Зейнетақы қорының инвестициясы қаншалықты ақталатынына кепілдік жоқ
Жақында елімізде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жиналған қаржыны орта бизнеске салу туралы мәселе көтерілді. Осы тұста белгілі сарапшылардың пікірі екіге жарылды.
Жалпы зейнетақы қорынан қаражаттарды алып, шағын және орта бизнесті кредиттеу даулы мәселе.
Бір жағынан, егер де ол шынымен шағын және орта кәсіпкерлердің нақты мәселелеріне қатысты көмек ретінде беріліп жатса, жаңа жұмыс орындары мен кәсіпорындардың өнімділігін арттыруға септігін тигізетіні анық.
Алайда, жақында «Бәйтерек» холдингі арқылы алынған 500 миллиард теңгені машина жасау, металлургия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, инфрақұрылымдағы кәсіпорындарды кредиттеуге бағытталғанын ескерсек, тізімдегі тамақ пен жеңіл өнеркәсіптен басқа машина жасау, металлургия, құрылыс индустриясы және инфрақұрылымда көп жағдайда орта және ірі компаниялар жұмыс істейді. Одан тыс, бұл қаражаттың кредиттеу барысында нақты бір зейнетақы қорынан айырықша қолдануды талап ететін ақша емес, тек зейнетақы қорынан алынып, ары қарай екінші деңгейлі банктер арқылы беріліп жүрген қалыпты бизнеске бағытталған кредиттердің қорына қосылады. Сонымен қатар, «Байтерек» холдинг негізінен инфрақұрылымның дамуына кредиттеуге бағытталған болуын ескерсек, бұл шара бірінші ретте зейнетақы қорындағы қаражаттың артуына септігін тигізетін механизм емес, ал, кәдімгі, кәсіпорындарды кредиттеуге арналған ақшаны беру жолына ұқсайды.
Бұл жағдайда, зейнетақы қорының инвестициясы қаншалықты ақталатынына кепілдік жоқ. Жалпы, зейнетақы қоры бұл ары-бері тәжірибеден өте беретін қаражат емес, ол бірінші ретте еңбек етіп, еңбекақысының үлесін болашақ зейнет үшін жинап жүрген азаматтардың қаражаты. Сәйкесінше, зейнетақы қоры үлкен тәуекелдерге салатын қаражат емес, ол азаматтарымыздың зейнетке шыққандағы тұрақтылық кепілі. Ал, шағын және орта кәсіпорындарды дамыту үшін осындай әдісті қолданғаннан гөрі өзге қаржыландыру түрлері мен салықтың жеңілдетулері секілді әдістерді қолдануға болады. Бұл шешімге қатысты күмәндарды сейілту үшін, бәлкім, бұл қаражаттардың шынымен де қайтарымы болатын нақты отандық кәсіпорынға беру бойынша арнайы механизм қажет. Ол қаражаттың айналымын бақылау мен кепілдігі бар қайтарымды қамтамасыз ету қажет.