Жаңа аукционда баға біршама қымбат болары сөзсіз
Еліміздегі бірқатар алтын, көмір, темір және мыс кен орындары мемлекет меншігіне қайтарылды. Атап айтқанда, 2022 жылы уәкілетті органдар қатты пайдалы қазбалар бойынша 115 келісімшарт пен 198 лицензияны, сондай-ақ көмірсутек шикізаты бойынша 12 келісімшартты бұзғанын мәлімдеді.
Кезінде жекешелендіру науқан түрінде өткен жағдайда кейбір нысандар мемлекетке тиімсіз жағдайда сатылғаны рас. Олар кейін білгенін істеп, ресурстарымызды бақылаусыз пайдаланды, олардың үстінде олигархат тұрды. Басты себеп бюджет түсімін ұлғайту болар, 25 жылдан бері нарық өзгерді, ресурстар қымбаттады, сондықтан жаңа келісімде біздің жер қойнауының байлығы қымбат болып, бюджетке түсім көбеймек. Ал бюджет дегеніміз экономиканың арқауы екені рас.
Сонымен қатар бұл кен орындарын алдағы уақытта стратегиялық инвесторларға беру үшін аукционға шығарылатыны айтылды. Өз басым мұны қолдаймын. Жаңа аукционда баға алдыңғыға қарағанда біршама қымбат болары сөзсіз. Инвесторлардың да диверсификациясы болады деп ойлаймын. Мен бұл күнде мемлекет меншігіне қайтарылған осы кен орындарына бұған дейін кім иелік еткенін білмедім, бірақ солтүстік көршіден аулақ болғанымыз жөн.
Сонымен қатар кеше премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр өткізген қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутек шикізатының кен орындарын тексеру мәселесі жөніндегі кеңесте уәкілетті органдар қаржылық міндеттемелерді бұзған жер қойнауын пайдаланушыларға айыппұл салу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл шара жұмыс сапасын арттыруға немесе инвесторлардың жауапкершілігін біршама күшейтуге әсер етеді деп санаймын. Жалпы, талап болғаны дұрыс, әсіресе экология мәселесі мен инвесторларға жергілікті мамандар, жұмысшыларды кеңінен пайдалану керек екендігі нақты айтылуы қажет. Жалпы бұл жұмыстар онан әрі жалғасын тауып, халыққа қызметі маңызды газ, жылу, транспортта мемлекет пен жеке шаруаның бәсекелестігін орнату маңызды. Ең бастысы, ескі олигархтың орнына жаңа олигарх келіп, халықты сүліктей сору жалғаспаса болды.