Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында карантин енгізіледі

Жарияланды
Шектеу 19 наурыздан бастап күшіне енеді

Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия  Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласын карантинге жабу туралы шешім шығарды. 

Еліміздің екі ірі мегаполисі 19 наурыздан бастап карантинге жабылады. Бұл – коронавирус инфекциясының өзге аймақтарына таралмауы үшін қолға алынған шара. 

Айта кетейік, елімізде індет жұқтырғандардың саны қазіргі кезде 32-ге жетті. ҚР ДСМ мәліметі бойынша, Алматы қаласында тағы да – 4 науқас, Нұр-Сұлтан қаласында – 1 адам тіркелді.

Осы сағатта Алматы қаласында – 15 адам, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 17 адам, жалпы 32 науқас тіркелген.

19 наурызда сағат 00:00-де енгізілетін шаралар мыналарды қамтиды:

– карантинді енгізу және ауқымды санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру;

– карантин аймағының периметрін белгілеу және оған кіру/одан шығу пункттерін анықтау;

– адамдардың қозғалысын, сондай-ақ көлік құралдарының кіріп/шығуын шектеу;

– үш санат: ауруды жұқтырғандар, инфекцияға күдіктілер, карантиндегілер санаты бойынша арнайы емдеу мекемелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

– халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру және тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің жұмыс істеуіне оңтайлы болуы үшін, азаматтардың қозғалысын шектеу үшін қалалар аумағының секторларын және олардың шекараларын анықтау;

– қоғамдық көлік қозғалысын күндізгі уақытта тоқтата тұру немесе шектеу және түнгі уақытта тоқтату;

– азық-түліктік емес сауда базарларының жұмысын, азық-түлік өнімдері мен дәрілік заттарды сататын нысандарды қоспағанда, ірі сауда-ойын сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысын уақытша тоқтата тұру;

– санитариялық-эпидемияға қарсы шараларды күшейте отырып, «клиенттерге дейін жеткізу» қағидаты бойынша қоғамдық тамақтану нысандарының жаңа жұмыс режимін белгілеу;

– ХҚКО-ның жұмыс режимін қайта ұйымдастыру;

– карантиндік аймақтардағы халықтың және әрбір сектордың азық-түлік өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге, тіршілікті қамтамасыз ету заттары мен алғашқы қажеттілік тауарларына тәулік сайынғы қажеттілігін анықтау;

– карантиндік аймақтың әрбір секторы үшін қоғамдық көлік қозғалысын барынша шектеуді ескере отырып, сауда және азық-түлікпен әрі алғашқы қажеттілік тауарларымен қамтамасыз ету орталықтарын анықтау;

– ұйымдастырушылық сипаттағы басқа да шаралар.

Сондай-ақ оқыңыз