Қазақстан экономикасы соңғы үш жылда өскен жоқ

Экономист

Қазақстанда соңғы үш жылда өнім өндіру айтарлықтай өскен жоқ. Яғни ЖІӨ 2019 жылы қандай болса, қазір де сол деңгейде. Неге десеңіз, 2020 жылы пандемия болды. ЖІӨ 3,5 пайызға төменге түсті. 2021 жылы қалпына келеді деп үміттенген едік, бар болғаны 2 пайызға көтерілді.

Экономист Сапарбаев Жұбаев осындай пікірде. Оның айтуынша, 2022 жылы  4 пайызға өседі деп отырғанда,  қаңтар оқиғасы болып, небары 2 пайызға ғана жетті. 
«Сөйтіп үш жыл бұрын төмендеген 3,5 пайызды 2021-2022 жылдары сәл орнына келтіргендей болдық. Осылайша соңғы үш жылда экономика өскен жоқ десе де болады. Ал халық саны жыл сайын 1,5 пайызға артатынын ескерсек, соңғы үш жылда 4-4,5 пайызға артты. Ал ЖІӨ сол қажеттілікке дейін көтерілген жоқ», деп тұжырымдайды маман.

Оның сөзінше, инфляцияға елдегі ақша массасының артуы тікелей әсер еткен.
«Елімізде орташа айлық мөлшері 30-40  пайызға көтерілді. Ал ақша массасы 2019 жылы 24 триллион еді, бүгінгі күнде 31 триллионға дейін өсіп кеткен. Яғни, кәсіпорындардың, халықтың қолындағы бұл ақша сұранысты көбейтеді. Тағы бір фактор – пандемиядан кейінгі жағдай, Ресей санкциялары шеттегі бағаларды өсірді. Мәселен, Еуропада соңғы 30-40 жылда болмаған 7-8 пайыздық инфляция болды. Ол елдердегі бізге қажетті қондырғылар мен құрал жабдықтардың бағасы өсті. Ол тауарлар бізге келгенде мультипликациялық эффектпен 2-3 есе өз құнынан қымбат бағада келеді», дейді сарапшы.

Маман зейнетақы қорында жиналған ақшаны тарату – экономикалық тұрғыда тиімсіз болғанын айтады.
«Яғни, ондағы қаражаттың көп бөлігі  қалталылардың қоржынына түсіп, қарапайым халық ішінен бірен-саран адамның ғана жинаған ақшасы шекті мөлшерлермеден асқанын білеміз.
Зейнетақы қорындағы ақша 15 триллионға жетіп қалған еді, соның 3,5 триллионын 2021-2022 жылдары экономистер мен қаржыгерлердің қарсылығына қарамастан, небары 3,5 пайыз бай-манаптың қолына берді. Себебі қарапайым халықтың зейнетақы қорындағы қаражаты шекті сомадан аспайтын еді. Солайша тұрғын үй құнына жететін ақша тек дәулеттілердің қолына шоғырланды. Ал ол тұрғын үйлерге бөлінген триллиондаған ақшаны құрылысшылар өзінде қалдырмайды. Оны басқа қажеттіліктерге жұмсап, басқа салаларда сұранысты көбейтеді. Осы факторлардың барлығы Қазақстандағы инфляцияның көрші мемлекеттерден де артып кетуіне әкеп соқты. Инфляция Ресей мен Өзбекстанның өзінде шамамен 10-12 пайызды құрайды. Яғни бұлайша инфляцияның көтерілуіне Үкіметтің өзі, Ұлттық банк себепкер» дейді Сарабай Жұбаев. 
Оның айтуынша, Смайылов Үкімет отырысында талап қойғанымен, іс жүзінде бай манаптардың жағдайы ғана жасалып отырғаны жасырын емес.
«Қазіргі таңда олигархтар, жоғары айлық алатын депутаттар, биліктегілер, әкімдіктер, министрліктер, квазимемлекеттік кәсіпорын басшылары осы жағдайдан өте үлкен пайда тауып отыр.  Мәселенің тамыры – осында жатыр» деп түйіндеді Сапарбай Жұбаев.

Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеп, ақша массасын азайтып, қайта қаржыландыру мөлшерлемесін көтеру арқылы, ашық нарықтағы операциялар, резервтік номаларды көтеру сынды монетарлық саясатты қолданса, инфляция мүмкін 12-14 пайызға түсіп қалар.