Ұлттық өнер жойылып барады. Мемлекет пен ел алдында жүрген адамдар жауапкершілікті сезінуі керек
Біз ұлттық қолөнер деген саланы қатты кенжелетіп алғанбыз. Оны себебі де тереңде жатыр. Патша үкіметі құлап, КСРО билігі орнаған соң Ленинге табыну кезеңі басталды. Маркстың, Энгельстің шығармаларын оқытып, коммуниктсиік, социалистік қоғам құрамыз деген идеологияны қолдан жасады. Сол кезде қлөнер бұйымдарымыз ұлттық дүние болған соң, салтанатты дүние боп есептелді. Біз жасасақ, бәрін әдемі ғып, керемет ғып жасаймыз. Бізде (қазақта) қарапайым, қарабайыр дүние жоқ. Мысалы, орыстар аяқ киімге шқлғауды орап, басына малақай киіп жүре береді. Бізде бәрі салтанатты болды, ерлердің өзінде белдіктің бірнеше түрі болатын. Дәулетті адамдар болса, бүкіл мүлкін әйеліне, қызына әшекей бұйым жасатуға жұмсайтын болған. Ат әбзелдеріне де қатты мән берген. Қазіргі тілмей айтқанда, «Ат – ер қанаты» деп, сол заманның ерлері аттарын тюнингтейтін болған. Мұндай сән-салтанат барлық қазақты бай көрсететін. Сондықтан бай-бағландарды, қоғамның алға сүйреп тұрған моторын жойып жіберіп, қайтадан ұлт жасақтап шығу үшін осының бәрін жою қажет болды. Сол кезде бүкіл қолөнеріміз жойылды. Тек күмістен бұйым жасайтын шеберлер емес, ағаштан қобыз, домбыра жасайтынның бәрін ескілік деп, көзін жойды. Сонда патша өкіметі ескі, жатақ заманнан қалып кеткен қазақтардың мал бағып, егін егіп жүрген суреттерін көрсетіп, «Міне, сендер осындай болғансыңдар, дамымай қалғансыңдар, түк көрмегенсіңдер» деді. Сонымен адамдар да «Е, сондай екенбіз ғой» деп, мал бағып, қалаға бармай, ауылда қалып қойған. Бұл – ұлтты жою. Кең-байтақ жеріміз бар, орналасқан жеріміз – бұкіл түркі әлемінің алтын бесігі. Дәстүрлі ән-би өнері, қолөнер, сөз өнерін жойған соң, ештеңесі жоқ дүбәра ұлт болып қалдық.
КСРО кезінде бізбен бірге одақта болған өзге елдің бәрі – Қырғызстан, Өзбекстан, тәптә Әзербайжан да ұлттық өнер академияларын ашып алды. Ал біз ол деңгейге жете алмай қалдық. Соны ашатын кісілердің бәрін қырып тастады. Бір-екі буын үзіліп қалған соң өте қиын болды. Қазір бізге көп қолөнер бұйымы Моңғолиядан, Қытайдан келеді. Соған қарап, бізде де бар екен ғой деп қуанамыз. Ол, әрине, бүкіл қазақтыкі болғанымен, белгілі бір руға тән, өңірлік өнер. Ол өңірлерде де бір кездерді жоюға тырысқанымен, адамдар тығып жүріп алып қалып, бүгінгі күнге жеткізген.
Қазір бізде шеберлер мектебі жоқ. Қару-жарақ жасайтындар десек, бір ғана отбасына барып тіреледі – ағайынды Құлмановтар. Бұл кісілердің өзі әрең ұстап қалған. Зергерлік өнер бойынша батыс Қазақстан ең үлкен мектеп болып есептеледі. Бірақ бұл мектептің өкілдерінің бәрі қазір Алматыда жүр. Батыста бірде-бір адам қалмаған. Сәукеле жасайтын шеберлер де қалмаған. Қазір біз тек мұражайда тұрған сәукелеге қарап бірдеңе жасап жүрміз. Тырысып сол түпнұсқаға ұқсатуға тырысып жүргенде Қытайдың арзан бижутериялары нарыққа кірді. Әншілеріміз, халық алдында жүрген артистер соны тағып шыққан соң, халық та соны тағатын болды. Жауапкершілік осы ел алдында жүрген адамдарың мойнында. Қаражаты бар болған соң, шеберлерге жасатып тағуға міндетті. Олар өңіржиекке тағатын бір детальді шекелікке тағып жүрсе, қайтадан дүбәрәға айналамыз. Оның дұрыс емес екенін біз сияқты саны шектеулі адам ғана біледі. Ал жалпы көпшілік оны түсіне бермейді, қазақы деп ойлайды. Ою көрсе, қазақы деп ойлай береді. Оюдың да түр-түрі бар, аспна денелеріне арналғаны, жануарларға арналғаны, өсімдіктерге, табиғат құбылыстарына арналғаны бар.
Қазақтың ою-өрнегінде мағына бар, шеберлер ұсақ-түйек дүние де жасай бермейді. Біздің ою-өрнек өзбектердікіне ұқсамайды. Иран мен Үндістандікіне де мұлдем келмейді. Біз бір оюды барлық затқа сала бермейміз. Ал басқа халықтар мазарына да, ертоқымына да, үйінің қабырғасын сәндеуге де, қызының әшекей бұйымына да бір оюды сала береді.
Мемлекеттің иесі қазақ болған соң, қазақтың ұлттық қолөнері, дәстүрі сияқты ұлтқа қатысты нәрсенің барлығын қорғауға міндетті. Қазір қолөнершілер бірігіп, Қазақстан қолөнершілер одағын құрған. Бұл одақты кейде шетелдік ұйымдар инвестициялайды, бірақ ол бір тамызықтай ғана қолдау. Бұған қоса мұндай шетелдік ұйымдардың мүддесі не, мақсаты қандай екенін де білмейсің. Қолөнерді қолдауға мемлекет мүдделі болуы керек. 30 жылдан бері әлі жүйеленген ұлттық идеология жоқ. Қолөнердің дамымай тұрғаны да осыдан. Ұлттық идеология болса, қолөнершілерге жағдай жасалар еді. Жағдай дегенде, маған біреу келіп, шеберхана ашып берсін демеймін. Қоғамдық сұраныс тууына мүмкіндік жасаса болғаны. Әрі қарай шеберлер өздері-ақ алып кетеді. Бұл саланы қолдау үшін қыруар ақша да қажет емес.
Қолөнерді қолдау, қайта жаңғырту – келер ұрпаққа, мемлекетке қажет дүние. Қазіргі қоғамда бір миссия бар. Бабаларымыз орындай алмай кеткен алаш аманаты бар. Бабалар тәуелсіздік алғысы келді – алды, әлеммен тең болғысы келді – орындалды. Бізге жақсы күн туғанда неге заң шығарып, кері кетіп жатырмыз? Бәріміздің миссиямыз бар. Біздің миссия сол – бабалардан қалған мұраны қолдан келгенше балаларға жеткізіп, тастап кетуге күш салу.