ІІМ 200-ден аса адам ұсталғанын хабарлады
Ішкі істер министрлігі «қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін» 200-ден аса адам ұсталғанын хабарлады. Жер-жерде болған қақтығыс салдарынан 95 полицей зардап шегіп, 35 қызметтік көлік бүлінген.
«Еліміздің бірқатар аймағында заңсыз акциялар өтті. Жергілікті атқарушы органдар мен прокуратураның ескертуіне қарамастан, азаматтар арандатушылық шақыруларға еріп, тұрақтылыққа және халықтың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін заңсыз әрекеттер жасай бастады. Көшеге шыққандар жолды жауып, қоғамдық тәртіп, тұрғындардың тыныштығы мен елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз ету жүйесін бұзып, көлік қозғалысына тосқауыл қойды» делінген ІІМ таратқан мәліметте.
Алматы, Шымкент және Тараз қалаларында әкімдік ғимаратына шабуыл жасалып, терезе-есіктерін сындырып, материалдық залал келтірілген.
ІІМ көшеге шыққандар тас пен таяқ, газ, бұрыш баллондары мен жанғыш қоспасы бар бөтелке қолданды дейді.
Билік өкілдеріне қарсы күш қолдану, бұзақылық, мемлекеттік органдардың ғимараттарына шабуыл жасау 13 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.