Қазақстан үшін газды сыртқа сату тиімсіз

Кез-келген шикізат өндіруші ел бірінші ішкі нарығын қамтамасыз етуі керек
экономист

«Теңізшевройл» өткен жылы  өздері өндірген газдың 87 пайызы Қазақстанның ішкі нарығына жеткізілгенін мәлімдеді. Компания ендігі жерде өндірілетін барлық тауарлық газ тек  ішкі нарыққа жіберілетінінін айтты. Яғни, сырқа газ экспорттауды тоқтатады.   

Өткен  жылдың жазында Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Теңіз кенішінің акционерлерімен бірге экспорттан екі миллиард текше метр газды ішкі нарыққа бағыттау мәселесін пысықтауды тапсырған болатын. 

  Өзімізде өндірілетін газ көлемі ішкі нарықтағы сұранысты толық қамтамасыз ете алмайды.   Үкіметтің 2023-шы  жылға дейін ішкі нарықтың 65 пайызын отандық газбен қамту туралы жоспары болған.  Осы жоспарды жүзеге асыру үшін Қазақстан 2023-ші жылдан бастап сыртқа көгілдір отын сатуды мүлдем тоқтатуы да мүмкін. Оған тағы бір себеп, көршілес Өбекстан мемлекетінің де сыртқа газ сатуды тоқтатуы.  Бұған дейін біздің оңтүстік өңірлер аталмыш отынды осы Өзбекстан және Түркіменстаннан алып келген еді. Қазіргі бұл өңірлер өзіміздің батыс өңірден  өндірілетін газды тұтынуда. 

 Жалпы, елімізден экспортқа шығатын өзге тауарларға мәселен, мұнайға қарағанда газдың үлес салмағы біршама аз.  Біз көп жағдайда газымызды көрші Қытай еліне сатып келдік. Одан түсетін жылдық  қаржы көлемі шамамен 1 миллиард  АҚШ доллары шамасында болды.  Яғни, газ экспортын тоқтатса Қазақстан айтарлықтай кіріс көзінен айырылады деп алаңдауға негіз жоқ.

Ал, биылдан бастап газды экспорттауды тоқтауымыздың тағы бір себебі – ішкі нарықтағы оның ішінде  Солтүстік аймақтарға газ жеткізе алмай отыруымыз. Мәселен,  Астана қаласының өзінде көгілдір отынмен қамту деңгейі өте төмен. Бұл мәселе енді ғана жолға қойылып келе жатыр. Елордаға көрші облыстардың басым бөлігі әлі күнге дейін көмірге тәуелді.

Екінші бір мәселе, біз үшін газді сыртқа сату соншалықты тиімді емес. Себебі, біздің өнімнің нарықтағы бағасы өзгелерге қарағанда әлдеқайда төмен.  Өндіру мен жеткізу шығынын жаппайды деп айтса да болады. Тіпті, осы газ өндірісі Мемлекет тарапынан субсидияланып отырғанын да көріп отырмыз.

 ТеңізШеврОйл-дың өздері өндіретін газды  QazaqGaz  АҚ арқылы ішкі нарыққа бағыттап жатқаны да Президенттің жазда Үкіметке берген   тапсырмасының нәтижесі болуы керек. Бірақ бұл 2 млрд. текше метр газ да ішкі сұранысқа айтарлықта әсер ете қоймайды.

Себебі, біздің қолдағы мәлімет бойынша Қазақстан жылына 18-20 млрд. текше метр газ тұтынады. Ал, қазіргі таңдағы отандық  газбен қамтылу көрсеткіші 53-55 пайызды құрап отыр.  Жоғарыдағы 2 млрд. текше метр осы мөлшерді  7-8  пайызға өсіретін шығар.

Айта кететін тағы бір мәселе, газға сұраныстың күрт артуы. Бұған елімізде сұйытылған газбен жүретін автокөліктер санының ұлғайуы да өз әсерін тигізіп отыр. Осыдан 10 жыл бұрын Қазақстан газбен жүретін автомобильдер бар-жоғы 100 мыңдай ғана болса, қазіргі таңда бұл статистика бірнеше есе өсіп кетті.

Жалпы қандай ел болмасын өндірген затымен бірінші өзінің ішкі нарығын қамтамасыз етуді алғашқы кезекке қояды. Қазақстаннның газды экспорттауға қойған шектеуін де осындай ниеттен туған қадам деп қарастырамыз.