Еңбек демалысын дұрыс жоспарлау жолдары

Жарияланды
Айтпақшы, демалыс күндерін ұзарту құпиясын бөлісеміз

Алда — мамырдағы демалыс күндер, одан қала берді жаз да жақындап қалды. Бұл дегеніңіз еңбек демалысының қамына кірісу керек дегенді білдіреді. Бұған дейін Kursiv Media оқырмандарына еңбек демалысына, шетелге сапарлауға қатысты бірнеше әзірлеген еді. Осы жолы да пайдалы кеңестерді бөлісуге асықпыз. Әсіресе, «жазда бір жаққа қыдырып қайту керек еді» деп жүргендер лайфхактарымызға құлақ түргені жөн болады.

Ертерек қамданған дұрыс

Негізі жұмыста HR бөлімі әр қызметкердің қай айда еңбек демалысына шығатынын алдын-ала жоспарлайды. Өйткені сіз демалған айда орныңызды басқа әріптесіңіз басуы керек. Сол себепті сізден қашан шығатыныңызды сұрап, бәріне де оңтайлы болатын нұсқа жасайды. Егер еңбек демалысын алатын уақыт белгілі болса, шетелге шығу жоспарын бірнеше ай бұрын жоспарлау керек. Оның ішіне билет алу, қонақүй брондау, жолдамалардың нұсқасын қарау дегендер кіреді. Егер ертерек алатын болсаңыз, туроператорлар мен ірі қонақүйлер тарапынан жап-жақсы жеңілдік алуға болады. Сонымен бірге ұшақ билеті де әлдеқайда арзандау түседі. Ерте қамданғаннан еш ұтылмайсыз. Олай дейтініміз, уақыт көп болса, таңдауға жақсы нұсқалар да мол болады. Әдемі апартамент, бағасы қолайлы қонақүйлер бірінші өтіп кететінін ескерсек, ертерек брон жасап үлгерсеңіз, саяхатқа күн санау ғана қалады. Айтпақшы, қонақүйге брон жасаған кезде егер бармайтын болып қалсаңыз, айыппұл алмайтын түрін таңдауға тырысыңыз. Әрі брон үшін көпшілігі бірден ақша шешіп алмайды. Жай ғана картаңыздың деректері дұрыс не бұрыс екенін тексереді. Таңдаған қонақүйіңіздің бағасын бірнеше жерден қараңыз. Туроператорлардың ұсынысына назар салыңыз. Кейде олар ұтымды жеңілдіктер ұсынып қалады. Болмаса, жеке барғаннан гөрі турмен барған тиімдірек болуы мүмкін. Барлық плюс-минусты асықпай бағамдап алыңыз.  

Кейде соңғы сәтте жоспарлаған да жақсы

Алдыңғы кеңестен кейін мынаны естіп, «не болып кетті?» деп қалдыңыз ба? Асықпаңыз, қазір түсіндіреміз. Адамдар өзі екіге бөлінеді: бәрін жоспарлап, ертерек ойластыратындар және ең соңына дейін созып жүріп алатындар. Егер сіз екіншілердің сортынан болсаңыз, онда ерте қамданбағаныңызға өкінбеңіз. Бастысы, «кеттік» дегенде дереу әзірленіп, шыға қоятын адам болсаңыз жеткілікті. Тәуекелге жақын адамдар жоспармен жүрмейді. Аяқ-асты шешімге келе салады. Міне, сондай жандар үшін «ыстық» яки жанып тұрған турлар тиімді. Кейде тур алғандар бармай қалатын болып жатады да, сол қалған санаулы орынды аз күн қалғанда әлдеқайда арзан бағаға туристік операторлардан сатып алуға болады. Одан бөлек, желілік қонақүйлерде де бос орын тым көп болған кезде осындай жеңілдіктер жасайды. Сондайға тап бола қалсаңыз, тіпті керемет. Бірақ турмен емес, өзіңіз баратын болсаңыз, жақындағанда арзан билет табыла қоймайды. Тур — ең жақсы нұсқа.  

Шығындарды дұрыс есептей білу керек

Бұл енді бесенеден белгілі жайт дерсіз. Бірақ шығыны мол демалысқа шығатын кезде бірер кеңесті тыңдап алған жақсы. Сол арқылы біраз үнемдеп қаласыз. Мысалы, бағасы арзан жерден үй таптыңыз делік. «Жолым болды, күшті үй таптым» деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ басқа жақтарын есепке алдыңыз ба? Қонақүйден арзан деп апартамент жалдасаңыз, ол жерде қосымша шығын барын ұмытпаңыз. Баратын жеріңізде азық-түлік қымбат болса, онда бұл жерде еш пайда таппағаныңыз. Қонақүйдегі дайын асқа төленетін ақымен бірдей болып шығуы бек мүмкін. Одан қала берді орналасқан жерін картадан қарау керек. Қаланың шетіндегі, орталыққа жету бірнеше сағат алатын жерден қонақүй арзанға шығатыны анық. Бірақ бұдан сіз қаншалықты ұтасыз? Қоғамдық көлікпен жету қалай екен? Егер ыңғайлы болса, онда жақсы. Ал енді қатты шаршататын болса, ондай демалысқа дайынсыз ба? Сонымен бірге машина жалдауды ойласаңыз, онда орталықтан қонақүй жалдап не керек? Міне, осы сынды дүниелерді ескеру аса қажет.  

Сапар болған соң бәрі ойыңыздағыдай, жоспарыңыздағыдай бола бермейді. Кейде тіпті ойламаған шығын шыға келеді. Айталық, жалға көлік алатын болсаңыз, алдымен кепілдік сұрайды. Егер қайтаратын кезде бір жері сызылса не ұрылса, бензині таусылған күйде әкелсеңіз, уақытынан кешіктірсеңіз — кепілдікке берген ақшаңызды бермей қоюы мүмкін. Одан қала берді, сызып не ұрып алсаңыз, оны қалыпқа келтіру үші төлейтініңізді ұмытпаңыз. Әрине, бәрін ескеру үшін алатын кезде толық сақтандыру жасаған жөн. Ол енді бюджетіңізге байланысты. Дегенмен қамсыз жүргіңіз келсе, автосақтандыру жасатқан абзал. Кепілдік сынды дүние қонақүйде де бар. Ол — депозит. Бірдеңені қиратып алсаңыз, бұзып тастасаңыз ақшаңыз қайтпайды.    

Сақтансаң, сақтайды

Қай жағдай болса да шетелге шыққанда сақтандырудан ақша аямаған дұрыс. Өйткені жолда не жағдай болары белгісіз. Әрине, бәрі жақсы өтсін. Дегенмен сапарда түрлі жағдай болып жатады. Айталық, ауырып қалсаңыз, шетелдің қайсысында болса да дәрі-дәрмек, ауруханаға қаралу қымбат. Сондықтан сақтандыру виза алу үшін ғана керек деп ойламаңыз. Айтпақшы, туроператорлар ұсынатын сақтандыру ішіне көп нәрсе кірмейді. Соны да ескеріп, нақты не кіреді — біліп алу қажет.  

Еңбек демалысын ұзарту жолы

Иә, мұндай да бар. Бәлкім, сіз мұндай тәсілді білмеген боларсыз. Сонымен стандарт демалыс 28 күн дейміз. Жалпы еңбек демалыс аптамен емес, күнтізбе күндерімен есептеледі. Заңға сәйкес, жылына бір рет кемінде 14 күн демалыс алуыңыз керек. Осылайша екі аптаға бір рет шығып, қалған 14 күнін қалай алсаңыз да ерік өзіңізде. Нешеге бөлетініңізді де өзіңіз шешесіз. Дегенмен бес күндік жұмыс аптасы режимінде ұтымдырақ пайдалануға болады. Айталық, жұма не дүйсенбі мереке күнге түсіп қалса, мұндай сәтті қалт жібермеңіз. Бар болғаны дүйсенбіден бейсенбіге дейін немесе сейсенбіден жұмаға дейін демалысқа шығам деп өтініш жазасыз. Өтініште төрт күн көрсеткенмен, сенбі-жексенбіні есептегенде көбірек демалыс аласыз. Осындай сәттерді есептеу керек. Сондай-ақ, сенбі-жексенбіні де қалт жібермеген жөн. Егер оңтүстік өңірде тұрсаңыз, тиіп тұрған Өзбекстанға саяхаттап келіңіз. 

Жоспарды өзгертуден қорықпаңыз

Айталық, сіз осы жолы Мальдив аралдарына қатты барғыңыз келді. Бірақ одан да арзанырақ нұсқа — Доминикана шықты делік. Мұндайда, әрине біріншіден қаржылық жағдайыңыз маңызды. Егер Мальдивке қиналмай төлей алатын жағдайда болсаңыз, арман мен мақсаттан бас тартпайсыз. Ал тиын санап жүрсеңіз, ұтымдырақ жолдарын қарастырған артық болмайды. Қай елде болса да, саяхат — жан рахаты. Әлемде 200-ден астам ел бар. Демек, нұсқа да жетерлік. «Эйфельді көру үшін Парижге барам» деген мақсатқа жету үшін сізде толықтай қаржылай тәуелсіздік болуы керек. Басқа жағдайда бәрін жан-жақсы ойластыру шарт. Барып көрмеген жердің бәріне табан тіреуге ұмтылыңыз. Кей жерлер ерекше әсер беріп, ойламаған ғажап күйге бөлейді. Кей жерлер қиялыңыздағыдай болмай шығады. Бұл — қалыпты жағдай. Оған бола көңіл түсірудің қажеті жоқ. Айтпақшы, бірнеше жерге тоқтап барып жететін сапарлардан қорқудың қажеті жоқ. Қайта оны да бір мүмкіндік деп қарастырған жақсы. Егер келесі бағыттың рейс уақыты ұзақ болса, қуанғаныңыз абзал. Бір елді тегін аралай аласыз деген сөз. Мысалы, Прагаға ұшатын кезде Алматыдан Стамбул арқылы барасыз делік. Ал Стамбул әуежайында 23 сағат күтіп барып Прагаға ұшасыз. Бұл тіпті керемет бонус. Осы уақыт ішінде сіз Түркияның астанасын армансыз аралап үлгересіз. Сол себепті бірнеше жерге тоқтап барып жететін жолдар түссе, бас тартпаңыз. Саяхатты ойға алған адам барлық мүмкіндікті қалт жібермегені жөн. Туристік ұсыныстарда үнемі қарап жүріңіз. Қолайлы түрлері табылып қалу ықтималы жоғары. Мұндайда бар болғаны тез қимылдап, дұрыс шешім қабылдау ғана қажет.  

Сондай-ақ оқыңыз