Қазақстан – банктердің банкрот болуы жағынан рекорд орнатып жатқан ел

Әлемдік тәжірибеде, банктердің мұндай қадамдарға бару әрекеті өте қатаң жазаланады
Экономист

Жоғарғы Сот 2021 жылы жұмысын тоқтатқан «Capital Bank Kazakhstan» банкінің иесі, кәсіпкер Орифжан Шадиевке Ұлттық банкке 15 миллиард теңгені қайтаруға міндеттеді.

Аталған банк 2021 жылдың маусымында лицензиясынан айырылған болатын. Бұған қаржы ұйымының пруденциалдық нормативтерді және басқа да міндетті нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде бұзуы себеп болған. Сонымен қатар,  қаржы ұйымына қадағалау ден қою шараларын жүйелі түрде сақтамау, банктің ірі қатысушысы уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамады деген айып тағылған болатын.

 Аталған банкке қатысты осындай шешім шығарылуы, біріншіден,  еліміздегі банк секторының репутациясына белгілі бір дәрежеде кері әсер қалыптастыратынын жасырмауымыз керек. Жалпы, біздің еліміз банктердің банкрот болуы жағынан рекордтық көрсеткіш жасап жатқан елміз. Олай дейтінім, шамалы уақыт аралығында ондаған банктің банкроттық шекпенін киіп кеткенін көзіміз көрді. Олардың бұндай жағдайға жетуінің өзіне тән тарихи себебі бар. Өзге дамыған елдерде мұндай жағдай өте сирек орын алады. Ал, бүгін сөз болып отырған Capital Bank Kazakhstan-ның жағдайына келер болсақ,  халық алдындағы берешегін төлей алмауы, Сондай-ақ Ұлттық банк қойған пруденциалдық нормаларды орындамауы – қаржылық мәдениеттің төмендігін байқатады. Қаржы саласында «Қаржылық этика» деген ұғым бар. Аталған банктің анықталған әрекеттеріне қарап, осы этикаға сай келмейтін қадамдарға барғанын аңғарып отырмыз. Әрине, бұл жерде Ұлттық банк өз тарапынан дер кезінде әрекет жасап, 2021 жылы лицензиясын тартып алды. Кеше Жоғарғы сот банктің құрылтайшы иесіне үлкен сомадағы ақшаны қайтаруды міндеттеген шешім шығарды. Мұның бәрі дұрыс. Дегенмен, әлемдік тәжірибеде, банктердің мұндай жағымсыз қадамдарға бару әрекеті өте қатаң жазаланады.

Қаржы ұйымының мұндай жағдайға тап болуының тағы бір себебі – өзіне артылған жауапкершілікті сезінбеуі. Сонымен қатар, клиенттермен жұмыс істеуге немқұрайлы қарау факторы да байқалады. 

Сондықтан осындай қателіктердің себебінен орын алған Capital Bank Kazakhstan-ның басындағы жағдай еліміздегі өзге екінші дәрежелі банктерге сабақ болуы тиіс деп ойлаймын. 

Банк секторы мұнай, газ секілді маржасы мол, яғни пайда көп түсетін сала деп саналады. Әрине, белгілі бір дәрежеде тиісті салықтарын төлеп отыр. Бірақ, біраз салықтардан босатылғаны да бар. Мұндай жеңілдіктерге сол банктердің артында тұрған кейбір ықпалды тұлғалардың да белгілі бір дәрежеде әсер еткенінен болса керек деп болжаймын. Тіпті, елімізде банкроттық туралы заңның да осы уақытқа дейін түрлі себептермен созылып, қабылданбай келуі де біраз нәрсені аңғартады. Жалпы, алдағы уақытта бұл салада айтарлықтай өзгерістер күтіледі.