Рубльдің долларға шаққандағы құнының әлсірегенін пайдаланып, отандық өндірісті көтеруге болады
Соңғы күндері доллардың Ресей рубльіне шаққандағы құны күн санап қымбаттап келе жатыр. Басқаша айтқанда, рубль құнсызданып бара жатыр. Бір АҚШ долларының құны 100 ресей рубльінің айналасында. Солтүсік көршіміздің экономикасында орын алған жағдай бізге қаншалықты әсер етеді? Ұлттық валютамыздың жағдай қалай болмақ? Ресейдегі жағдайды Қазақстан өз пайдасына шеше ала ма? Сұрақ көп.
Бұл жерде Ресей валютасының құлдырауына бірнеше негізгі факторлар әсер етіп отырғанын білеміз. Оның біріншісі зкономика мен саясатта болып жатқан жағдай. Яғни, солтүстіктегі көршімізге салынған түрлі санкциялар, одан бөлек мұнайға шектеулі баға қойылуы, газдың да бағасын шектеуі және де басқа да тауар түрлерін Ресейден сатып алмау саясаты. Осының бәрі Ресейге долллар түсімдерін азайтып жатыр. Осы факторлардың салдарынан олардың бюджеті тапшылыққа ұшырады. Бұндай жағдайда қай елде болсын ұлттық валютаның құлдырауы заңды құбылыс. Меніңше бұл тенденция алдағы уақытта да жалғаса береді. Яғни, рубльдің құнсыздану процесі жуық арада тоқтай қоймайды. Сондықтан жақын арада Ресей бюджеті қайта толығады деп айту қиын.
Енді бұл құбылыстың біздің теңгеге әсері қалай болады дегенге келер болсақ, біздің экономикада жазылмаған «әлсіз теңге, әлсіз рубьл», деген ұғым бар. Бұл – рубльдің құлдырауы теңгеге де белгілі бір деңгейде негативті ықпалын тигізеді деген сөз. Бұл түсінікті. Себебі Ресей біздің ең ірі сауда серіктесіміз. Сондықтан, ол жақтағы қалыптасқан жағдай бізге де жұқпалы ауру секілді әсер етеді. Ара-жігін ашып айтар болсақ, бұл жағдайдың біздің экономикамыз үшін оң және теріс тұстары да бар. Алдымен оң әсерін айтар болсам, Қазақстан Ресей импортында алғашқы орындағы серіктес деп саналады. Біздегі көп тауарлар әлі де Ресейден келетінін білеміз. Сондықтан дәл осы жағдай солтүстік көршімізбен жұмыс істейтін отандық кәсіпкерлер үшін өте тиімді сәт деп айтар едім. Себебі, доллар құнының өсуі есебінен ол жақтан келетін тауарлар құны арзандай түседі. Бұл екінші жағынан инфляциядан зардап шегіп отырған қарапайым халыққа да тиімді болар еді. Өйткені көршімізден келетін тауардың құны арзандаса тұтынушыға жету бағасы да біршама төмендеуі мүмкін.
Ал, енді кері әсеріне келер болсақ, біріншіден экспортта айтарлықтай өзгеріс бола қоймас деп санаймын. Себебі Қазақстанның теңгесі қымбаттайды. Сондықтан, біз бәсекелестік тұрғыдан артықшылыққа ие бола алмаймыз. Яғни, біздің отандық тауралар ресей үшін арзан болмайды. Екінші әлсіз тұсы Ресейдің арзан тауарлары Қазақстан нарығын жаулап алады. Сол кезде біздің отандық балама тауар өндірушілер өз нарығынан айрылады. Себебі, Ресейден келген тауар біздікінен әлдеқайда арзан болып қалады. Нәтижесінде біздің өндіруші кәсіпкерлеріміз зардап шегетін болады. Тіпті кейбіреулері банкротқа ұшырауы да мүмкін.
Мысалы, 2015 жылдары Ресейде девальвация болып теңгенің рубльге шаққандағы құны күшейген кезде бізде көп тауарларды Ресейден тасып, экономикада бір дүрбелең уақыт болған.
Дегенмен дәл қазір сол сценарийдің қайталану ықтималдығы төмен. Себебі, қазіргі таңда Ресейде өндірілетін тауар түрлері ол кездегідей көп емес. Ол жылдары біздер автомобиль, тұрмыстық техника, азық-түлік өнімдерін мол мөлшерде тасымалдайтынбыз. Қазір ол жақтағы санкцияға байланысты көптеген өндіріс ошақтары тоқтап қалды. Көптеген шетелдік инвестор- серіктестері кетіп те қалды.
Осы тұста айта кететін жағддай бұрын Қазақстан үкіметі Ресей валютасы құлдыраған кезде біздің де валютаны қолдан әлсіретіп қоятын. Бұл жоғарыдағыдай жағдай болмасын мақсатта жасалатын.
Ал мына жағдайда біз үшін экономикамызды айтарлықтай жақсартып алуға мүмкіндік туып тұр. Яғни, экономикада бұрынғы дәстүрге кері саясат ұстануымыз керек. Бір сөзбен айтқанда теңгені әлсіретпей ұстап тұру керек. Әрине, теңгенің әлсірегені кәсіпкерлер үшін тиімді. Бірақ, қарапайым халыққа ауыр тиеді.
Мәселен, қазіргі таңда бізде инфляция жоғарылайды деген болжаммен базалық мөлшерлемені көтере береді. Ресейдегі мына жағдай біздегі базалық мөлшерлемені төмендетуге таптырмас мүмкіндік дер едім. Себебі, ол елден қажетті тауарлар арзан бағада келгендіктен бұл ішкі инфляцияға кері әсерін тигізеді.
Біздің теңгенің құны көтеріле бастайды. Яғни, дефляция. Осы тұста инфляция қаупі азайғанын пайдаланып, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетіп, кәсіпкерлерге жеңілдетілген немесе төмен пайызбен несие беріп, отандық өндірісті көтеріп алуға болады. Нәтижесінде олардың өндірген өнімі де біршама арзан болып, Ресейден келетін тауардың бағасымен шамалас болып шығады. Бұл халыққа да, Үкіметке де пайдалы болар еді. Осы саясатты ұстанса Қазақстан Ресей валютасының құнсыздануын өз пайдасына шешуіне болатын секілді.