Қарыз алушылардың құқықтары: қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл
Жыл сайын Қазақстанда халықтың борыш жүктемесін азайтуға және қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған шаралар дәйекті түрде іске асырылуда. Бұл бастамалар халықаралық тәжірибеге негізделген және қаржы нарығының өзекті сын-қатерлерін ескереді.
2024 жыл: кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін қайта қарау және алаяқтықтан қорғау
2024 жылғы маусымда қаржылық қызметтерді тұтынушыларды қорғауға және олардың кредиттік жүктемесін азайтуға бағытталған заң қабылданды.
Негізгі өзгерістердің арасында:
- 2024 жылғы 1 шілдеден бастап 90 күннен астам төлем мерзімін кешіктірген қарыз алушыларға жаңа кредиттерді ресімдеуге тыйым салынады;
- коллекторларға проблемалық кредиттерді сатуға екі жылдық мораторий (2026 жылға дейін) енгізілді;
- омбудсмендердің өкілеттіктері кеңейтілді – олар тек ипотека бойынша ғана емес, тұтынушылық қарыздар бойынша да дауларды қарайды.
Борыш жүктемесін азайту бөлігінде ЖТСМ-ның шекті мөлшері қайта қаралды:
- кепілсіз кредиттер бойынша – 56%-дан 46%-ға дейін,
- кепілді қарыздар бойынша – 40%-дан 35%-ға дейін төмендетілді.
Негізінен әлеуметтік инженерия әдістеріне негізделген қаржылық алаяқтық (қоңырау шалу, SMS, жалған сайттар) соңғы жылдардағы ең өзекті мәселелердің біріне айналды.
Азаматтарды қорғауды арттыру үшін мынадай шаралар енгізілді:
- еGOV порталы арқылы кредиттерден ерікті түрде бас тарту қызметі іске қосылды, оны қазірдің өзінде 2,7 млн астам азамат пайдаланды;
- онлайн-қарыздар кезінде биометриялық идентификаттау және бейненің «жанды» екендігін міндетті тексеру енгізілді, бұл жалған фотосуреттер мен дипфейктерді пайдалануға жол бермейді;
- Ұлттық Банктің жанынан 200-ден астам қатысушы қосылған Антифрод-орталық құрылды. Оның жұмысы 80 мыңнан астам алаяқтық операциялардың алдын алуға және 3 млрд теңгеге жуық қаражатты бұғаттауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, егер клиент алаяқтық по бойынша ресми түрде жәбірленуші деп танылса, банктер мен МҚҰ кредит бойынша өндіріп алуды тоқтата тұруға міндетті.
2025 жыл: қорғауды одан әрі күшейту
2025 жылғы маусымда қарыз алушыларды қорғаудың жоғары дәрежесін қамтамасыз етуге бағытталған қосымша түзетулер енгізілді.
Негізгі жаңалықтар мыналарды қамтиды:
- 2025 жылғы 31 тамыздан бастап банктер мен МҚҰ 21 жасқа дейінгі және 55 жастан асқан қарыз алушылардан кредит ресімдеуге жеке келісімін алуға міндетті (бөлімшеде, сондай-ақ онлайн);
- МҚҰ-да 75 АЕК және банктерде 150 АЕК мөлшерінде алғаш рет кредит алған кезде бөлімшеге жеке өзінің келу талабы белгіленді;
- 2025 жылғы 30 қыркүйектен бастап «шешім қабылдау» кезеңі енгізіледі — қаражат шартқа қол қойылғаннан кейін 24 сағаттан кейін аударылады (МҚҰ-да 75 АЕК-тен жоғары және банктерде 225 АЕК-тен жоғары кредиттер үшін);
- алаяқтық кредиттерді соттан тыс есептен шығару үшін негіздер тізбесі кеңейтілді, бұл азаматтардың құқықтарын қорғау рәсімін жеңілдетеді;
- жеке тұлғалар үшін кредиттерді мерзімінен бұрын өтегені үшін комиссиялар мен айыппұлдар жойылды.
Мемлекеттік шаралармен қатар азаматтардың өздері қаржылық қауіпсіздік қағидаларын сақтаулары маңызды:
- Шарттарды қол қойғанға дейін мұқият зерттеңіз – кредиттің толық құнын, сыйақы мөлшерлемесін, комиссияларды және айыппұлдарды тексеріңіз.
- Дербес деректер мен құжаттарды үшінші тұлғаларға бермеңіз; күмәнді сілтемелер бойынша өтуден және күдікті сайттарда карталардың немесе SMS-кодтардың деректерін енгізуден аулақ болыңыз.
- Қорғаудың цифрлық тетіктерін пайдаланыңыз: тек биометриялық сәйкестендіру жүргізілетін онлайн-кредиттерді ресімдеңіз, қажет болған жағдайда EGOV порталы арқылы «Стоп-кредит» қосыңыз;
- Даулы жағдайларда ұсыныстарды тіркеңіз (қызмет алуға мәжбүрлеу, қайта құрылымдаудан бас тарту, алаяқтық белгілері). Барлық құжаттар мен хат-хабар алмасуларды сақтай отырып, банкке, банк немесе микроқаржы омбудсмандарына хабарласыңыз.
- Заңсыз ресімделген кредиттерді дер кезінде анықтау үшін кредиттік тарихтар бюросында кредиттік тарихыңызды үнемі тексеріп отырыңыз.