Қаптаманы кәдеге жарату алымы енгізілмек
Алдағы уақытта Қазақстанда қаптаманы кәдеге жарату алымы енгізіледі. Бір бөтелке үшін ол 1,5 теңгені құрайды дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін жүзеге асыру басқармасының басшысы Жасұлан Нұрғалиев.
«Энергетика министрлігінің 2015 жылғы 25-желтоқсандағы №762 бұйрығына өзгерістер енгізіледі. Жоба қоғамдық талқылдаудан өтіп, алдағы айларда өз күшіне енеді»,– деді шенеунік.
Енді тек мемлекеттік органдармен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен келісіп, Әділет министрлігінде тіркеу керек.
«Болжам бойынша, әр бөтелке үшін кәдеге жарату алымы 0,1-0,5 теңгені құрайды Соның ішінде, ең жоғары алым шыны бөтелкелерге белгіленіп отыр – 1,5 теңге. Бізде пластик, шыны және металлдан жасалған бөтелкелер қолданылады. Яғни, бір бөлетке үшін кәдеге жарату алымы 10 тиынды құрайды», – деген Нұрғалиев, оның өзі бөтелкенің салмағына байланысты болатынын айтып өтті.
Кәдеге жарату алымын бірнеше жыл бұрын енгізу жоспарланғанымен, кейінге қалдырылып келіп еді. Оны өндірушілер мен қаптама импорттайтын компаниялар төлейді.