Суицидке кінәлі ойын ба, ата-ана ма? Өзін өлімге қиятындар кім? – Психолог пікірі

Өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмған ересектер мен балалар жайлы ақпарат екі күннің бірінде тарап жатыр. Оған не себеп? Баланы өлімге итеретін – интернеттегі ойындар дейді біреулер. Ол қаншалық дұрыс пайым? Өмірдің ащы-тұщысын татып та көрмеген баланы өлімге жетектейтін не күш? Көптеген адамды ажал аузында тұрған сәтінен қайтарған маман, психолог Айгүл Сүйіндікова Kursiv Media оқырманына өз тәжірибесінен түйген ойларын айтты.

Дағдарыс орталықтарында жұмыс істеп жүргенде адамдар түрлі проблемамен келетін. Оның ішінде күйзеліс, енжарлық, меланхолия, ата-ана мен бала арасындағы жанжалдардар, сезімдерді құнсыздандыру, құрдастардың буллингі және басқа да түрлі өмірлік жағдайға тап болып, қалай әрекет етерін білмей жүргендер бар. Адамның өз-өзіне қол салуы мүмкін екенін қоңырау шалғанда дауысынан-ақ анықтауға болады. Әдетте хабарласқандар күмілжімей бірден өмір сүргісі келмейтінін, бәрінен шаршағанын ашық айтады. Дәрісін ішіп алып, әрекетін жасап қойған соң хабарласқандар да болды. Ондайда қолыңнан келетіні – тек дәрі күшіне енгенше оны мекенжайын айтуға көндіріп, уақытылы жедел-жәрдем шақырып үлгеру ғана. Үнемі болмаса да, мұндай жағдайлардың көбінде хабарласқандарды райынан қайтаруға, жедел жәрдем шақыруға үлгеріп жүрдік. 

Тек балалар емес, ер адамдар да көп хабарласатын. «Міне, дастархан басында шөлмек-шөлмек сыра ішіп отырмын. қазір уақыты келгенде барып, өзіме қол саламын» дейді. Шөпті шегіп алып, оның әрекет ете бастағанын күтіп отыратындар да бар. 

Мұндайда олардың неге өлгісі келетінін сұрап жатпайсың. Дереу диагностика жасап, әрі қарай өмір сүруге қалай ынталандыруға болатынын ойланасың. Әдетте суицид жасауға адамдар түнгі уақытта бекінеді. 

Жасөспірімдердің өз-өзіне қол салу фактілеріне келер болсақ, оған да себеп көп. Бірақ себебін іздеп, ойындарды жабу керек, басқа дүниелерді қысқарту керек, тағысын тағы дейтін болсақ, нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Бұл, біріншіден, көп ақшаны қажет етеді. Эксперттік тәжірибеме сүйене отырып, суицидке себеп болатын кез келген дүниеге отбасында ешқандай құндылық көрмеген балалар бейім болады деп есептеймін. Жамандық, біздің кейсімізде бұл сол ойындар болсын, толық адамға жоламайды. Ол бір бостық орнын толтыру үшін қажет. Құндылықтың орны ойсырап тұрған соң, оны сол жаман нәрселер толтырады. Ойлап қарасаңыз, қараңғылық деген жоқ нәрсе ғой. Физиологиялық тұрғыда қараңғылық деген дүние жоқ. Қараңғылық – жарықтың жоқтығынан туатын дүние. Сол сияқты тәрбиеге негізделген құндылық бар жерге жамандық жоламайды. Ол үшін ата-анасын баласын жақсы көріп, махаббатын беріп, баланың олар үшін орны ерекше екенін айтып отыру қажет. Бірақ махаббат дегеннің баланы қатаң бақылауда ұстау емес екенін де түсіну қажет. Бұл, ең әуелі, сенім.

Ал уақыт өте келе, әсіресе жасөспірім шақта, баланың ата-анасының бойынан кемшілік көруі, оны ең беделді адам санамауы, тіпті кейде көңілі қалуы да – есеюдің бір процесі. Бұл – қорқатын дүние емес. Бұған дейін бала ешкімді көрмеген соң ата-анасы оған құдай болып та көрінуі мүмкін. Есейе келе адамдармен танысып, басқа жақтан өзінше ақпар жинап, бірдеңелердің дұрыс болмағанын білуі, ата-анасының дұниеге ең мінсіз адамдар емес екенін аңғаруы да қалыпты дүние. Балаға да мұны түсініп, қабылдап, осы жасөспірім шақтың дағдарысын бастан кешіруге мүмкіндік беру керек.  

Сонымен қатар жауапкершілік сезінудің маңызын түсіндіру де маңызды. Балаға еркіндікпен қатар жауапкершілік беру керек. Виктор Франкл да Бостандық ескерткішінің жанына Жауапкершілік ескерткішін қатар қою керек деп бекер айтпаған ғой. 

Ата-ана мен баланың бір-бірін түсінбеуіне ұрпақтар арасындағы қақтығысы себеп болып жатқан жоқ па деген де сұрақ тууы мүмкін. Қазіргі балалар қандай заманда өмір сүріп жатқанын талқылап көрейік. Білімнің жетіспеуі деген қазір жоқ, ғаламторда бәрі бар.   Қазір содан балалар ата-анаға бар жауапкершілікті жүктейтін болды. «Мені дұрыс тәрбиелеп жатқан жоқсыңдар, олай дедіңдер, бұлай дедіңдер. Бұл маған травма болды» деген сияқтыны айтады. Бұл жайлы білмесе, ол травма боларын да білмес еді. Травма дегенді естіген соң, бала автоматты түрде, травма болғанда қалай болады екен, ол қалай сезіледі дей бастайды. Солай жоқ затты бойынан таба қояды. Альфа ұрпақтың ерекшелігі де осы шығар.

Сонымен қатар ата-ананың балаға тым жоғары талап қоймауының да маңызды екенін атап өткен жөн шығар. Мысалы, баланың интеллектінің өте жоғары болуы – оның психикасы дұрыс болады деген сөз емес. Тіпті өте интеллектуал адамдар шизофренияға бейім екенін де есте ұстаған дұрыс шығар. Бұған қоса, баланы перфекционист болуға да ұмтылдырмаған жөн. Оның бәрін мінсіз жасауын талап етуге болмайды. Себебі мінсіздік пен сын қатар жүре алмайды, перфекционист адам сын көтере алмайтын болады. Бірақ өмірі адамды түрлі сынаққа алады ғой. Сын көтере алмаған адамның өзі-ақ сынып кетеді емес пе?..

Дегенмен Алматыда кейінгі айлары бірнеше суицид оқиғасы тіркелді. Мұндай оқиға әскерде де жиілеп кетті. Әскерилерге келер болсақ, бұрын осы салада да жұмыс істегенмін. Сондықтан бұл оқиғалардың себебін түсіну үшін өзімше ойланып көрдім. Қалай дегенмен, бұл оқиғаларға қатысты басып айту мүмкін емес. Бала әскерге шақыртылғанда психотестілеуден өтеді. Сол жерде оның қаншалық стресске, күйзеліске төзімді екенін тексереді. Бірақ төзімі жетпейді деп әскерге алынбай қалған бала бар ма? Бізде қалай болады? Күйзеліске төзімді дегендердің бәрін элиталық әскер тобына алып кетеді. Ал төзімсіздеу дегеннің бәрі бәрібір үйіне қайтпайды, олар да әскерге кетеді. Мұндайда, медициналық тұрғыдан шектеу болмағанымен, психикалық тұрғыдан жағдай басқашалау. Әдетте бұлай бола қалса, психологтар бұл баламен былай жұмыс істеу қажет деген сияқты нұсқаулық жазып береді. Бірақ ол нұсқаулыққа ешкім бағынбайды.  Психологтың кабинеттінен аса бергенде бірден әлімжеттік басталады. Әскердегілердің өзіндік «ерлерге тән» қарым-қатынасы бар. Өздері «Әскердің қажеті не?» дегенде «Ол жерде мықты адам одан әрі мықты бола түседі, ал әлсіз адам әлсірей түседі» деп жауап береді. Неге әлсіз адамға күштіреу болуға көмектеспеске? 

Жалпы жақыныңыздың күйзеліс алдында жүргенін немесе күйзеліс халінде жүргенін көргенде көмектескіміз келетіні орынды. Бірақ бұл ол адамды жетектеп апарып, мәжбүрлеу қажет деген сөз емес. Мұндайда адамға тек кеңес беру керек. Ең әуелі күйзелістің қай түрінде жүргенін түсіну керек. Ал тақырыпқа оралып, өзін өлім қиюдың аз-ақ алдында жүрген адамды қалай танитынымызға келер болсақ, ол адамдарды әрекеті арқылы-ақ тануға болады. Ондай адам түбегейлі өзгеруге шешім қабылдайды. Мысалы, алдыңызда тұрған адамның өтірік айтып тұрғанын аңғару қиын емес қой. Ол үшін бір маман болудың қажеті жоқ. Тек адамға мән беріп қарап, мұқият тыңдау керек.  Меніңше, психологқа жүгінбей-ақ, жақынын суицид құтқарып алған адам көп. Мұндай адамның бойынд а эмпатия болғаны маңызды деп есептеймін.