Жеңілдетілген автонесие – науқандық шараларды еске салады
Жеңілдетілген 4 пайыздық автонесиелеу бағдарламасына өтініш беру 6 ақпаннан басталады. Ол үшін autonesie.kz сайты ашылды.
Қазіргі кезде осы бағдарламаның операторы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-да жинақталған қаражат сомасы 7,6 млрд теңге деп отыр. Яғни әр клиентке 10 млн. теңге қарастырлғанын ескерсек, шамамен 760 адамның ғана өтінімін қанағаттандыра алмақ. Ал, бізде осы бағдарламадан үмітті азаматтар саны мыңдап саналады. Бұның соңы клиенттердің теңдігін бұзуға апарып соқпай ма деген сауал туындауы заңды.
Бұл мәселеге қатысты жалпы, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ бірінші раунд ретінде алғашқы айда 760 адамға автонесие бермекші. Ары қарай тағы да жинақталған қаражат негізінде несие беріледі деп отыр. Дегенмен, бұл көрсеткіш жалпы нарықтағы сұранысты қанағаттандыра алмайтыны анық.
Себебі, қаражаттың жиналу уақыты ұзақ мерзімді талап етеді. Сәйкесінше, бұлай жалғаса беретін болса, онда қордың тағы да үкіметтен қаражат алу ықтималдығы өседі немесе жылына бір рет болып тұратын «жолы болғандарға» ғана арналған бір реттік науқандық шара ретінде қалып кетуі де мүмкін. Мүмкін осы бір реттік науқанда көп болса 700-1000 адамның ғана үміті ақталар. Одан тыс сол шартты түрде 700-1000 адам саны қалай іріктелсе де, ол өте төмен көрсеткіш. Бұның экономикаға, отандық автокөлік сатылымын арттыруға аса бір елеулі оң әсерін береді деп айту қиын. Бұл жақта тіпті клиенттер теңдігі жайлы айтудың өзі артық.
Тағы бір мәселе, қарапайым математикаға салсақ, 10 млн теңгеге көлік алсаңыз, ай сайын 136 мың теңге несие төлейсіз. Қазіргі күнге дейін 4 пайызбен көлік алған 12 мың адам бар деген дерек бар. Осы адамдардан ай сайын банкке револьверлік жүйемен 1 млрд 600 млн теңге түседі. Бұл қаржыға тек ай сайын 160 адам ғана көлік ала алады деген сөз.
Осыған қатысты «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қоры өкілі бұл бағдарлама жалғасатын болса 30 жылда нарықта 60 000 көлікпен тұтынушыларға автонесие береміз деді. Өкінішке қарай, осындай ұзақ мерзімді перспективада бұл өте тиімсіз. Себебі, 2021 жылдың өзіне шаққанда бір жылда 108 358 жаңа жеңіл автокөлік сатылған. Бұл бір жылдық сұраныстың көрсеткіші, осы бір жылдық көрсеткіштің жартысындай көрсеткішті 30 жылға, яғни жылына 2000 автонесие беру ретінде ұсыну теңізге түскен тамшыдай ғана әсер бермек.
Соңғы кезде кейбір сарапшылар «Өнеркәсіпті дамыту қоры» утиль алымнан түсетін 690 млрд теңгенің 200 миллиардын жыл сайын осы бағдарламаға бағыттап отыруы керек деген пікір айтып жүр. Тек сонда ғана Қазақстандықтардың көлік сұранысын қамтамасыз етеміз деген тұжырымдарын алға тартады.
Бұл пікірге қатысты, егер де утиль алымның қаражаты өзінің о бастағы мақсаты, яғни экологиялық мәселелерге ғана емес өзге де бағыттарға қарай жұмсалу мүмкіндігі бар болса, онда әлбетте жылына 2000 көліктен де көбірек автонесие беріп, шынымен де ішкі нарықты дамытуға мүмкіндік береді деп айтуға болар еді.
Егер де утиль алымды шынымен де протекционисттік құрал ретінде қабылдасақ, онда бұдан түсетін қаражат осы жеңілдетілген автонесие бағдарламасына өтуі абзал болар еді.
Өкінішке қарай, осындай шаралар жүйелі түрде іске асырылмаған соң, бұл жеңілдетілген автонесие бағдарламасы уақытша науқандық, белгілі бір деңгейде «түртіп өту» (орысша айтқанда «для галочки») үшін іске асатын шараларды еске салады. Яғни,бүгінгі жағдайға қарап отырып, аталған жеңілдетілген несиемен әрбір тұтынушы көлік алуға қашан еркін қол жеткізетіні де белгісіз деуден басқа айтарымыз жоқ.
Қорытындылай келе, әлбетте автонесиелеу отандық тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру үшін қажет шара. Алайда, ол жүйелі болмаса және қалың көпшілік оған қол жеткізе алмаса, онда бұл бағдарлама отандық нарыққа қаншалықты қажет деген сұрақ туындайды.