2018 жылдың қыркүйегінен бері Ауыл шаруашылығы министрлігінің шешімімен, жергілікті асыл тұқымды малды сатып алушыларға мемлекет тарапынан субсидия төлеу тоқтатылды. Осы жаңа ереженің салдарынан Шығыс Қазақстан облысында асыл тұқымды мал сатумен айналысатын 70 шаруа қожалығы шығынға батып отыр. Оған қоса, аймақтағы асыл тұқымды малды сатып алуға әлеуетті 200-ден астам шаруашылық ірі қара малды отандық фермерлерден емес, ал шетелден қымбатқа сатып алуға мәжбүр. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі шенеуніктердің пікіріне сүйенсек, «аталмыш субсидияны төлеу – бюджеттік қаржыны тиімсіз жұмсау» болып табылады екен.
Облыстық ауыл шаруашылық басқармасы мамандарының дерегі бойынша, Шығыс Қазақстан облысы жылына құны 61 млрд теңге болатын 118 мың тонна сиыр етін өндіреді. Аймақ елдегі мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру бағдарламасына белсенді атсалысып жатыр. Жоспар бойынша, алдағы 4 жылда ірі қара мал етін экспорттау екі есе өсуі тиіс. Ол үшін ірі қара мал басын ғана емес, оның өнімділігін арттыру керек (мал тұқымын асылдандырып, асыл тұқымды ірі қара басын көбейту арқылы).
Алайда ШҚО-да асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылық басшылары осындай маңыздылығы жоғары жоспардың жүзеге асатынына алаңдаушылық білдіреді. Шаруалардың айтуынша, биыл қыркүйекте күшіне енген субсидиялаудағы жаңа ереженің салдарынан ірі қара мал басы жоспардағыдай көбеймеуі мүмкін.
Мәселе мынада, бұрын асыл тұқымды ірі қараның ұрғашыларын сатып алушылар (отандық та, шетелден де) мемлекеттен субсидия алатын еді. Қазақстан мен ТМД елдері аймағынан асыл тұқымды ірі қара мал сатып алуға мемлекеттен –150 мың, ал шетелдік сиыр үшін – 225 мың теңге көлемінде субсидия бөлінетін. Сонымен қатар, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы асыл тұқымды ұрғашы малды сатып алу үшін жеңілдетілген несие берілетін еді. Енді бұл жеңілдіктер жоқ.
«Қазақстанда көптеген шаруа қожалықтары асыл тұқымды мал өсіріп, оны тірідей күйінде қалта көтерерлік бағаға, шетелден келетін малдан 40 пайызға арзан болатын бағаға сатып күн көреді. Яғни, жергілікті фермерлерге асыл тұқымды малды бізден сатып алған тиімді, бірақ оларды субсидиядан айырды, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша да несие берілмейді. Енді біздің асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтарымыз ресейліктермен де, беларустармен де бәсекелесе алмайды. Біз бағаны түсірген күннің өзінде де, шаруалардың асыл тұқымды мал сатып алатын ақшасы жоқ. Отандық өнім сұранысқа ие болмай қалды. Сонда қазақстандық тұқымдық шаруашылықтар қалай өмір сүреді? Асыл тұқымды мал шаруашылығы шығынға батып отыр»,– дейді «Шалабай» ЖШС-нің директоры Қуаныш Сүлейменов.
«Шалабай» – Шығыс Қазақстан облысындағы асыл тұқымды мал өсіретін ең үлкен шаруа қожалығы, бұл шаруашылықтағы қазақтың ақбас сиырының басы 2600-ден асады. ШҚО ұзақ жылдар мал тұқымын асылдандыру, ет өнімділігін арттыру бағытында мақсатты түрде жұмыс істеп келеді. Қазір мал басы көбейген шақта, өнімділігі жоғары малды ешкім алмаған соң, ұрғашы мал пышаққа ілініп жатыр. Өйткені олардың барлығына жетерлік жем-шөп қарастырылмаған.
Облыстағы асыл тұқымды мал өсірумен айналасатын 70-тен аса шаруашылықтың малына сұраныс жоқ. Облыстағы асыл тұқымды ұрғашы малды арзанға сатып алуға қызығушылық білдіретін 200 фермерлік шаруашылық олардың әлеуетті тұтынушылары болар еді.
Қазақстан Республикасы қазақтың ақбас тұқымды малдың республикалық палатасының атқарушы директоры, профессор Қабыл Исабековтың айтуынша, Қазақстанның мал шаруашылығында ресурстық әлеует жетіспейді. Егер тоқсаныншы жылдары бордақылау алаңдары мен фермаларда 9,9 млн ірі қара өсірілсе, қазіргі кезде олардың саны 6,47 миллионнан аспайды.
«Республика деңгейінде он жыл бойы шетелден 1 миллион асыл тұқымды малды әкелу туралы шешім қабылданған. Сонда мұндай көлемдегі қажеттілікті импорттық мал есебінен жабу үшін кемі 30 жыл қажет. Соңғы статистикаға көз жүгіртейік. Субсидиялаудың арқасында 2011-2016 жылдары еліміздегі ірі қара мал басы 2-2,5 есе өсті. Осы сандардың өзі мемлекеттік қолдаудың қажеттігін дәлелдеп тұрған жоқ па?» – деп сауал тастайды Қабыл Исабеков.
Бұл мәселеге қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің өзіндік көзқарасы бар. «Курсивътің» сұранысхатына берген жауабында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев субсидия асыл тұқымды мал өсірумен айналысып отырған шаруалардың ұрғашы ірі қараны бір-біріне сатуы көбейіп кеткен соң тоқтатылғанын хабарлады. Өткізілген малдың 90 пайызы асыл тұқымды мал өсірушілердің өз арасында сатылған. Бұл бағытты субсидиялауға жыл сайын қазынадан 3,5 млрд теңге бөлініп отырған.
«Субсидиялау ұрғашы басты көбейтіп, асыл тұқымды мал өнімділігін арттырған жоқ. Тек қазына қаражатын тиімсіз пайдалануға себеп болды. Асыл тұқымды ірі қараның қатары тек шетелден әкелінген мал басының арқасында өсті», – дейді Арман Евниев.
Облыс басшылығы асыл тұқымды мал шаруашылығын импорт есебінен дамыту жоспарын белсенді қолдап отырғанына қарамастан, шенеуніктер жергілікті асыл тұқымды мал зауыттарына мемлекеттік қолдау шараларын тоқтатпай, іске асыра беру керек деп санайды.
«Жақында облыс әкімі Даниал Ахметовтың атынан Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевке отандық тауар өндірушілерге шетелден тасымалдаушылармен теңдей жағдай жасай отырып, қолдау көрсетуін сұраған хат жолданды. Осы мәселеге байланысты әртүрлі аймақтардан фермерлердің атынан да вице-премьерге түрлі депутаттық сауал жолданып жатқанынан хабардармын. Жағдай жақсарады деген үміттеміз», – дейді ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ертай Қанбаев.