Ұлттық банк пен Үкіметтің есебі неге сәйкеспейді? — Қазақстанның экономикалық дамуы жайлы
Жақында Fitch Rating сарапшылары Қазақстанның егеменді рейтингін төмендетуі мүмкін екені туралы хабар шықты. Себебі халықаралық ұйым ел үкіметінің ақша-несие және фискалдық саясатын сынға алды. Бұл пікір орынды. Себебі таяуда ғана халықаралық валюта қоры да осы мәселені көтерген еді. Соңғы шыққан қортыныдысында ұйым біздегі бюджет болжамы сәйкес келмей жатқанын, салық бойынша болжамдардың орындалмай жатқанын және жыл өткен сайын ұлттық қордың республикалық бюджетке трансферттері артып бара жатқанын айтты. Жоспарлы трансферт 1,6 триллион теңге болуы керек еді, ал ол соманы 3,6 триллион теңгеге ұлғайтып жатыр. Негізі «Қазатомпромдағы» құнды қағаздар сатылымына қарасақ, биыл ұлттық қордан алатын қаржы 6 триллионнан асып тұр. Сондықтан бұл, әрине, алаңдатарлық жайт. Бір жағынан, ұлғайып жатқан мемлекеттік инвестиция экономикалық дамуға әсер етіп отыр. Бұл – біріншісі. Екіншіден, мұндай көлемдегі ірі трансферттер инфляцияға да әсер ететінін ескерген жөн. Бұл тұста мәселенің екі ұшы бар. Бір жағынан инфляция үшін ұлттық банкке жауапкершілік артады. Екінші жағынан үкімет президенттік шешім бойынша, ұлттық қор қаржысын пайдалану мөлшерін ұлғайтып жатыр. Бұл екеуі бір-біріне қарама-қайшы жүріп жатқан процестер. Сондықтан экономикалық дамуымыздың қарқыны қалай болады дегенге жауап іздедім. Ұлттық банктің болжамы бойынша, биыл даму деңгейі 3.5-4.5% болады. Өз басым осы болжам шындыққа жақынырақ деп айтар едім. Алайда үкімет болжамы бойынша, биылғы даму деңгейіміз 6% болады деп болжап отыр. Бұл, әрине, күмән тудырады. Себебі үкімет бұл болжамды қыркүйек айында ұсынып отыр. Жылдың 9-10 айы өтіп кетті. Сондықтан, жыл соңына дейін 6%-ға бара қоймайтынымыз анық дүние. Үкіметтің мұндай тым оптимистік көзқарасы, шыны керек, таң қалдырады.
Кейінгі жолдауында президент біздің ауыл шаруашылығы саласында жалған ақпар көп екенін айтты. Оның ішінде ірі мал саны мен жер теліміне қатысты деректер де бар. Сондықтан қазір үкіметке нағыз шынайы статистика жасайтын құрылым қажет. Әйтпесе, осындай жалған ақпарат жасала беретін болса, өмірге, экономикаға сәйкес келмейтін болжамдар жасала береді. Ал бұл көптеген халықаралық ұйымдардың, оның ішінде Fitch Rating-тің де елдегі экономикалық саясат мәселесіне қатысты күмәндануына себеп болады.
Ал үкімет пен ұлттық банктің болжамы неге екі түрлі екені де қызық. Өз басым, ұлттық банкті жоғары бағалаймын. Себебі олар ашық саясат жүргізеді. Пайыздық мөлшерлемені бекітпес бұрын да әуелі арнайы сарапшыларды жинап, бұл шешім неліктен қабылданғанын ашып айтып, түсіндіріп отырады. Ал үкіметтен, қаржы министрілігі тарапынан мұндай ашықтық жоқ. Өз бетімен жүрген соң, неге сүйеніп дерек беріп жатқанын түсінбейсің. Болжам жасағанда нені негізге алғанын ашып айтпайды. Сондықтан сарапшылар талқысына ұсынылмайды. Ешқандай сын болмаған соң да осындай шешімдер қабылданады.
Бәріміз тұтунышымыз. Тауар бағасы өсіп жатқанына күнде куә болып жүрміз. Биылғы инфляцияға коммуналдық тарифтер де қатты әсер етіп жатыр. Жыл басында 30-40%-ға бір өсті, енді жақында қайта қымбаттайды деп жатыр. Алайда баға қымбаттағанына сай, сапа жақсарып жатқан жоқ.
2025 жылғы болжамды ұсынғанда үкімет инфляцияны төмен бағалауға тырысады. Себебі үкімет 2023 жылғы ақпанда инфляцияның ең жоғары деңгейі 22%-ға жетті. Бірақ республикалық бюджетті ұсынғанда инфляция 10% болады дейді. Себебі олар ол болжамға 22% десе, онда зейнетақыны, ең төменгі жалақыны, балаларға төленетін жәрдемақыны да индексациялауы керек болады. Олар инфляцияны төмендеу бағалағанда бюджетті де сол төменгі пайыздық деңгейге сәйкес санап ұсынады. Сондықтан мұның астарында да бір мән бар.
Сондықтан бәрі барынша ашық болуы керек. Болжам нақты жасалуы керек. Сонда жаңағыдай тарифтер көтеріліп, сапа жақсармады деген мәселе болмайды. Бізде баға қымбаттап, инфрақұрылым сол баяғы ескіше қалып жатқан жағдай көп қой. Тариф көтерілгенде халық бір нәрсе жақсаратынына үміттене алатындай болуы керек. Ал бізге бірдеңе жақсарады дегенге сенім жоқ. Мұның бәрі ең әуелі мемлекеттік саясаттың ашық болуына байланысты.
Әрине, нақты 2023 жылы соғыс басталып кетеді-ау деп ешкім болжай алмайтын еді. Елге келгендер көп болды, тауар қымбаттады. Өзі бірдеңе жетпей жатса, соның бағасы артады. Бұл кезеңде дүниежүзінде нарық өзгерді. Біздің үкімет те сол тұста инфляциямыз төмендетеміз деп тұрып, оны одан әрі ұлғайтып алды. Үкімет ұзақмерзімді, қысқамерзімді болжам жасағанда осы сияқты қауіптерді ескермейтіні де бар.
ТеңізШевройл бойынша жоба іске қосылып жатса, келесі жылы 100 миллион тоннадай мұнай өндіреміз деген болжам бар. Сондықтан, әрине, диверсификация керек. Әрине, көп мақсатта диверцикация жасаймыз деді. Бірақ қазір Қазақстан экономикасының дамуы, мүмкіншіліктері осы мұнай, шикізат секторына тәуелді болып отыр. Экспортымыздың 60%-ы осы мұнай секторына тиесілі. Сондықтан бұл тұста ұзақмерзімде экономикамыз қалай дамиды деген сұраққа толық негіз бар. Себебі ұлттық қордағы ақша азайып жатыр десе, мұның тікелей мұнай секторынан түсіп отырған қаржы екенін білеміз. Алайда зейнетақы төлемдері мен көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақысы қалай төленетіні, кедейшілік қалай жойылатыны, жалпы әлеуметтік саясатты қаржыландыру сияқты мәселелер әлі күнге шешімін таппай тұр.
Мұның барлығы мұнайға байланған мәселе. Мұнай саласынан қаншалық көп табыс келсе, үкімет соншалық көп адамды көмекпен қамти алады. Бірақ жылдан-жылға мұнай қүны түсіп жатыр. Осыған орай сарапшылар арасында өзге де салалаларды диверсификациялау керек деген пікір айтылып жүр. Соның ішінде ауыл шаруашылығы туралы жиі айтылады. Себебі халықтың көп бөлігі ауылда тұрады. Шымкент, Алматы, Астана – бәрінің айналасындағы ауылдарды қаланың территориясына қосып жіберді. Одан ол ауылдар қала боп кете қойған жоқ. Бірақ ауыл тұрғындар енді статистика бойынша ауыл азаматтары тізіміне енбейді. Қазір ауыл шаруашлығының жалпы ішкі өнімге құятын үлесі – 5%. Еске сала кетейін, 90 жылдары ауыл шаруашылығының үлесі 34% болған еді. «Мұнай ауыл шарушалығын өлтіреді» деген экономикалық теория бар. Қазақстанның кейсінде осы теория дәлме-дәл орындалып отыр. Халықаралық институттар Қазақстандағы ауыл шаруашылық өндірісі өте төмен екенін жиі айтады. Себебі бізде халықтың жартысы ауылда тұрып жатса да, ауыл шаруашылығының жұмысы тұрақсыз, көктемнен күзге дейін жұмыс маусымы болса, қыста ешқандай жұмыс жоқ. Түрлі бағдарламалар енгізілгенімен, әлі өндіріс тұрақталды деуге келмейді. Сондықтан Қазақстан тағам жағынан қауіпсіздігі іске қосылмаған. Біз күнделікті азықтың көп бөлігін сырт елдерден алып отырмын. Импортты жалғастыра берсек, біз сол импорттаушы елдердің ауыл шаруашылығын қаржыландыра береміз деген сөз. Сондықтан, ең әуелі сол өнімдерді өз елімізде өндіретіндей дәрежеге жетуіміз керек. Ол үшін өз еліміздің азаматтарына ауыл шаруашлығын дамытуы үшін жағдайы жасап, сол бағытқа инвестиция құю қажет. Мал жаятын кең байтақ жеріміз бола тұра, қазір еттің өзін сонау Аргентинадан алдырып жеп отырмыз.
Көңіл аударуға тұрарлық тағы бір дүние – жоғары технологиялар. Жылдан жылға бәрі тез өзгеріп жатыр. Бұл тұста, әрине, білім саласын меңзеп отырмын. Қазір әрине, баланың бәрі ән айтып, би билеп, блогер болғысы келеді. Бірақ болашақта экономикалық тұрақты ел боламыз десек, көптеп инженер маман даярлауымыз керек. Жастарымыз – экономикамыздың кепілі. Осы мақсатта «Ұлттық қор балаларға» деген жоба іске қосылды. Тіпті 2030 жылға дейін қорда 100 миллиард жиналады деген жоспар да бары айтылып жүр. Бірақ, шыныа келгенде, бұған күмәнім бар. Себебі ұлттық қор қандай болуы керек дегенді 1997 жылдары талқылаған едік. Осы мәселе бойынша бірнеше концепция да қабылданды. Бірақ іс жүзінде соның біреуі де іске қосылмады. Лозунг пен ажалау сөз көп, бірақ оның бәрі тек қағаз бетінде қалып жатыр. Сондықтан 100 миллиардтың әңгімесі де – жай ғана бос сөз. Себебі жасалып жатқан іс жоқ. Ұлттық қор – идеология жағынан өте дұрыс шара. Себебі азаматтарда «Бұл менің де ақшам ғой» деген қызығушылық тудырады. Бірақ ондағы қаражат біздің инфляцияны ескерсек, олар айтқан үй алуға да, білім алуға да жете қоймайды. Сондықтан, бұл дәл қазір соншалық ауыз толтырып айта қоятын мәселе емес. Егер қаржыны ашық саясатсыз игере берсек, 100 миллиардқа жетпей-ақ, қаржыны бес-алты жылда құртып қоюымыз да мүмкін. Себебі, жоғарыда айтқандай мұнай бағасы әлі де төмендеуі мүмкін. Ал бұл, әрине, бюджет тапшылығын ұлғайтады.
Бұл тұста теңгеміздің тұрақтылығы да маңызды. Ал ол күз басталғалы құнсызданып жатыр. Ұлттық қордың ахуалын да айтып өттім. Келесі жылға қандай болжам болуы мүмкін? Бұл, әрине, қиындау. Бұл, әуелі, соғыстың қалай өрбитініне байланысты. Әрине, Ресей әлсіреген сайын Қазақстанға экономикалық қысым күшейе береді. Сондықтан жағдай қауіпті. Сондықтан әр адам өзінше «диверсификация» жасап, осы айтылған мәселенің бәрін ескеріп, жоспар құрғаны жөн болар дер едім.