Үкімет 2021 жылы батыс облыстарда болған қуаңшылықтан сабақ алған жоқ
Синоптиктердің кеңестік болжамына сәйкес, елімізде биылғы жаз ыстық және құрғақ болады деп күтілуде. Еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын тапшы болып, ауа температурасы нормадан жоғары болады. Ауа-райын болжайтын мекеменің осы болжамы келе қалса, қазақ далсында 2021 жылғы жұт жағдай қайталануы мүмкін бе? Оған тиісті орындар қаншалықты дайын?
Алдағы жазда болжанып отырған аса қатты ыстық пен құрағақшылыққа шаруалар мен билік қаншалықты дайын деген сауалға келмес бұрын, мынаны айтар едім; Өкінішке орай біздің Үкіметтегі жасақтау жүйесінде айтарлықтай көптеген кемшіліктер кеткен. Ол кемшіліктің бірі ретінде су шаруашылығын айтуға болар еді. Мәселен, бізде бұрын ауылшаруашылығы министрлігінде болған Су шаруашылығы деген комитететті соңғы кезде Экология және табиғи ресурстар минитрлігіне берген. Ол министрліктің негізгі функциясы қоршаған ортаны қорғау екенін өздеріңіз білесіздер. Қуаңшылықтың басты факторы су жетіспеушілігінен болатынын бәріміз білеміз. Оның арты азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіретіні де белгілі. Бәлкім аталған министрліктің өздері қандай да бір жоба немесе жоспарлар жасап жатқан шығар. Бірақ, алғашқы болып зардап шегетін біздер, яғни шаруалар одан бейхабармыз. Себебі, осы саланың басы-қасында жүрген біздермен ақылдасып, пікір сұрап жатқан ешкім жоқ. Парламенттегі ауыл шаруашылығына жауапты Аграрлық комитет тарапынан да синоптиктердің ескертуінен кейін бірнәрсе жасалып жатыр деп айта алмаймын. Екінші мәселе, Парламенттегі соңғы шақырылымдағы аталған комитет мен үшін алдыңғы шақырылымда жұмыс істеген комитетке қарағанда әлсіздеу көрінеді. Оның бір бір дәлелі соңғы кезде олардың да есігі біз секілді шаруалар үшін жабық болып тұр. Былайша айтқанда, халық сайлаған қалаулылар мен халықтың ішінде жүрген шаруалар қауымы екеуі екі бөлек әлем болып өмір сүріп жатырмыз.
Бір қызығы, дәл осы Аграрлық комитет жоғарыдағы су шаруашылығы комитетін «Экология министрлігіне қарасты, сондықтан сұрақ Парламенттегі сол қоршаған ортаны қадағалайтын комитеттікі»,- деген желеумен бұл тақырыпқа мүлдем бармауы да мүмкін.
Осы орайда мына нәрсені айта кетейінші. Синоптиктердің болжамын бәріміз естідік. Әрине, қуантарлық емес. Меніңше олар бұл болжамды барынша жұмсартып айтып отырған секілді. Себебі, мен көріп, біліп жүрген шаруалардың болжамына құлақ түрсек бұдан да қауіптірек. Олар өздері күнде көріп жүрген тау етегіндегі бұлақтардың тартыла бастауы, өзендердің деңгейі алдыңғы жылға қарағанда төмендеуі, өткен қыста қардың жұқа түсуі секілді т.б. факторларға сүйене отырып, биылғы жаздың шаруалар үшін айтарлықтай қиын болатынын айтып жүр.
Жалпы, қуаңшылық процесі қазақ даласына келді. Тіпті осыдан шамалы жыл бұрын Біріккен ұлттар ұйымы бізге қатысты қуаңшылық 2040-жылы келеді деген сараптамалық мәлімдеме ұсынған. Былтыр аталған ұйым алғашқы мәлімдемесін өзгертіп, 2030-жылы келеді, деп жариялады. Яғни, өкінішке орай, алдыңғы болжамға қарағанда 10 жылға ерте. Айналамыздағы соңғы кезде орын алған түрлі экологиялық апаттар мен климаттық өзгерістерге қарап отырып, бұл мәліметтің барынша мүмкін болжам екендігіне күмән келтіруге болмайды. Оның алғашқы белгісін біз 2021-жылдың жазында көрдік. Бұл факт. Осы дабылдан кейін-ақ, біздегі жауапты орындар бірден іске кірісіп, алдын-алу шараларын жасауы керек еді. Оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамдау мен малға қажет азықтың мол қорын жасақтау секілді істер бірінші кезекте тұр. Әрине, былтырғы жаз шамалы дұрыстау болғанымен, биыл қайтадан қысатын сияқты.
Өкініштісі, біз осы 2021-де еліміздің батысы оның ішінде ең көп зардап шеккен Маңғыстау даласында болған жағдайдан сабақ алмағанымыз болып тұр.