Қайта жасалатын стратегия жан-жақты қоғамдық талқылаудан өту керек
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында «Қазақстан-2050» стратегиясын түбегейлі қайта қарау қажет екенін айтты.
«Мемлекеттік жоспарлау жүйесін жаңғырту мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Соңғы жылдары әлемде теңдессіз геосаяси, экономикалық және технологиялық өзгерістер болды. Осыған орай, біздің кейбір стратегиялық құжатымыз өзектілігін жоғалтты. Сондықтан «Қазақстан-2050″ стратегиясын түбегейлі қайта қарау қажет», – деді Президент.
Біздің «ескі Қазақстанда» үкімет осындай бағдарламаларды жазуды жақсы көретін еді. Әдемі етіп жазатын, бірақ нақты көрсеткіштер, нақты жауапты тұлғалар көрсетілмейтін. Сөйтіп, бағдарламаның аяқталуына уақыт жақындаған кезде, сол бағдарлама жойылып, оның орнына басқа бағдарлама енгізілетін, ал алдыңғы бағдарлама қандай нәтижелерге жетті, пайдасы болды ма, жоқ па, болмаса кім және не себепті екенін ешкім талдамады да, тексермеді де. Бәрі сол «Қазақстан-2030»-дан басталған, сосын кластерлерді дамыту, индустриалды-инновациялық бағдарлама, ауыл бағдарламасы, өңірлерді дамыту стратегиясы, жалпы еңбек қоғамы, 50 нақты қадам, тағы басқа бірқатар құжаттар қабылданған. Шыны керек, мақтан тұтарлықтай нәтиже көрмедік, еліміздің дамуы көбінесе өз бабымен, ешбір құжатсыз іске асқан секілді.
Өкінішке орай, Жаңа Қазақстан сол баяғы ауруға ұрынатындай. Алдында бағдарламалардың орнына ұлттық жобалар дүниеге келді, олар қалай жүріп жатқанын ешкім қадағаламайтын сияқты. Енді жаңа Үкімет, жаңа Мәжіліс жаңа бағдарламалар шығаруды қолға алатын сияқты.
Айта кетейін, менің Біріккен Араб Әмірліктерінде істеген жұмыс тәжірибем бар. Олар 2021 жылы елдің 2071 жылға дейін бағдарламасы бар. Сол бағдарлама қалың құжат емес, бір-екі параққа сыйып кететін мемлекеттің мақсаты, 4 бөліктен тұрады – Болашақты көздейтін үкімет, Керемет білім беру, Білім және ғылымға негізделген экономика, Бақытты қоғам. Яғни олар ешкім оқымайтын ұзақ-сонар стратегия жазбай-ақ, осындай қысқа да нұсқа бағдарламамен-ақ мемлекет қандай бағытта дамитынын айқындап алаған. Яғни, негізігі бағдарды ғана көрсетеді. Себебі қазіргі заманда геосаяси өзгерістер, технологиялық даму тез жүріп жатыр, бүгін жазған стратегия бірнеше айдың ішінде өзектілігін жоғалтып, түкке тұрғысыз болып кетуі мүмкін. Президенттің де 2012 жылы жазылған аталған бағдарламаны қайта жазамыз дегендегі айтып отырғаны осы.
Сондықтан, менің ойымша, «Қазақастан-2050» стратегиясын шын мәнінде жаңартамыз десек, үкімет алдымен жалпы бағдарды айқындап алуы керек. Ең бастысы бар күшін, ресурстарын, уақытын нақты жұмысқа жұмсауы керек. Ал бізде бұған дейінгі бағдарламалар алдымен бірнеше ай жасалады, сосын ол қабылданады, одан кейін елге түсіндіріледі. Нәтижесінде, оны жүзеге асыруға қол тимейді. Менің күмәнім, қазіргі жаңа бағдарламалар да сол күйді кешетін секілді. Себебі қоғам шынайы өзгерген жоқ, Парламент тәуелсіз емес, оппозициялық күштер оған жіберілмеді. Кешегі сайланған барлық депутаттар биліктің сойылын соғып жүргендер. Яғни, үкіметті де, президентті де қадағалайтын, халықтың мүддесін қорғайтын Парламент те, мәслихаттар да жоқ.
Жаңадан жасалатын стратегия мағыналы құжат болу үшін, оны жан-жақты сапалы дайындап, қоғамдық талқылаудан өткізу керек, және ең бастысы, ішінде нақты көрсеткіштер мен нақты жауап беретін лауазымды тұлғалар белгіленуі тиіс. Және сол шенеуніктер көрсетілген көрсеткіштер бойынша, стратегияның қалай жүзеге асып жатқаны жайлы кемінде жылына екі рет мәжіліс алдында есеп беруі тиіс. Сонымен қатар Мәжілістің де бағдарламаның атқарылуы кезінде кемшілікке жол берген жауапты шенеуніктерді жұмыстан алуға қабілеті мен ең бастысы саяси батылдығы болуы тиіс. Әзірше оған үміт аздау деп ойлаймын. Бірақ қателессем қуанышты болар едім.