Германияға мұнай жөнелту Қазақстан үшін жаңа нарыққа жол ашу
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі бекіткен мұнай жеткізу кестесіне сәйкес «ҚазТрансОйл» АҚ ақпан айында 20 мың тонна қазақстандық мұнайды «Дружба» мұнай құбыры арқылы Германияға жеткізді.
Былтыр желтоқсан айында «ҚазТрансОйл» АҚ 2023 жылы 1,2 млн тонна қазақстандық мұнайды Германияға жеткізу үшін «Транснефть» ЖАҚ магистральдық мұнай құбырлары жүйесі арқылы Адамова Застава мұнай жеткізу пункті бағытында тасымалдауға тінім жіберген болатын.
Қазақстанның мұнайын Германияға экспорттау деген мәселеге қатысты айтарым, бірінішіден бұл бағыттың болашағы зор деп санаймын. Себебі біз қазір Еуроодаққа мүше елдердің шеңберінде мұнайға деген сұраныс өте жоғары екенін көріп отырмыз. Оның бірінші себебі қазіргі таңда көрші Ресейге салынған түрлі санкциялар. Кәрі құрлықтағы елдер соңғы уақытта біздің солтүстік көршімізден мұнай алуды тоқтатты. Сәйкесінше, ол елдерде мұнай өнімдеріне тапшылық та туындай бастады. Осы ұрымтал сәт біз үшін өте тиімді болғалы тұр.
Сонымен қатар Германия неге тек Қазақстан мұнайын таңдап отыр дегенге келер болсақ; оның бірінші себебі, бізде Еуропа елдеріне мұнай шығару жөнінен бұрыннан ол Ресей арқылы болсын, басқаша болсын қалыптасқан логистикалық мүмкіндіктер бар. Немістердің біздің мұнайға қызығушылқ танытуының негізгі бір себебі осы деп айтуға болады.
Тағы бір қуантарлығы осы алғашқы 20 мың тонна мұнаймен шектеліп қалмаймыз. Осы жылдың өзінде 1,2 млн. тонна қара алтынды сол елге жөнелтеміз деп отырмыз. Ол үшін қажетті барлық құжаттар толтырылып, келісім-шарттарға қол қойылған. Экспорттан түсетін табысының қомақты бөлігі мұнайға тікелей тәуелді біздің ел экономикасына бұл келісімдер белгілі бір дәрежеде оң әсер ететіні анық.
Бұған дейін отандық қара алтынның бір қиындығы біздің өнімдер сапасы жағынан төмендеу болғандықтан, амалсыз бағаны да төмен ұсынатынбыз. Сонымен қатар көп елдерден сұраныс та түсе бермейтін. Бүгінгі қадам бұл қазақ қара алтынының ЕуроОдақ елдерінің нарығына бағыт алған нақты әрекеті деп санауға болады. Бұл қуанышты жағдай. Нақтырақ айтсам, нарықтағы сату алаңдарымызды ұлғайтамыз деген сөз. Бұрын көбіне екі жақтағы көршіміз Ресей мен Қытайдың ғана нарығына шығарумен шектелетінбіз.
Иә, біздің мұнай Ресей арқылы өтіп жатқан соң олардағы Urals мұнайының сапасы біздің KEBKO мен өте ұқсас болғандықтан «өз өнімдерін араластырып жіберіп, сол арқылы олар да мұнайларын сатып отыра ма?»,-деген қауіп тууы заңды. Бірақ, мен олай жасай алмайды деп ойлаймын. Себебі, бізден шыққан әр баррель мұнайдың алушыға жеткенге дейінгі аралықтағы құбыр жолдары екі жақтың, одан қала берді ЕуроОдақтың қатаң қадағалуында болары сөзсіз. Қазіргідей Ресейді санкция астына алып отырған уақытта бұл қадағалау бұрынғыдан да күшейеді деп санймын.
Қорыта келгенде айтарым, біздің мұнайымызға жаңа нарықтың мүмкіндік есігі ашылып тұр. Ендігі жерде жоғарыда айтқанымдай осы мүмкіндікті жіберіп алмай, тиімді пайдалануымыз керек.