Тұрғын үй нарығы: жаңасы қымбаттап, ескісі арзандайды
«Әлемдік апат», «құйынды дауыл», «қара түнек» – бұл биылғы дағдарысқа тағылған эпитеттердің бір парасы ғана. Экономика бұған дейін бұндай жағымсыз факторлар шоғырын сезінбеген болар. Соның ішінде тұрғын үй нарығына да валюта құнсыздануы мен карантиннің кері әсері қатты тиіп тұр.
Жаңа үйлердің бағасы шарықтап барады
Коронадағдарыс кезінде ұлттық валютаның құнсыздануы, шекараның жабылуы шетелден келетін материалдардың қымбаттауына әкеп соқты. Ал отандық құрылыс саласындағы импорттық тауар үлесі 50 пайыздан асып жығылады. Елдегі құрылыс саласына импорттың ықпалық азайту үшін 33 жаңа кәсіпорын салынып жатыр. Бұл кәсіпорындар шығаратын өнім импорттық тауар үлесін 54 пайызға азайтуы тиіс. Болашақта құрылыстағы отандық өнім үлесін 94 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Алайда құрылыс саласындағы импорт алмастыру бағдарламасының қолға алынғанына көп болған жоқ, енді ғана қарқын алып келеді. Бұл арада жаңа құрылыстың өзіндік құны, соның нәтижесінде тұрғын үй бағасы да қымбаттап барады. Мәселен, korter.kz порталының дерегіне сүйенсек, Алматы қаласындағы жаңа тұрғын үй бір шаршы метрінің бағасы наурыз айынан бері 3,3 пайызға қымбаттап, 447 мың теңгеден 462 мың теңгеге жеткен.
Мемлекет тек эконом-санаттағы үйлерге қолдау көрсетеді
Халықтың нақты табысының азаюы мен коммерциялық ипотека құнының қымбаттығы «комфорт», «бизнес» және «премиум» санаттағы үйлерге деген сұранысты төмендетіп, осындай құрылысты қолға алған қомпаниялардың жұмыс қарқынын баяулатады. Ал мемлекет эконом-кластағы жаңа үйлердің құрылысын ынталандыруын, қолдауын жалғастырып жатыр. Мәселен, 2020 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үйдің 15 млн шаршы метрін немесе 150 мыңға жуық пәтер салу жоспарланған. Мемлекет инвестиция есебінен 2,2 млн шаршы метр немесе 38,3 мың пәтер салады. Соның ішінде 12,6 мың пәтер сатып алу құқығынсыз берілетін әлеуметтік баспана болса, 25,7 мың пәтер арнайы бағдарламалар арқылы ипотекаға беріледі. Бұдан бөлек, аймақтардағы тұрғын үй нарығы мен баспана құрылысын жандандыру үшін Ұлттық банк қосымша 180 млрд теңге бөлді. Оны аймақтар нарыққа облигация шығару арқылы ала алады. Алайда вице-премьер Роман Склярдың айтуынша, 17 өңірдің тек 14-і ғана құрылысты дәл уақытында бастау үшін облигация шығаруға дайын болған.
Қайталама нарықтағы баға арзандайды
Қайталама нарықтағы баға валюта бағамының құбылуына аса тәуелді емес, сатылымға шығарғанда баға қымбат болғанымен, саудаласа келе сатушы біраз түсіріп, айырма тегістеліп кетеді. Бұл жердегі ең басты фактор – тұтынушы қабілетінің төмендеуі, соның салдарынан қайталама нарықтағы баға ақырындап арзандай береді.
Осылайша бастапқы нарық пен қайталама нарықтағы баға алшақтығы тереңдей түседі. Яғни, жаңа үйлердің бағасы қымбат. 2020 жылдың ақпан-маусым айларында жаңа тұрғын үйлердің бағасы айтарлықтай өссе де, krisha.kz сайтының мәліметі бойынша, екі сегменттегі орташа баға аса өзгермеген: ақпан айында бір шаршы метрдің бағасы 431,7 мың теңге болса, сәуірде баға 430,5 мың теңгені құраған. Бұл ретте доллармен бағаланған жыжымайтын мүлік біршама арзандаған, осы кезеңде 1 шаршы метрдің бағасы 100 долларға төмендеген. Бастапқы нарық пен қайталама нарықтағы баға айырмасы 2011-2012 жылдардағы деңгейге түсіп, бір жерде орналасқан жаңа үй мен ескі баспана құнындағы айырмашылық 50 пайызға жетуі мүмкін.