Қазақстанда ең төменгі күнкөріс шегі қайта қаралуы керек

Экономист

Қазақстанда кедейшілік шегінде өмір сүретіндер саны, соңғы мәліметтерге сәйкес, миллионнан асты. Яғни, елімізде осынша адамның табысы  ең төменгі күнкөріс деңгейінен де аз деген сөз.  2022 жылдың ІІІ тоқсанында табысы аз үй шаруашылықтарының қатары былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,5 пайыз өскен. . 

Біздегі ресми статистикаға сенсек, халықтың орташа табысы жыл сайын өсіп келе жатыр. Шын мәнінде Үкімет берген статистика мен халықтың шынайы күнкөріс деңгейінің айырмашылығын көре отырып, бұл мәліметтерге сене алмаймыз. Мәселен, өткен жылы шамамен 200 000 теңген жалақы алатын адамның биылғы жалақысы 10 пайызға өсіп 220 000 теңге болғанның өзінде, былтырға қарағанда тауарлар мен түрлі қызметтерді пайдалану көрсеткіші әлдеқайда төмен екені көрініп қалып отыр. Яғни, күнделікті инфляция өсімін Үкімет айтқандай  халықтың табысының белгілі бір дәрежеде өсуі қуып жете алмай келе жатқанын осыдан-ақ байқауға болады. 

Екінші мәселе, бізде кедейшілік деңгейі дұрыс есептелмеген. Ресми статистика 5 пайыз деп айтады. Бірақ, шын мәнінде Дүниежүзілік банктің мәліметінше, Қазақстандағы кедей халықтың саны 15 пайыз деп келтіріледі. Яғни, айтарлықтай айырмашылық бар. Дәл осы әлемдік банк былтыр біздегі кедейлік қамытын киген тұрғындар саны 12,8 пайыздеп көрсеткен болатын. Осы көрсеткіштерге қарасақ, біздегі кедейлер санатына жататындар саны едәуір көп екенін көріп отырмыз.  Бұл жерде назар аударатын бір жайт, елемізде  кедейшілік деңгейі қалай есептеліп жатыр? Осы мәселеге де көңіл бөлуіміз керек. Бізде мемлекет тағайындаған ең төменгі күнкөріс шегі айқындалады. Сол шектен төмен табысы бар адамдар ғана тойып тамақ ішіп жүрмегендер қатарына жатады. Мәселен, осы жылдан бастап бізде ең төменгі күнкөріс шегі 40 000 теңге деп белгіленді. Демек 40 000 теңге табысы бар азаматтардың ешқайсысы кедей азаматтардың қатарына жатпайды.  Кейбір отбасында 200 мың теңге ғана жалақы алатын бір ғана адам жұмыс істеуі мүмкін. Ал, ол отбасыда 4 бала бар делік. Қарапайым математикаға салсақ  сонда әлгі 40 мың теңге жан басына шаққанда шықпай қалады.

 Осы 40 мың теңгені бір адамға бір айлық тамақтану, жүріп-тұру сияқты шығындарына жеткілікті деп бекітілуінің өзі күлкілі. Бізде мұны Ұлттық экономика министрлігі тағамтану акакдемиясымен бірлесе отырып бекітеді. Енді, сол министрліктің өкіліне  «Сізге  қырық мың теңге жалақы берсек, бір ай өмір сүре аласыз ба?» деген сауал қойсаңыз, «иә» деп жауап бере алмасы белгілі. Өйткені, есептемелердің барлығы нақты жағдаймен сәйкес келмейді. Менің ойымша дәл осы мәселені қайта қарау керек. Биыл бізде төменгі жалақы көлемін 70 мың теңгеге көтерді. Оның өзінде Президенттің тікелей пәрменімен. Ол кісі айтпаса бәлкім көтермес те ме еді, деп ойлаймын. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, елдегі орташа жалақының үштен бір бөлігі ең төменгі жалақы ретінде белгіленуі керек. Біздегі орташа жалақы 312 мың теңге болды деп жатыр.  Демек, ең төменгі жалақы жетпіс мың теңге емес, 103 мың теңгені құрауы тиіс еді. Сәйкесінше, ең төменгі күнкөріс деңгейі де қырық мың емес, шамамен 80 000 теңгедей болып шығады. Қазіргі көрініп тұрған жағдайға қарап, 40 мың емес, сексен мың теңгемен үйтіп-бүйтіп бір ай өмір сүруге болады десе құлаққа кірер еді. Осындай  есептеулер жүргізілген жағдайда ғана біздің билік кедейшілікпен күресіп жатырмыз деп айтуларына біршама болар еді.

Кедейшілікпен күресудің нақты жолдары бар. Атап айтқанда ковидтен кейін тіпті оған дейін де азаматтардың табысы күнкөріспен салыстыра айтқанда төмендеп келе жатыр. Сондықтан да халықтың ішінде  ашынушылар көп. Сондай жағдайдан әлеуметтік жағдайдың қатты шиеленісіп бара жатқаны  байқалып тұр.

Бұл жерде Үкімет мәселеге ашық келуі керек. Мысалы, осындай табысы төмен отбасыларға түрлі жеңілдіктермен қарайласуға болады. Оның ең оңай жолы фискалды әдіспен шешу. Мәселен, белгілі бір деңгейден төмен жалақы алатын азаматтарды түрлі міндетті салықтардан босатып тастаса да болады. Мәселен елде  кімнің жалақысы 100 мың теңгеден төмен, ол азаматтан жеке табыс салығы алынбасын деген өзгерту енгізу сияқты.  Сонымен қатар комуналдық төлемдерден де босатуға болар еді. Ең болмағанда қыс мезгілінен бөлек 9 айдағы төлемдерінен. Үкімет осындай нақты тетіктерді іске қосу арқылы ғана кедейшілікпен күресе алады.     

 Менің ойымша  бізде осы ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс мөлшерін қайта қарайтын арнайы сарапшылардан құралған топ құрылуы керек. Ол топтың құрамына тек Үкімет мүшелері ғана емес, тәуелсіз экономикалық сарапшылар мен әлеуметтанушылар, қоғам белсенділері де енуі тиіс. Олар біздегі қолданыстағы есептемелердің бәрін қайта қарап, әлемдік тәжірибемен салыстыра отырып, ел азаматтарына ыңғайлы болатын есептеу жүйесін ендіруі  қажет деп санаймын.