Зейнетақы қорындағы қаражатты «Бәйтеректің» облигациясына салудан түсетін пайда 1 пайызға да жетпейді
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 500 млрд теңге қарыз алатын болды. Бұл қаражат машина жасау, металлургия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, инфрақұрылым және басқа да салалардағы ірі жобаларды кредиттеуге бағытталмақ.
«Егер қаржы салынған жобалар ақталмай қалса не болады» деген сауалға келер болсақ. Біріншіден, 500 млрд теңгені облигация ретінде беріп отыр. Жалпы бағалы қағаздар әрекеттерінің ішінде акция, облигация кең таралған. Ең бірінші қайтарылатын, міндетті болатын нәрсе – облигация. Сондықтан қандай жағдай болмасын, алынған қарыз қайтарылады. Біздегі қаржы саясатына қатысты нормативтік актілерге сай, ол бірінші кезекте қайтарылуы тиіс. Тіпті банкрот болған жағдайда да. Себебі, облигация сөзі «міндетті» деген мағынаны береді. Тақырға отырған жағдайда да, өзіне тиесілі жиһазы мен техникаларын сатса да, құтылуға міндетті. Осы принциптерді ескере отырып, жоғарыдағы да айтқандай, қаржы салынған жобалар ақталмай қалмаса қалай болады деген уайымға орын жоқ деп санаймын.
Екіншіден, бұл қаржы – салымшылардың ақшасы. Олардың жыл сайынғы инвестициялық өсіміне қаншалықты әсер етеді деген мәселеге қатысты мынаны айтар едім.
Мен бұл ретте өзімше калкуляция жасап көрдім. Қазіргі таңда БЖЗҚ-ның қоржынында шамамен 14 трлн 200 млрд теңге бар екен. Ал осы жерден алынып отырған аталған 500 млрд теңге – жалпы портфельдің 3,5 пайызына тең. Бұл жерде ескеретін бір нәрсе, алынатын қарыздың кірістілігі нарықтық бағамен есептеледі деп көрсетілген. Егер шын мәнінде солай болса, жақсы. Мәселен, кейбір құны қымбат мемлекеттік бағалы қағаздар бар. Егер сондай индекстермен беретін болса, онда дұрыс емес болып қалады. Сондықтан бұл жерде облигацияның пайызы қанша екені анық көрсетілуі керек еді. Мен шамамен 20 пайыздық кірістілік береді деп алдым. Ондай жағдайда алынға 500 млрд теңге, 600 млрд болып қайтады деген сөз. Яғни үстіндегі пайда соммасы –100 млрд теңге. Ал, бұл қаржы – жоғарыда айтқан қордағы 14 трлн 200 млрд теңгенің 0,7 пайызы ғана. Яғни, 1 пайызға да жетпейді.
Тағы бір мәселе – форс-мажор жағдай орын алатын болса, үкіметтің өзі кепілдікке тұруы тиіс пе деген мәселе. Әрине, ақша осы халықтікі болған соң, осы мемлекеттің Үкіметі кепіл ретінде тұруы тиіс деп санаймын. Меніңше, Үкімет тарапы бұған бір аса қызығушылық танытпайды деп ойлаймын. Бірақ, «Бәйтерек» холдингін алып қарасақ, ол компания квазимемлекеттік секторға жатады. Оның құрамында да проблемалық бірнеше компания бар екенін де ескеруіміз керек. Бір ғана мысал ретінде, «КазАгрохолдингтің» бүгінгі жағдайын айтсақ та болады. Сондықтан, банкрот болып кету ықтималдығы, аз да болса, бар. Ондай жағдайда Үкімет бұл ақшаны қайтарып беруді шешуі тиіс. Негізінде қолданыстағы заң бойынша қарызға алынған қаржыны алған компания өзі қайтаруға міндетті.