Фермерлер ғалымдардың жұмысын қолдауға әрқашан дайын
Аграрлар, магистр дәрежесі бар мамандар, PhD докторлары еңбек биржасында жұмыссыздар қатарында тұр. Аграрлық бағыттағы ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары еңбек биржасында жұмыссыз ретінде тіркеліп тұрған кезде бұл саладағы ғылымнан не күтуге болады? Біздің қазақстандық ғалымдарды сыйлаймын. Олар бөлінген аз қаражатты пайдаланып, жоқтан бар жасауға тырысып жүр. Осыған байланысты Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының жұмысына көңіл толмайды. Мен мұны сырттан қарап айтып отырған жоқпын. Аграрлық саланың арқасында адам ретінде қалыптастым, қаншама жылдан бері осы салада еңбек етіп жүрмін. Гэмпшир қойының тұқымы негізінде қойдың сирек кездесетін тұқымын көбейттік. Бұл әлемдік деңгейдегі бренд. Оған да қаншама жыл кетті.
Ғалымдармен бірге жұмыс істейтін мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер оларды моральдық және қаржылық жағынан қолдауға тырысады. Маған осы салада ғылыми зерттеуді жаңадан бастап жатқан жас мамандар келеді. Шаруа қожалығы аумағында өз еңбегін сынақтан өткізуге рұқсат сұрайды. Олар жыл сайын грант бөлінетін конкурсқа қатысады екен. Алайда жыл сайын осы салада орныққан адамдарға беріледі. Жас ғалымдарға орын бермейді. Ал бұл жастар шетелде оқып келген. Соның салдарынан бұл салада жас мамандар жоқтың қасы.
Осындай жобаларға қаржы бөлетін ұлттық ғылыми кеңестің мүшесі болдым. Ол жерде 12-15 адам гранттарды институттарға бөледі. Кеңес мүшелері кімде қандай жоба бар екенін қарайды. Сол кеңесте бір жарым ай бойы құрамында болдым. Қарап тұрсам, бес адам кеңес құрамынан мүлде шығарылмайды. Олар лоббизммен айналысып, ғылыми кеңестің атына кір келтіріп отыр. Кеңес құрамында болған кезде жақсы жобаларға дауыс бердім. Себебі арасында шетелдік сарапшылар қолдаған, жақсы баға берген жобалар болды.
Фермерлер ғалымдардың жұмысын қолдауға әрқашан дайын. Мысалы, қазір көктем кезінде топырақтың құнары бойынша жұмыс істейтін мамандар қажет. Жерімізде тұзды топырақ бар, оны не істеуге болады деген секілді сұрақтар бар. Ғылым қазір бұл жағынан әлсіз болып отыр. Сондықтан қазір бізге тек сапалы дән керек. Ғылымды қаржыландыру біржақты болмауға тиіс. Жобаларды бірлесіп қаржыландыруды енгізу қажет және бизнес қандай жобаларға қаражат бөлуді шешуге тиіс. Фермерлер өзіне қажетті ғылыми өнімді қаржыландыруға дайын. Бизнес қайда инвестиция салуды біледі.