тудырып отыр. Біз қымбат ресурсты, тауарды шетелден алып келеміз. Белгілі дәрежеде шеттен келетін тауар бағасының өсімі байқалады. Бұл инфляцияға әсері бар.
Ал теңгенің құнсыздануына біраз уақыт бұрын мұнай бағасының қалыпқа келіп, артынша бағаның бірден төмендеуі әсер етті. Одан бөлек АҚШ-тың федералды резервтер жүйесі бұған дейін өз ішінде жеңілдетілген сандық ақша несие саясатын жүргізген. Енді сол саясатты тоқтатамыз деген шешім қабылдап отырған жайы бар. Қазірдің өзінде айналымдағы біраз артық қаражат – жылына 120 миллиард долларды қайтарамыз деген шешім шығарған. Келер жылдан бастап доллардың кілттік пайыз мөлшерлемесін өсіреміз деп мәлімдеді. Әрине, бұл тек Америкаға қатысты емес. Америка кілттік пайыз мөлшерлемесін көтерсе, өзге елдің валютасы құнсызданады.
Одан бөлек өзге де мемлекеттер, Еуропа орталық банкі, Жапония жеңілдетілген сандық ақша несие саясатын доғаруы мүмкін. Демек, бұл дамушы елдердің экономикасына кері әсер етеді. Әсіресе дамушы елдердің валютасының құнсыздануына әкеледі. Өйткені инвесторлар үшін дамушы елдерге инвестиция салу тиімділігі төмендейді, Американың құнды қағаздарының пайызы өседі. Нәтижесінде дамушы елдерде сол валютаға тапшылық болып, құнсыздануға алып келеді. Келесі жылы осы мәселе болуы мүмкін. Қазір осы ақпарат жарияланған-ақ, теңге құнсызданып жатыр.
– Ұлттық банк төрағасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескенде Ұлттық төлем жүйесі айналымға енгізуге дайын екенін мәлімдеді. Ұлттық төлем жүйесі теңгеге қалай әсер етеді?
– Ұлттық төлем жүйесінің жалпы қаржы жүйесіне оңтайлы әсері бар. Банк арасындағы ақша айналымында, сатып алушы мен сатушы арасындағы уақытылы есеп айырысуда пайдасы көп. Сондықтан Ұлттық төлем жүйесіне сенімді болған сайын ол белгілі бір дәрежеде қаржылық жүйенің тұрақтылығына сөз септігін тигізеді.
– Инфляцияға қайта оралсақ, оның өсуіне қандай факторлар әсер етеді?
– Инфляция – ақшаның, теңгенің құнсыздануы. Оны біз тауар бағасы өскен кезде байқаймыз. Тауар қымбаттаса, азық-түлік бағасы өссе, елде ақша құнсызданып жатыр деген ұйғарым шығаруға болады. Бұған әсер ететін негізгі факторлар – ақша массасының көбеюі. Ұлттық банктің статистика бөлімінің мәліметінше, былтыр қазанда ақша массасы 24 триллион 180 миллиард теңге болған. Ал қазір бұл 29 триллион 24 миллиард теңгені көрсетіп тұр. Мұның өзі айналымда ақша массасының артып жатқанын көрсетеді. Бір жыл ішінде ақша массасы 5 триллион теңгеге ұлғайды.
Экономикада айналымдағы ақша массасы мен мемлекетте өндірілетін тауарлар мен қызметтердің көлемі шамалас болуы керек деген заңдылық бар. Егер тауар көлемі сол күйі қалып, айналымдағы ақша массасының көлемі артып кететін болса, онда арадағы теңгерімдік тауар бағасының өсімі арқылы көрінеді. Қазіргі кезде біздегі инфляцияның себебі – осы.
Одан кейінгі себеп – импорттық инфляция, шетелден келіп отырған тауарлардың қымбат болып келуіне байланысты іштегі тауардың қымбаттауы. Мысалы, құрылыс саласында тұрғын үйдің шаршы метрі қымбаттап жатыр. Өйткені Ресейден әкелетін құрылыс материалдарының бағасы екі есе өсті. Қандай да бір сырттан келетін тауар бағасының өсімі іштегі инфляцияға әсер етіп отыр.
Пандемия кезінде азаматтар көп ақша жұмсаған жоқ, карантинде үйде отырған кезде ертеңгі күннің қандай болатынын білмеді. Тиісінше кейінірек қайтадан экономикалық қатынас жанданып, азаматтар көбірек зат сатып ала бастады. Соның ішінде шетелден келетін тауарға сұраныс артқан. Бұл да белгілі бір дәрежеде тауар бағасының қымбаттауына әкелді. Бірақ бұл жерде теңгеге де кері әсер етті – төлем балансы. Кейінгі екі жылда төлем балансы минусқа кетті, яғни импорт пен экспорт айырмасы. Қазір сыртқа сатып жатқанымыздан сатып алып жатқанымыз өте көп. Соған байланыста елде капитал ағымы байқалады. Бұл теңгеге ұзақ мерзімді қысым жасап отыр.
– Ұлттық банк төрағасы Үкімет пен ұлттық банктің үйлескен іс-қимылы нәтижесінде қазанда алты ай бойы көтерілген жылдық инфляция өсімі тоқтады деп мәлімдеді. Инфлицияға қарсы шараларды одан әрі іске асыру 2021 жылы инфляцияны 8,5 пайызға дейін тұрақтандыруға мүмкіндік беретініне сенімді. Бұл қаншалықты іске асады?
– Келесі жылы Ұлттық банк өз күшімен инфляцияны бір қалыпта ұстап қалады дегенге сенбеймін. Ұлттық банктің 2026 жылға дейінгі инфляциялық таргеттеу бойынша болжамы бар, сол жерде инфляцияны 3-4%-ке жеткіземіз деген мәлімдеме бар. Ұлттық банк ол мақсатқа жете алмайды. Инфляциялық таргеттеу – арнайы дәліз ішінде бағаны төмендету. Ұлттық банк оны жасай алатын болса, 2020 жылы жүзеге асырар еді. Бірақ былтыр пандемия болып, жоспардың бәрі жойылды. 2020 жылдан бастап елімізде 4% инфляция болуы керек еді. Алайда қазір жалпы инфляция 8,9%, азық-түлік инфляциясы 11% болып отыр.
– Ал оның шешімі қандай?
– Теңге құнды болуы үшін, инфляция жоғары болмауы үшін еліміздегі өнеркәсіп саясаты дұрыс жолға қойылуы керек. Ақша массасы ұлғайса, елдегі тауар өндірісі де ұлғаюы қажет. Импорттың орнын алмастыратын заттар сөрелерге қойылып, «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы» секілді бағдарламалар жемісін бермейінше, дұрыс іске аспайынша теңгенің құнды болуы екіталай.