LRT құрылысы – бұл инвестициялық емес, саяси жоба
Біраз жылдан бері жыр болған LRT құрылысы биыл да ары қарай жалғасатын болды. Қазақстан Үкіметі жеңіл рельсті қоғамдық көліктің құрылысын аяқтамай тынбаймыз деп отыр. Жақында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев аталған жобаның құрылысына осы жылға 50 миллиард теңге бөлінетінін айтты. Минстрдің айтуынша аталған, қаражаттың бір бөлігі қажетті вагондар сатып алуға жұмсалатын болады. Кейбір сарапшылар Астана үшін LRT өз-өзін ақтамайтын жоба, сәйкесінше, алдағы уақытта субсидиямен ғана ұстап отыра аламыз дегенді алға тартады.
Әрине, LRT жобасын салудың ешбір экономикалық тиімділігі жоқ. Оны жалғастыру, аяғына дейін салу – бұл саяси шешім және оны президент қабылдады. Сондықтан бұл тиімді қадам емес, тек шығынды көбейте беретін жоба. Іске қосылғанның өзінде оған әрдайым бюджеттен субсидия бөліп тұру қажет. Мүмкін, болашақта, Астананың халық саны күрт көбейсе, келген туристтер көп болса, алыс болашақта LRT өзін-өзі ақтайтын да шығар, бірақ алдымыздағы жылдарда бұл тек мемлекеттік не қалалық бюджеттен ақшаны сорып отыратын жоба, өкінішке орай. Мысалы, Алматы қаласының метросы да бастапқыда үлкен шығын әкелетін жоба болды. Алайда, оны ұзартып, жаңа станциялар іске қосылған сайын, адамдар тасымалы өсуіне байланысты бұл жоба шығынды болмайтынына сенім бар. Айтарлықтай пайда әкелмесе де, өзін-өзі ақтап тұрады. Себебі метроны пайдаланатын адам саны өсіп келе жатыр. Сәйкесінше метрополитеннің табысы да жылдан жылға артуда. Сол сияқты LRT де болашақта өзін ақтауы мүмкін. Ал субсидиялау туралы өзге сарапшылар айтып жүргендей нақты 20 млрд. бола ма, әлде одан көп пе, аз ба, оны айта алмаймын.
Онсызда бюджет қайта қаралып кейбір шығындар көлемі артып жатқанда бұл жобаға ақша шашу бекершілік емес пе? Дегенге келер болсақ; біріншіден мынаны айтар едім, біздің еліміздің жалпы шығындары көп. Біздің бюджет кірісінің шамамен 25-40 пайызы (әр жылы әр түрлі) Ұлттық қордан алынып тұрады. Яғни, Ұлттық қордан трансферт болмаса, біздің мемлекеттік бюджеттің кірісі оның шығындарын қаржыландыруға жеткіліксіз. Осы себепті республикалық бюджетіміз жыл сайын дефицитпен орындалатынын қосыңыз.
Болжам бойынша елдегі бюджеттің кіріс пен шығындарының теңесуі тек шамамен 2032-2033 жылдары жүзеге асады деп айтылады. Яғни, алдағы 10 жылда еліміздің шығындары кірісінен асып отырады деген сөз.
Бұндай жағдайда, елде керісінше, бюджет шығындарын қысқарту керек еді. Сәйкесінше болашақта табыс әкелетін шығындарға жұмсау керек, яғни инвестицияға салу қажет еді. Ал LRT жобасы – бұл инвестициялық емес, жоғарыда айтылғандай, саяси жоба. Нақтылай айтсақ Астананың имиджін көтеру үшін жасалған жоба. Әрине, әрбірі тиынының қайтымын есептейтін жеке бизнес жоба болғанда, бұл құрылысты әлдеқашан тоқтатып тастайтын еді. Ал мемлекеттің ақшасы «көп», және саяси шешім қабылданып қойды. Сондықтан жоба тиімсіздігіне қарамай аяғына дейін жеткізіледі деп ойлаймын.