Мәскеу парадына Президенттердің шақырылуы Путин үшін қажет саяси сапар болды
Мемлекет басшысы 9 мамыр – Жеңіс күніне орай Мәскеуде өткен әскери парадқа қатысып келді. Сонымен қатар ел Президенті 17-19 мамырда Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барады деп жоспарланған. Қазіргі таңда саяси сарапшылар Тоқаевтың екі алып көршімізге қатар сапар жасауынан түрлі болжамдар жасауда.
Қ.Тоқаевтың және өзге Орта Азия республикалары басшыларының Мәскеуде өткен әскери парадқа қатысуы бірінші кезекте Ресей басшысы В.Путиннің саяси коммуникациясына қажет қадам болды. Яғни, Украинадағы соғысқа қарамастан Ресей әлі де аймақта доминант, изоляцияда қалған жоқ, саяси ықпалы азайған жоқ дегенді өзгелерге көрсеткісі келді. Осы әрекеті арқылы Кремль Батысқа қарата «Ресей бұл аймақта саяси доминант күш ретінде сақталып қала береді»,-деген сигнал тастағандай болды.
Орталық Азиядағы мемлекеттерден бөлек Беларусь, Армения басшыларының Мәскеу шақыртуын бірден қабыл алуы, олардың да әлі де Ресейдің ықпалында екенін білдіреді. Егер, ол президенттер бармай қалғанда, Путин мұны Ресейдің ықпалынан бас тарту деп қабылдар еді.
Екіншіден, Путин бұл қадамы арқылы өз халқына өздерінің бұл аймақта әлі де ықпалды екенін, жалғыз қала қоймағанын, керек кезінде қасымыздан табылар одақтастарымыз бар деген мессежді жолдағандай болды. Ресей президенті әскери парад арқылы осы саяси мақсатына қол жеткізе алды деп айтуға болады.
Бұл сапар парадқа қатысқан президенттердің протоколдарында жұмыс сапары деп көрсетілді. Алайда, қолда бар мәліметтерге қарасақ, осы сапар барысында ешқандай экономикалық немесе саяси ортақ құжаттарға қол қойылған жоқ. Яғни, дәл қазір Ресей үшін одақтастарының символикалық мәнге ие қолдауы аса қажет болып тұр. Өйткені қазіргі соғыс жағдайында экономикасы біршама төмендеген Кремльдің Орталық Азия елдері мен Беларусь, Армения сияқты елдерге саяси қысым жасаудан басқаға қауқары жетпейді. Қалай болғанда да бұл барлығы үшін саяси қадам болды. Осы сапар Орталық Азиядағы елдердің автократ президенттері өз билігіне қауіп төнгенде Ресейді бірінші кезектегі қолдаушы, саяси одақтас ретінде көретіндігін тағы бір рет дәлелдеген оқиға болды.
Орталық Азиядағы автократ президенттердің 17-19 мамырдағы Қытайға жасайтын мемлекеттік сапары Орталық Азия мен Қытай арасындағы қазіргі қатым-қатынасты тереңдетуге ықпал етеді деп ойлаймын. Ресейдің саяси-экономикалық және әскери ресурстары Украинадағы соғысқа жұмсалып жатқан кезде және Батыстың Орталық Азияға қызығушылығы төмен кезде Қытай әлемдегі ең ірі экономикалық державаның бірі ретінде осы өңірдегі сауда-саттық пен экономикадағы ықпалын одан әрі арттырғысы келеді. Оның үстіне қазір Ресейді Орталық Азия елдері үшін де тартымдылығы азайған ел деп айтуға болады. Орталық Азия елдерінде азаматтардың Қытайды да одақтас немесе жақын әріптесі ретінде көргісі келмейтінін байқауға болады. Бірақ синофобияның әсерінен Орталық Азия мемлекеттері Қытаймен түрлі сауда–экономикалық интеграциядан бас тартады деген сөз емес.
Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда-саттық көлемі 2022 жылы рекордтық көрсеткішке жеткен. Нақты айтсақ, 70 миллиард АҚШ долларынан асқан. Сонымен қатар, Қытайдың біздің аймақтан түрлі минералды энергетикалық ресурстар мен ауылшаруашылығы өнімдерінің импорты 50 пайызға артқан. Ал Орталық Азияның Қытайдан импорт көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда 40 пайызға жоғары болған. Бұл сандар Қытай мен Орталық Азия арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамып жатқанын көрсетеді. Пекинде өтетін саммит екі арадағы осы қарқынды байланысты одан әрі дамытуға бағытталады деп ойлаймын.
Сонымен қатар, саммитте қауіпсіздік мәселелері де талқылануы мүмкін. Қытай өзі «үш зұлымдық» деп атайтын экстремизм, терроризм және сепаратизмге қарсы күресте Орталық Азия елдеріне серіктес ретінде қарайды. АҚШ әскері Ауғанстаннан шығарылған соң аймақта қауіпсіздік мәселесіне назар көбірек аударыла бастады. Мүмкін осы бағытта өзара іс-қимыл бойынша тәжірибе бөлісу, шекарадағы қауіпсіздікті күшейту үшін қару-жарақтар беру, құқық қорғау орындары арасындағы әріптестік байланысты күшейту бойынша да бірқатар құжаттарға қол қойылуы ықтимал. Қытайдың Сыртқы істер министрлігі аталған шараны осы жылдың ең үлкен дипломатиялық іс-шарасы деп атады. Осыдан Қытай қазіргі геосаяси жағдайды ескере отырып, Орталық Азиядағы өзінің ықпалын одан ары күшейткісі келетінін байқауға болады.
Қорыта айтқанда, Орталық Азия басшыларының алдағы аптада Қытайға жоспарланған сапары күні кешегі Ресей сапарына қарағанда нақты құжаттар мен келісімдерге қол қойылған сапар болатын сияқты.