Үкіметтің жетпеген бидайды былтырғы қордан аламыз деуі – астық қымбаттауына ықпал етер шешім
Өткен аптадағы Үкімет отырысында елдегі биылғы жиын-терін мен бидай өнімділігі туралы сөз болды. Премьер-министр биыл еліміздің егіншілері үшін өте қиын жыл болғанын атап өтті. Үкімет басшысының сөзінше, жаздың аптап ыстығы мен құрғақшылықтан алқаптағы егін қатты зардап шеккен. Одан кейін тамыздан бастап осы күнге дейін үздіксіз жауған жауын-шашын астықтың сапасы мен түсімін төмендетіп жіберді. Үкімет басшысы, элеваторларға түскен бидайдың 40%-ға жуығы ешқандай класқа жатпайтынын жасырмады. Алайда, оның сөзінше, қазақстандықтар биыл наннан тарықпайы-мыс.
«Өткен жылдан қалған қорды ескеретін болсақ, жиналған өнім көлемі ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге жеткілікті», – дейді Әлихан Смайылов.
Бірден ашығын айтуы керек, қазіргі еліміздегі әлеуметтік жағдай осы жарамсыз бидай үлесінің өсуі есебінен күрделі ахуалды бастан кешкелі отырғаны айдан анық. Осы жерде үкімет қорда 3 млн тонна бидай бар екенін алға тартып отыр. Олар осы цифрды алдағы уақытта ұн өнімдеріне қатысты бағаның қымбаттауын тежейтін фактор деген уәжін ұсынуда. Алайда, жақында қазан айының басында Павлодар облысындағы ұн илеуші кәсіпорындардың бір бөлігі түрлі себептермен жұмысын тоқтатуы салдарынан сол аймақтағы бидайдың бір тонносы 150 000 теңгеге ұсынылып жатқаны белгілі болды. Жалпы, қазірдің өзінде осындай мысалдармен халық үшін маңызды бидайдың түпкі өнімі нанның қымбаттауы жайлы бірте-бірте әр облыста айтылып қалып жатыр. Бұл үрдіс жалғасса, дефициттік жағдайды арттырары сөзсіз. Нәтижесінде бұл қысқы уақытта резервке қол сұғылмаса да, уақыт өте келе көктемде қордағы бидайға жүгініп қаламазы деген сөз. Міне сол уақыттарда елде жаппай бидайдың түпкі өнімдерінің қымбаттауын күтуге болады.
Естеріңізде болса, өткен 2022 жылғы жиын-терін есебі бойынша жарамды бидай үлесі биылға қарағанда әлдеқайда көбірек болғанына қарамастан, елдегі нан бағасы 19 пайызға қымбаттаған еді. Сондай-ақ, осы жылы Үкімет ауылшаруашылық өнімдерінің сапасын көтеруге 30 млрд субсидия бөлсе де, ол жалпы осы саладағы жарамды өнім санын арттыруға пәлендей әсер ете алмағанын көріп отырмыз.
Енді не істемек керек? Осындай жағдайды көріп біліп отырған Үкімет елде тапшылық туындамас үшін, қазіргі уақытта құны кемінде Қазақстан бидайымен шамалас немесе арзандау болатын шет елдік бидай сатьып алуды осы бастан қарастыру керек. Яғни, бидайды ауқымды импорт жасауға жол ашатын «қауіпсіздік жилетін» даярлау керек. Осылайша, келесі жылға бөлінетін субсидия өз жемісін бергенше, ағымдағы жылда ел ішінде ұн өнімдерінің қымбаттауынан сақтана тұруға тура келіп тұр.
Бұл жерде, ұн өнімдері ол тек қана нан емес екенін де ескерген жөн. Ол сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар макарон өнімдері секілді көптеген тауар номенклатурасына ие. Ал, олар қымбаттаса қарапайым халықтың жағдайы шынымен күрделі болады. Себебі биыл сәуір айындағы сттатистика бойынша, макарон тұтынушы елдер ішінде бірінші орында жан басына шаққанда 23,5 кг тұтынатын – Италия болса, одан соң 17 кг-мен Тунис мемлекеті тұрған. Алайда, сол уақытта біздегі Ұлттық статистика берген мәлімет бойынша Қазақстанда жан басына шаққанда макарон тұтыну деңгейі 18 кг болып тұрды. Яғни, әлем бойынша ресми рейтингте көрсетілмесе де, еліміз өнімнің бұл түрін тұтыну бойынша 2 орында тұр деген сөз. Енді осы өнімдердің бағасы қымбаттаса, әлеуметтік осал топтардың жағдайы не болмақ деген ой туындайды. Осыған орай, билік қымбаттаудың алдын-алудың жоғарыда айтқанымдай ауқымды шараларын қолдану керек деп санаймын.
«Үкіметтің дефицит болған жағдайда қордағы бидаймен жабамыз дегені – ертең елде нан өнімдерінің қымбаттауына әкеп соқтырмай ма» деген көпшілік көкейіндегі заңды сауалға әзірге осылай пайым жасауға болады. Осы орайда ана жылы сөрелерде сәбіз бен қант болмай қалған жағдайда дефицитті жою үшін осылай азық-түлік резервіне қол салғанымыз есте. Сол кезде аталған тауарлардың бағасы еселеп шарықтап кеткенін де ұмыта қойған жоқпыз.
Қорыта айтқанда, қырманға келіп түскен бидайдың жарамсыз сортының үлесі едәуір болып отырғандығы себебінен, елде ұн өнімдері қымбаттау ықтималдығы бар. Осы орайда Үкімет дефицит туындайтын жағдайға жеткізбей кешенді шараларды шұғыл қабылдау керек.