Көлеңкелі майнингтен энергетика саласы айтарлықтай зардап шекті
Елімізде жүргізілген соңғы рейдтік тексерулерден кейін біздегі жұмыс істеп жатқан криптомайнерлердің 70%-ы электр энергиясынан ажыратылған. Нәтижесінде, ішкі нарықтағы «сұр» майнерлер сыртқы нарықтарды жағалап кеткен. Қазақстанның блокчейн-технологиялар қауымдастығы (ҚБТҚ) мәлім еткен дерекке сүйенсек, жаһандық хешрейт бойынша Қазақстанның үлесі 18,3%-дан 6%-ға құлдыраған. Бұл құбылысқа соңғы кезде ішкі нарықты «сұр» майнерлерден «тазартып», аталған нарықты заңдастыруға жасалған нақты қадамдар себеп болуы мүмкін.
Криптовалютаның әлемдік нарықты шарлап жүргеніне 15 жыл болып қалды. Алдында бұл қаржылық кәсіп азғантай топ арасында болғанмен, жыл санап қатысушылар да көбейіп оның бағасы жақсы өскен болатын. Бірақ құны бірде көтеріліп, бірде түсіп волотилдігі де аз болған жоқ. Бұл бизнестің кең тарап бара жатқанына көп ел мән бере бастады. Мысалы, Қытай толық шектеу қойса, Британия оның жұмысын реттеуді қатайтуды ойластыруда. Америка да криптовалюта мен банк жұмыстарының сәйкестікке жатпайтынын айтады. Ал Қытайдың майнинг фермаларының жұмысын тоқтатуына байланысты олар біздің елге ойысқан болатын. Көпшілігі осы уақытқа дейін көлеңкелі жұмыс жүргізіп келді. Оның ең үлкен зардабы электр энергиясы орасан зор көлемде ұрлана бастады. Екібастұз көмір өндірісі жанындағы алып майнинг фермасының және оның лауазымды шенеуніктердің қамқорлығында болғанын қоғам естіп білді. Соған байланысты біздің ел де мемлекеттік реттеу механизмдерін қолдануды бастады. Жақын күндері Президентіміздің елдегі «Майнинг қызметін реттеу туралы» арнайы заңға қол қоюы даосының бір белгісі. Сонымен қатар, майнинг қызметін лицензиялау және салық көлемін көбейту. Бір айта кетрлік мәселе криптовалютаның әлемдік экономикада өз орнын тауып жатқандығын ескеруіміз керек. Оны әкімшілік жолмен тоқтату мүмкін емес, ақылмен, екі жақтың экономикалық тиімділігін ескере отырып реттеген жөн. Кеше қабылданған жаңа заң осы бағытта жұмыс істиеітін болар деп санаймын. Майнингтен біздің энергетика саламыз зардап шекті деп айтуға болады. Өйткені үкімет тарапынан ешқандай мемлекеттік реттеу болмаған соң криптовалюта мүмкіндіктерін ерте түсініп қыруар пайда тапқан адамдар аз болған жоқ. Оның таза пайдасының көп мөлшердегі үлес салмағы электр энергиясын ұрлық жолмен пайдалануда болды. Әрине, ешқандай салық болмады. Соның салдарынан алғашқы жылдары бюджет қомақты түсімнен қағылғаны рас. Болашақта Қазақстанда криптовалюта индустриясын тұншықтыру емес, оны тиімділік логикасымен реттеген жөн. Жасыратыны жоқ әртүрлі экономикалық одақтарға кіреміз деп, кейбір жағдайда Қазақстан өз ұпайын жіберіп алғаны рас. Ал экономиканың қан тамыры бюджет десек оның түсімі өте маңызды. Ішкі инвестицияны жандандыруда майнинг жұмысын қолдаудың орасан рөлі бар. Криптовалюта нарығын реттеуді екіжақты қараған дұрыс, біріншісі криптовалютамен айналысатын ірі компаниялардың қызметін реттеу, екіншісі жастар мен жеке тұлғалардың майнингпен айналысуын қолдау. Бұл жерде үкімет екі нәрсеге қол жеткізеді, бірі жұмыспен қамту, өйткені әрбір майнер жеке кәсіпкер болуы тиіс, екіншісі әлеуметтік-экономикалық тиімділік, әркім ақша табады, отбасын асырайды дегендей.
Майнинг қызметінің бір жағымсыз жағы, бұл электр энергиясын шамадан тыс көп пайдалануы. Соған байланысты ірі майнинг фермаларының орналасқан жерінде елді мекендерге электр қуатының жетіспей қалу қаупі бар. Сондықтан энергияның балама көздерін пайдалануды және таулы өзендерде электр арнайы жеке-дара стансаларын салуды ынталандыру деген пікірді қолдаймын. «ДАМУ» арқылы төменгі пайызбен несие алуға мүмкіндік жасау, керек болса бюджеттен субсидия беруге де болады. Энергияның балама көздерін пайдаланудың экологиялық маңызы зор және бүкіл елдер күресіп жатқан «әлемдік жылыну» процесіне Қазақстанның қатысуы өркениеттілігін білдіреді.
Сонымен қатар «сұр» немесе көлеңкелі майнерлердің жұмысын нарық жолына қойып, ашық жұмыс істеуге қол жеткізу маңызды. Бірақ бұл жерде тым қатты талап қоюдың қажеті жоқ, «талды қатты исең сынып кетеді» дейді атам қазақ. Мен сөзімнің басында айтқандай ірі майнерлер мен жеке майнерлерге бөлек-бөлек қарау керек. Мыңдаған аппарат қоятын акулаға талаптың жоғары болғаны дұрыс. Өйткені олардың артында қалталы шетелдік инвесторлар тұруы мүмкін. Ал майнермен айналысатын жеке адамдардың алдымен қызығушылығын тудырып, кәсібін кеңейтіп алған соң барып талапты күшейткен дұрыс болар еді.