Рубльдің құнсыздануы теңгені де төмен тартады

Осыдан геосаяси жағдайдың да теңгемізге қатты ықпалы бар екенін байқауға болады
Экономист

Украинадағы саяси жағдайға байланысты валюта нарығында өзгерістер болып жатыр. Ресейдің рублі арзандап кетті, соған байланысты теңгенің бағасы да күрт төмендеді. Қазақстанның Ұлттық банкі кезектен тыс шешім қабылдап, базалық ставканы 10,25 проценттен 13,5 процентке дейін көтерді.

Ресейдің қор нарығындағы индекстердің 40%-ке дейін құлағаны теңгемізге де кері әсерін тигізді. Теңге қатты құнсызданып қалғанын көріп отырмыз. Осыдан геосаяси жағдайдың да теңгемізге қатты ықпалы бар екенін байқауға болады. Дей тұрғанмен бізде мұнай бағасы өсіп жатыр. Қазір компаниялардың салық кезеңі, олар қандай да бір доллар жинағына теңге сатып алып, ауыстырып жатыр, бюджетке салық төлеп жатыр. Ол теңгемізге күш беруі керек еді, бірақ ол факторларға қарағанда Украина мен Ресейдің арасындағы саяси жағдайлар қатты әсер етіп отыр.

Ресейге жаңа санкциялар жарияланды, Еуропалық одақ та, әлем мемлекеттері де Ресейге қатысты санкция қолданатынын айтып жатыр. Егер оның бәрі күрделі болатын болса, Ресей экономикасы біраз қиын қыспақтың астында қалады. Ұзақмерзімді қиын жағдайда қалады деп айтуға негіз бар. Ол жағдайда рубль де құнсызданады. Ол теңгені де әрі қарай төменге тартады. Сондықтан біздің ұлттық банк теңгені тұрақты істеп тұру үшін бар әрекетті жасап жатыр. Кеше 104 миллион доллар, 2 күн бұрын 33 миллион доллар көлемінде интервенция жасады. Барлығын қосқанда 137 миллион доллар көлемінде интервенция жасалды. Бұл теңгені тұрақты ұстап тұру үшін жасалып жатқан қадам.
Одан бөлек базалық пайыздық мөлшерлемені бірден 13,5%-ке көтерді, бірден 2,20 пунктіге арттырып жіберді. Бұл да теңгеге қуат беру үшін жасалған қадам. Өйткені теңгелік депозиттер мен теңгелік құнды қағаздардың да пайызы жоғары болады. Инвесторлар қазақстандық құнды қағаздарды алған болса, олар тез арада ақшасын шешіп алып кетпесін деген мақсаттағы әрекет. Өйткені кіріс жоғарыласа, адамдар қаржысы тұра берсін деп ойлайды. Бұл – бір. Екіншіден, депозиттердің пайызы артады. Азаматтар депозитте ақша қаражатын ұстап отырған болса және оны 2023 жылға дейін шешпесе, оған банктің сыйақысынан бөлек мемлекеттен 10%-дық сыйақы тағайындайтынын айтты. Осының барлығы теңгелік депозиттің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жасалып отыр.

Иә, базалық пайыздық мөлшерлеменің 13,5% болуы жоғары көрсеткіш. Яғни, кредиттің де пайызы өседі. Тұтынушылық несие, ипотекалық несиені беру процесі тоқтауы мүмкін. Бизнес үшін де несиелер қолайсыз болып кетеді, бизнеске арзан кредит берілмейтін болады. Мұның бәрі экономиканың кері кетуіне, өспеуіне әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан базалық пайыздық мөлшерлеменің 13,5% етіп уақытша көтерді деген ұйғарым жасауға болады.