Букмекерлік компаниялар адамның әлсіз тұстарын пайдалануды біледі
Лудоман-ойынқұмар. Лудомания – құмар ойынға беріліп, қалауыңа жету үшін барлық нәрсені құрбан ету. Біз мәселен футбол, карта ойнаймыз. Сіз ойын біткеннен кейін орныңыздан тұрып кетіп қала аласыз. Сосын оны іздемейсіз, қаламайсыз. Ал лудомания уақытылы тастап кете алмау, ақша тігіп азартына кіру. Және оны қайта-қайта ойнау.
Статистика бойынша Қазақстанда 350 мың адам құмар ойын ойнайды деген дерекке келсек, олардың барлығы белгілі бір есеппен тізімге алынған болар. Дегенмен, бәс тігіп көріп, кейін оған қайта жоламаған адамды лудоман деп айта алмаймыз. Анда санда бәс тігіп қоя салатындар бар. Лудоман – бойында психологиялық ақауы бар жан. Сондықтан, бәс тігіп, казиноларға барып, артынан қоя салатындар мен нағыз ойынға беріліп, онсыз өмір сүре алмай қалған адамдарды яғни нағыз лудомандарды шатастырмау керек.
Дегенмен, лудоманияға тек ауқатты жандар ғана шалдығады дей алмаймыз. Өйткені онымен кез-келген адам ауырады. Ауқатты адамдардың масштабтары басқа болады. Олар миллиондар, мысалы, 200 млн аса сомаға ұтылып қалдым деп байбалам салып отырады. Әке-шешесінен алған ақшасын, аннан-мыннан алған кредитін ойынға салып жіберу олар үшін трагедия болмауы мүмкін. Олар үшін 10 млн ұтылу бір кеште ойналатын ақша.
Лудоманиямен ауырған адам әйел бала-шағасына көңіл бөлмейді. Балалардың оқуы, тәрбиесімен айналыспайды. Ата-анасымен араласпайды, туыстармен қарым-қатынасты үзеді. Олармен жұмысың қалай деп сөйлесе алмайсың. Үнемі мазасызданып тұрады. Үнемі ақша табу, ақша тігу деген процеспен ғана миы ауырады. Кейде тіпті әке-шешесінің де зейнетақыларын, әйелінің алтындарын ломбардқа салдырып, оның бәрін ақшаға айналдырады. Ал материалдық тұрғыдан ештеңе бермеген жағдайда өзгелерге психикалық, физикалық тұрғыдан да зорлық-зомбылық көрсетіп жатады.
Бәс тігуге заң бойынша 21 жастан емес, 25 жаста ғана рұхсат беріледі деген шектеулер лудомандардың азаюына ықпал етпейді. Мәселен қазір жеке куәлік пен жалақы карталары онлайн болып кетті ғой. Ата-аналар балаларының сол құжаттары арқылы бәс тігіп жатқанын білмейтін жағдайлар кездеседі. Немесе ересек адамға «мәліметтеріңді бере тұр , мен саған ақша немесе процентін беріп отырамын» деп сендіреді.
Бізде бәс тігу кезінде түрлі тәуекелдер болатыны туралы ақпарат берілмейді. Қанша жылдан бері белсенділер күресіп, ең ақыры темекінің сыртына өкпенің быт-шыты шыққан суретін салып, темекіден кейін ауру боласың деген ақпаратты берсе де бәрібір темекі тартатындар азайған жоқ. Ал бәс тігуге қатысты ондай ақпараттар жоқ. Ақпараттарды букмекерлік компаниялар беруі керек. «Бізге келіп, бірден байлыққа кенелем деп ойлама, бізде мынандай тәуекелдер бар, отбасынан айырылып, сотталғандар да бар, тіпті соңында қаңғыбас болып кетуің де мүмкін» деген мәлімет таратуы тиіс. Темекі шығару компаниялары солай жасап жатса, бәс тігу компаниялары да солай жасауы керек.
Бәс тігу компаниялары тіркелген әр адамды белгілі бір курстан өткізуі керек. Ставка қойғызып, қай жерінде қауіп бар, қай жерінде кедергілер кездеседі, ақыр соңы не болады соның бәрін көрсетулері қажет. Мәселен сіз банктен кредит алсаңыз төлем қабілетіңізге, зейнетақы жинағыңызға қарайды ғой. Мынаның ақшасы жетеді , мынаның тәуекел деңгейі анандай деп тексереді. Яғни бәс тігуге келіп жатқан адамға қайда келгенін айтып түсіндіріп, психологиялық тестермен оны тексеру арқылы сіз депрессияға түсіп кетуіңіз мүмкін деген сияқты ескертулер жасалынып отырса сауатты қадам болар еді. Кейбірі одан бас тартар еді, ал бас тартпағандары өзіне және өзгеге зиян келмейтіндей, үлкен тәуекелдерге бармай ойнай алатын еді.
Ал, лудоманияға шалдыққан адамды емдеуге бола ма деген сауалға келер болсақ, одан айығатындардың саны 3 пайызды құрайды. Демек лудомандардың 97 пайызы емделмейді деген сөз. Лудомания 21 ғасырда ғана пайда болған ауру. Әрбір аурудың емін табу белгілі бір уақыт алады. Ал емі табылғанша қаншама адам құрбан болып кетеді…
Сондықтан оны түбегейлі емдеу өте қиын. Біріншіден нақты методика жоқ. Екіншіден осы аурумен айналысып жатқан сапалы психологтар жоқ. Сондықтан мемлекет 50 адамды бюджет қаражатынан емдемеуі керек. Қайта бәс тіккізетін компаниялардың есебінен емделуі тиіс. Миллардттаған ақша айналып делдалдық жасап отырған сол компанияларды табысының бір пайызын әлеуметтік-қоғамдық жауапкершілік ретінде адамдардың емделуіне жұмсайсың немесе психологиялық орталық ашасың, әлде шетелден психологтарды оқытып әкеліп сол адамдарға көмектесесіңдер деп жауапкершілік артып қою керек. Ал былай 350 мыңнан 50 адамды емдету деген ол өл өте қымбат ем. Соңында 1-2 ақ адам ғана емделіп шығуы мүмкін.
Біз белгілі бір терапия курсын өткіземіз. 8-10 сеанс немесе бір ай , екі ай . Бірақ біздің методикамыз отбасылық қарым-қатынасты жақсарту арқылы лудоманиядан бетін бері қарату. Мен Америкада оқыдым. Отбасылық қарым-қатынасты жақсарту арқылы тәуелділіктен арылту деген әдістер бар. Лудоманияда бәс тігуді өте қатты жақсы көру мен қалау бар. Сол жақсы көру мен қалауды отбасына бұрамыз. Баласын, әйелін қатты жақсы көрген кезде бәс тігуден бас тарта алады деген теория бар. Біздің орталықтан ем алған соң, жұмысқа барып жүрмін, өмірдің мәнін түсіндім, ерік-жігерім күшейді деген жақсы жағдаймен бізден кетеді. Сосын үш айдан немесе бір жылдан кейін «сіз қайтадан бәс тігіп қойған жоқсыз ба» деп қадағаламаймыз.
Бізден шыққанда кез-келген адам миындағы соққыларын, ішкі-жан дүниесін ақтарып, соның бәрін емдеп, кедергілерін ысырып, ерік- жігерін қайрап аттанады. Ары қарай не болатынына мен ештеңе айта алмаймын. Біздің әріптестер арасында, жалпы осы саламен айналысатындар ішінде бір-біріміздің клиенттеріміз ауысып келіп жататын жағдайлар бар. Сол кезде көптеген лудомандардың қайта ойынның қармағына түсіп қалғандар кездесіп жатады. Емделетіндердің саны бар-жоғы 3 пайыз дедік қой, сол үш пайыз бізден емделгендер болуы мүмкін. Ал көпшілігі бір айдан, бір жылдан кейін ойнап кетеді.
Менің есімде бір клиентіміз клиникада емделді, сосын оны психологқа байлап қойды. Біз апта сайын барып психологиялық көмек көрсетіп тұрдық, үш айдай талмай онымен курс жүргіздік. Сосын ол жоғалып кетті. Психологқа елдің бәрі өз еркімен келетіндіктен, біз оны күштеп әкеле алмадық. Кейін хабарлассақ, ставка қойған, кредит алған, қарызға батқан. Әйел бала-шағасы оны іздеп жатты. Ол болса, телефонын өшіріп жоғалып кеткен.
Адам лудоман болса, букмекерлік мекемелерді кінәлайды. Адамды ешкім қинап ойынға кіргізбейді ғой. АлайдаАдамдардың қоғамда көптеп ойнауына ондай мекемелер жауапты. Жарнамалаған сайын, лудомандардың саны көбейіп барады. Кейде 20 пайыз әрекет 80 пайыз нәтиже береді. Букмекерлік компания жарнамалады, көрсетті. Ал 80 пайызы ойнаған ұтылған адамның өз жауапкершілігінде.
Егер бүкіл компанияны жауып тастаса, адамдар бұл дерттен арыла ма? Әрине жоқ. Өйткені іштей азартқа бейім адам болады. Егер сіз оларға заңды түрде өз аймағыңызда бақылап қызмет ұсынбасаңыз, олар заңсыз казиноларға барып ойнай береді. Олар тіпті шетелдік компанияларға кете бастайды. Ақшаның бәрі шетке кетеді. Нағыз ойыншылар міндетті түрде ондай жерді тауып барып, қажеттіліктерін қанағаттандырып келеді. Ал оны жалпылама жарнамаласаңыз ол сіздің миыңызға «әй бір барып көрейінші» деген ой саласыз.
Біле білсеңіз, отбасындағы бір адамның лудоманияға түскенін алдын ала білуге болмайды. Өйткені ауру шарықтау шегіне жеткен кезде мазалайды. Ал ойнауды бастаған кезде ол отбасылық бюджетке де әсер ете қоймайды. Мән бермейсің. Уақытша әуес деп ойлайсыз. Ал көптеген адамға қарыз болып, кредит қысып, қорқыту үркіту іс-әрекеттері, ұтылыс көбейген кезде бәрі кеш болады.
Мұның алдын алу үшін адамдардың сауатын ашу керек. Клиникалар, блогерлер бұл ойынның зияны туралы айтып отыруы керек. Балалардың картасындағы қаржыларын, ақша жіберген көздерін тексеру қажет. Баланың жиі-жиі ақшасы таусылып қалып жатса, мән беру керек. Егер ақшаларының қайда кеткенін айта алмай жатса, ондай балалардан ақырындап күмәндана бастау керек. Күйеуіңіз де ай сайын айлық әкелген кезде жетіп тұрған ақша соңғы айлықтарда жетпей қалса, түсініксіз ақша шығындары болған кезде дабыл қаға бастау керек.
Мемлекет лудомандарды емдеумен айналыспау керек. Мемлекет әсерлі күш болғандықтан, ол дер кезінде жағдайды уысынан шығарып алғаны үшін қоғамда үлкен проблема туып жатыр. Мемлекет шектеу қадамдарын жасаған күнде тоқтайтын еді. Бір жағынан бизнестің де өз қызығушылығы бар. Жоғарыдағы лоббилардың да әсері бар. Бір жағынан адамдар, қоғам зардап шегіп жатыр. Салдарынан екі жаққа тиімді баланс табылмай жағдай ушығып тұр.
Кез-келген адам ойын бизнесін аша алмауы керек. Лицензия беру тәртібін қиындату қажет. Бәс тігетін компанияларға, казиноларды жарнамалауға шектеу қою керек. Онлайн, офлайн түрде де жарнамалауға жол бермеуі тиіс. Бәс тігуші компаниялар мерекелерде, қоғамдық шараларда демеуші болмауы қажет. Ондай жерге жолатпау абзал. Қоғамды дертке ұшыратып жатқандардың демеуші болуға моральдық құқы жоқ. Қазір футболдың өзінде ресми демеушілері букмекерлік компаниялар. Мен мысалы футболға қызығамын. Балаларыммен футболға барамын. 20-30 мың адам жиналатын 2 сағаттық шарада минут, секунд сайын бәс тігетін компаниялардың жарнамасы көрсетіліп жатады. Ол жерде құр отырғызбайды. Футбол көріп отырсаң, жап-жас қыздар келіп «аға бәс тігіңіз, сыйлық ұтып алыңыз » деп жарнамасын қатырып кетеді. Азартта отырған кезде адам бәс тігіп жіберуі ықтимал. Серуендеп бара жатқан адамға «бәс тік десең, кетәрі» дейді ғой.
Букмекерлік компаниялар адамның әлсіз тұстарын пайдалануды біледі. Яғни коғамдық мерекелерге, іс-шараларға мүлдем жолатпау қажет. Олар қайта лудоманиядан адамдарды емдейтін қорлар болады. Бәс тігуші компаниялар соларға демеушілік жасауы қажет.