Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң елге қандай өзгеріс алып келеді?
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» заң 15 маусымнан бастап өз күшіне енеді. Осы заң арқылы зорлық-зомбылық жасайтын адамдар тартына ма деп үміттеніп отырмыз. Бұл бір екі жыл заң орныққанша қиындау кезеңді бастан өткерер. Жауапкершілік күшейе түскен кезде мысалдар пайда бола бастайды. Сол көріністерге қарап бұл мәселелер біртіндеп жойылатын шығар. Осылайша, заңды күшейте беру арқылы зорлық-зомбылықсыз қоғам орнатамыз ба деген үміт бар. Тартыну ол жазадан қорқу. Басқа амал жоқ.
Белгілі бір себептермен 2020 жылы мәжілісте «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» заң қабылданбай қалды. Оған қоғам дайын болмады, түсінбеді. Сөйтіп зорлық-зомбылыққа қарсы заң жол ортада тоқтап қалды. Биыл әріптестерім Жұлдыз Сүлейменова және басқа да депутаттар осы заң жобасын әзірлеген болатын. Бірақ соған қарамастан зорлық –зомбылық саны көбейген сайын, маған қоғамдық белсенділер арыздана бастады. Мен Алматы қаласынан сайланған сенатор болғандықтан қарауым керек болды. Сенаторлар неге назар аудармайды деп шулай бастаған соң, бәріміз бірігіп депутаттық сауал жолдап, сол сауалға біраз ұсыныстар енгіздім.
Заң бір жылдан астам талқыланды. Заң жобасы мәжілістен, сенатқа келіп түскен кезде, мен белсенділік таныттым дейді. Заңның қабылдануына қарсылық шаралары болды. Қоғамда қарсы ұғымдар пайда болды. Бұл заңды елдің бәрі ойлады балаларды тартып алатын күшке ие, еркектердің құқығы жойылып, әйелдер үстемдік құрады деген алып-қашпа әңгімелер көп тарады.
Бәріміз ата-анамыздан таяқ жеп өстік. Енді баламызға қол көтере алмаймыз ба деген пікірлер шықты. Неге өз балаларымызды өзімізше тәрбиелеуге шектеу қояды деп байбалам салып жатқандарға айтарым, біз зиялы мемлекетте өмір сүреміз.
Әр адамның құқығы конституцияда нақты жазылған. «Таяқ жеу» деген ұғым ол ұрып соғу деген сөз. Ол құқыққа қайшы нәрсе. Заңда тарихи нормалар бойынша, балаларға қол көтеруге тиым салынады. Өзіңнен әлсіз жанды ұрып-соғу адамгершілікке де жатпайды.
Ата-ана құқығынан айыру «Неке және отбасы» заңында көрсетілген. Мысалы ата-ана ішімдікке бой алдырса, балалар жалғыз қалып, салдарынан өрт шықса, санитарлық тазалығы жоқ отбасындағы балалар ауруға шалдықса, баланың жылап отыратынын көршілері көріп қойса, ондай кезде бізде арнайы қызметтер бар. Олар келіп, белгілі бір шара қолдануы тиіс. Балаларды құтқару керек. Соның өзінде оларды ата-анасынан тартып алмас бұрын орталықтарға орналастырады.
Ата-аналарды іздестіреді. Ата-аналар табылғаннан кейін, белгілі бір мерзім кезінде ата-аналар жағдай жасамаса, ары қарай ол іс сотқа беріледі. Сотта куәгерлермен өтеді. Сотта барлық мәселелер дәлелденсе ғана содан кейін барып, ата-ана құқығынан айыру көзделеді. Тіпті ата-ана құқығынан айырылып қалған жағдайда да, балалы қайтадан қайтарып алу құқығы бар.
Мысалы, осыған дейінгі заңда, «сексуалды сипатта тиісті» деген ұғым жоқ. Мәселен, автобуста бір қыз келе жатса, оған бейтаныс еркек қол жүгіртіп, денесін сипаса жаза болмаған. Мектепке, үйірмелерге барған кезде де мұғалім тиіскен, ернінен сүйген деген сияқты жағдайлар болды ғой. Соңғы болған оқиғалардың бәрі ескеріліп, осындай жағдайлар үшін де жаңа заңда арнайы «сексуалдық сипатта тиісу» деген бап енді. Кез-келген ортада бұл жағдай орын алса, жаза тағайындалады.
Өзін-өзі өлтіруге ықпал етіп, көндіргені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Қылмыстық кодекс қылмыстық құраммен толықтырылады. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексті қылмыстық кодекске ауыстыру арқылы денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін, ұрып соққаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Бұл өте маңызды бап. Жаза берілмегендіктен әйелін ұрып соққандар әкімшілік жазамен құтылып кететін. Енді айыппұлмен құтыла алмайды.
Әйелдің құқығы туралы заң әйелдерді қорғайды, еркектерді итеріп тастайды деген пікір мүлдем болмауы керек қоғамда. Себебі отбасы махаббатпен, сүйіспеншілікпен құрылатын шаңырақ емес пе?
Тарихқа үңілсек те ешқашан да зорлық-зомбылықпен отбасын құру деген заңдылық жоқ. Дәстүрімізге қатысты айтсақ, әртүрлі отбасы бар. Мәселен ері жұмыс істеп, әйелі үйде бала-шағамен отырса, ол екі адамның өзара тіл табысуымен жүзеге асса ол құқық бұзушылық емес. Ал егер әйелді ұрлап, алып-қашып үйленіп жатса бұл да зорлық-зомбылық қатарына кіреді. Бұл енді дәстүр емес, қылмыс болып есептеледі. Себебі ешкімді еркінен тыс мәжбүрлеуге құқығы жоқ.
Түнгі сағат үште жолдасы мас күйінде достарын үйге алып келіп жатса, әйелін ұрып-соғып дастархан жаюға мәжбүр етсе, бұл зорлық-зомбылық. Ал егер күйеуі әйеліне алдын ала айтып, келісімімен дастархан жайғызса, бұл зорлық зомбылық емес.
Қылмыстық кодекс деген не? Осы сұрақты әрқашан елге қоямын. Бұл қылмыс жасаған адамдарға негізделген. Бұл жазалардың барлығы адам құқығының тапталмауына негізделген. Егер зорлық-зомбылық жасамай, ниетің таза болып, дұрыс жүріп-тұрсаң, бұл заңнан түкте қорқудың қажеті жоқ.
Зорлық- зомбылыққа ұшырап жатқандардың барлығы әйелдер мен балалар ғой. Бұл заң сол әлсіз жандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негізделген. Бірақ ер адамдардың арасында да зорлық –зомбылық көретіндер бар. Көптеген әйелдер күйеуінен таяқ жегеннен кейін үйінен кетіп қалады. Қарттар да зорлыққа ұшырайды. Сонда үнемі жәбірленуші үйден қашып, далада қалып жатады. Бұл заңда жәбірленушіге жолауға ешқандай құқығы болмайды.
Заңда Харассмент деген түсінік жоқ. Қазіргі таңда парламентте Харассмент туралы заң жобасы қаралып жатыр. Бұл проблеманы талай көтердік. Бұл заңды басқа заңдардың ішіне кіргізген. Харассментпен қатар сталкинг деген ұғым пайда болады.