Жаңа кен орындары табылмаса, 2030 жылға қарай Қазақстанда мұнай өндіру көлемі құлдырайды
Жыл сайын Италия Қазақстан мұнайын ең көп тұтынатын мемлекеттердің көшін бастайды. Былтыр да солай болды. Неге Италия жыл сайын бірінші орында тұрады? Себебі Қарашығанақ пен Қашаған кен орнының ең үлкен үлесі ENI компаниясында.
Италияндық компания 2 кен орнынан шыққан шикізатты Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалдап, Новороссийск теңіз портынан Италияның зауыттарына жеткізеді. Кейін шикізатты өңдеп, мұнай өнімдерін Еуропа елдеріне сатады. Бір компания барлау жұмысына, мұнайдың өндірілуіне, тасымалдануына, өңделуіне және химиялық затқа айналуына дейінгі аралықтағы барлық тізбекке атсалысады. Сәйкесінше максималды түрде пайдаға кенеледі.
Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, 2023 жылы Қазақстанда өндірілген мұнайдың 34%-ы Италияға экспортталды. Нидерланды біздің елде өндірілген мұнайдың – 9%-ын, Қытай – 8%-ын, Оңтүстік Корея – 8%-ын сатып алды. Румыния – 7%, Франция – 6%, Түркия – 5% мұнай импорттады. Ал Грецияға – 5%, Сингапурға – 5%, Испанияға – 3% шикізат шығарылды. Қалған 10%-ды басқа елдер өзара бөлісті.
Әлем бойынша мұнай тұтыну көрсеткіші Сovid кезінде ғана 20%-ға түсті. Бұдан басқа уақытта мұнай тұтыну деңгейі төмендеген емес. Керісінше, көтеріліп, ұлғайып отырды. Қазір баяу болса да, мұнай тұтыну көрсеткіші жоғарылап келеді.
Қазақстанда мұнай өндіру көрсеткіші жылына 90 млн тоннадан түспеуі керек. Былтыр болжам бойынша 93,4 млн тонна мұнай өндірілуге тиіс еді. Бюджетте алдын ала осылай жоспарланды. Бірақ жылдың басында жоспар 90,5 деп өзгертілді. Себебі жоспардың орындалмайтыны белгілі болды.
Басты себеп мұнай-газ саласындағы Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған кен орындарынан басқа кен орындарында мұнай өндіру көлемі төмендеп жатыр. «Өзенмұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз», «Қазгермұнай» компанияларына қарасты кен орындары ескірген. Салдарынан мұнда мұнай өндіру көрсеткіші төмен. Таяу болашақта нәтиже жақсармайды. Өйткені кен орындарының инвестициялық тартымдылығы төмен. Отандық, шетелдік инвесторларды қызықтырмайды. Кен орындарының қоры таусылып, өнімділігі азайып келеді. Жаңа кен орындары табылып жатқан жоқ. Геологиялық барлау жұмысына өте аз қаражат бөлініп жатыр.
Жалпы, Қазақстан жылдар бойы 100 млн тонна мұнай өндіру жоспарын жүзеге асыра алмай келеді. Жаңа кен орындары табылмаса, 2030 жылға қарай Қазақстанда мұнай өндіру көлемі құлдырайды. Жаңа кен орындары табылғанның өзінде ол жерде зауыт салу, құбыр жүргізу сияқты жұмыстарды ұйымдастыруға кем дегенде 5-10 жыл қажет болады. Біз бұл бағытқа қазір бет бұрып, инвестиция құйсақ қана жемісін 2030 жылдан кейін көреміз.
ОПЕК+ ұйымындағы Қазақстанның мұнай өндіру көлемін қысқарту міндеттемесіне келсек, біздің ел жоспарлаған мұнай өндіру көлемін орындай алмауын, яғни нақты нәтижеге жете алмағандағы сәтсіздігін аты аталған ұйымның талабын орындау ретінде көрсетеді. Шындап келетін болсақ, Қазақстан ОПЕК+ қойған шартты мұнайдың тиісті көлемін өндіруге шамасы жетпегендіктен, «мұнай өндіру көлемін қысқарту» деп жариялайды. Жалпы, ОПЕК+ ұйымына қарап отырмыз дей алмаймын. Анығына келсек, бұл ұйым Қазақстанның мұнай өндіру көлемін шектеп отырған жоқ.
Қазақстанда жыл сайын мұнай өнімдері дефициті болады. Мұнай өңдейтін жаңа зауыт салмасақ, мәселені шеше алмаймыз. Дизель отынының, авиакеросиннің тапшылығы жыл сайын қайталана береді. Бұрын авиакеросинді Ресейден алатын едік, қазір Қытайдан аламыз. Қытай жарты мұнайын импорттайды. Кейін импорттаған мұнайды өңдеп, бізге сатады. Біз мұнайдың 70-80%-ын экспорттасақ та, өзіміздің дизель мен авиакеросинге жеткізе алмай отырмыз. Неге? Себебі Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз кен орындары үлкен. Олар мұнайды 100% экспортқа бағыттайды. Еліміздегі басқа кен орындары шикізатты Қазақстанның ішкі нарығына жөнелтеді. Олардың қоры аз. Салдарынан жыл сайын ел ішіндегі мұнай өнімдерінің дефициті арта береді. Мұнай өндейтін зауыттарымыз шикізат тапшылығын сезінеді. Зауыт демекші, олардың да жағдайы мәз емес, ескірген, тозған. Мұнда жыл сайын техникалық ақау анықталады. Қалпына келтіру жұмысына қыруар қаржы жұмсалады. Қазақстанда мұнай өңдейтін жаңа зауыт салынбаған жағдайда сырттан алатын мұнай өнімдерінің көлемі ұлғая береді. Бұл да үлкен қауіп.
Қазақстан мұнай-газ саласының негізгі «ойыншыларының» бірі ретінде 2030 жылдан бастап қазіргіден көп салық төлеуге міндеттелуі мүмкін. Өздеріңіз білетіндей, бүгінгі таңда дүниежүзінде атмосфераға таралатын шығарындыларды азайту стратегиясы жүзеге асырылып жатыр. Қазақстан басқа елдер секілді көмірсутек салығын төлеп отыр. Жағдай дұрысталмаса, 2030 жылдан бастап қазіргіден де көп салық төлеуге міндеттелуі мүмкін. Қазір өндірмеген мұнайды келешекте өндіретін болсақ, оның салығы көп, пайдасы аз болады. Осыны да назардан шығармау қажет. Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабия елдері мұнай саласына көп қаржы құйып жатыр. Олар мұнайды қазір өндіріп, қазір шығарып алған, пайдасына қазір кенелген дұрыс деп отыр.