Биыл он алтыншы рет ұйымдастырылған Еуразиялық медиафорумда марихуананы заңдастыру мәселесі талқыланып, оған қарсы шыққандардың қатары аз болды. Бұл пікір-таластан бірнеше күн бұрын ҚР ІІМ Қылмыстық Кодекстің 296-бабының есірткіні сату үшін емес, өз қажетіне пайдалануға қатысты бөлігін қылмыстық іс қатарынан алып тастау қажеттігін мәлімдеген болатын.
Айталық, есірткіні қоғамдық орындарда медициналық емес мақсатта пайдалану, есірткіні сату мақсатынсыз дайындау, өңдеу, сатып алу және сақтау, ірі көлемде тасымалдау сияқты әрекеттерді Қылмыстық Кодекстен Әкімшілік Кодекске көшіру жоспарланған. ІІМ өкілдерінің пікіріне сүйенсек, «декриминализация арнайы бөлімдердің күш-қуатын бұдан да маңызды мәселелерге бағыттауға мүмкіндік береді». Бұл жаңалыққа қатысты жасалған болжамдар туралы медиафорумның марихуананы заңдастыру жөнінде сессиясында айтылды. Медиафорум бағдарламасының бұл пункті жайлы тіпті таксистерді өзі білетін, олар құпия түрде өз жолаушыларына айтып жатты…
«Бала кезімізде қарасораның дәнін уыстап жейтін едік, оған біреудің бірдеңе дегенін естімедік. Кейін ғой, кендірді есірткі деп шыққандары», – дейді ескі жигулидің егде жүргізушісі. «Студенттерімнен медиафорумда осы тақырыпты талқылар алдына қарасора қосылған печенье таратады деп естідім», – деп сыбырлайды бұл мәселеге қатысы бар екенін сездіргісі келген жоғары оқу орны оқытушыларының бірі.
Бұндай қызығушылықтан соң, Еуразиялық медиафорумның «Заңды-заңсыз: марихуана қолжетімді» деген тақырыпта өткен сессиясында таяқ тастар жер қалмауы керек еді. Өйткені бұған дейін аталмыш тақырып Қазақстанда ашық талқыланбайтын. Алайда ешқандай дүрлігу болған жоқ. Медиафорумның жиналыс залында бос орын көп болды. XVI Еуразиялық медиафорумның соңғы сессиясы қарасорадан жасалатын, құрамында психоактивті каннабиноидтар бар дәрі-дәрмекті заңдастыруға қатысты қорқынышты сейілту үшін ұйымдастырылған шоуға ұқсап кетті. Десе де, көпшілігі есірткіні шығару мен пайдалануды қатаң бақылауда ұстауға болады деген тұжырымға келген сыңайлы.
Сөзден сөз туып…
Медициналық білімі бар саясаткер, Сент-Винсент және Гренадин медициналық каннабисі басқарма бастығы Джеррол Томпсон марихуананы заңдастыру туралы бірінші болып өз пікірін білдірді.
Оның сөздері залды елең еткізді десек, артық айтқанымыз. ондаған жылдар бойы туристердің ішіп-шегуіне заңсыз, ал 2018 жылдан заңды түрде рұқсат берген Кариб теңізі аралындағы кедейлеу мемлекеттің өкілі бірден есірткі жөніндегі ескі пікірден арылғанындарын жеткізді.
«Қазір медициналық тұрғыдан алғанда, оны пациенттерге қалай қолжетімді, қауіпсіз және тиімді ету, пайдалану, сату мәселесі күн тәртібінде тұр», – деп тұжырымдайды Джеррол Томпсон.
Марихуананы заңдастырған мемлекеттердің қатарында Словения да бар. Люблянск университетінің фармацевтикалық биология кафедрасының профессоры Борут Штрукельдің каннабиске қатысты жағымды пікірін осымен түсіндіруге болатын шығар. Әрине, тек медициналық мақсатта қолдану қажет.
«Шындығын айтар болсақ, қарасора – медициналық мақсатта қолдануға болатын керемет өсімдік. Оны тек дәрі-дәрмек өндірісіне қажетті шикізат ретінде өсіруді реттеу керек. Барлық мәселе осыған келіп тіреледі. Ал оны пайдалану мәселесі әр елдің парламентінде өзінше талқыланатын дүние. Олар онымен жұмыс істеу, ҚҚС, салық салу және т.б. жайын қарастыра алады. Нәтижесінде шылым мен ішімдік өндірісі секілді жағдай болмақ», – деп атап өтті Борут Штрукель.
Қарасорадан жасалатын психотропты заттарды шамадан тыс пайдалану қауіпіне қатысты сауалға ол «жарты сағаттың ішінде 15 литрін бірден ішсе, су да зиян» деп жауап берді. Профессор Штрукельдің пайымдауынша, әр нәрсенің шегін біліп, марихуана обырға, эпилепция мен ұмытшақтық ауруына керемет ем екенін түсінетін дәрігерлер тарапынан қатаң бақылау болса, жеткілікті екен.
Қазақстандық психотерапевт, невроз және Альцгеймер ауруын емдеу орталығының жетекшісі Жібек Жолдасованың осы мәселеге қатысты көзқарасы өте маңызды болса да, алдыңғы екі сарапшы сөзінің көлеңкесінде қалып қойды.
«Шын мәнінде, каннабис аурудың белгілерін ғана жояды. Оған қоса ағзаға патогенетикалық және патофизиологиялық әсер беретінін ескеру керек. Яғни, дәрілік зат аурудың даму механизміне әсер етеді. Сондай-ақ, этиотропты емдеу бар, онда ауруға себепкер нәрсе жойылып, адам сауығады. Мәселен, өкпе қабынған кезде, оған инфекцияны өлтіретін антибиотиктер тағайындалады. Ал каннабистің әрекет ету деңгейі – симптоматикалық. Каннабистен жасалған дәрі-дәрмектер емдеудің өзге де механизмдеріне әсер етеді деген тұжырымның нақты дәлелі жоқ», – деген Жібек Жолдасованың сөзін залдағылар құлағына да ілгісі келмегендей.
Сонымен қатар, психотроптық заттарға деген қызығушылық негізінен жасөспірім шақта оянатындықтан, каннабисті сатуды қатаң бақылау қажет деген сарапшының сөзі айдалаға кетті.
Есесіне канадалық New Leaf Cannabis ритейл-желісінің негізін қалаушы Ангус Тэйлорға сөз берген кезде, зал жандана түсті. Айта кетейік, Канада – G7 кіретін елдердің ішінде алғашқы болып марихуананы заңдастырған мемлекет. Ол өз еліндегі марихуана сатуға қатысты заңнама оны медициналық мақсатта пайдалануға шек қоймайтынын мойындады.
«Біздің компания каннабисті қалай қолдатыны бақылап отырады. Сатып алушыларымызға марихуананы қалай қауіпсіз пайдалану керек, оны балалардың қолы жетпейтін жерде қалай сақтау қажеттігін үйретеміз. Бізге өз тауарымызға жарнама жасауға болмайды. Біздің дүкеніміздің жанынан өтіп бара жатқан адамдар терезеден не сатылып жатқанын көрмейді», – деп өз тәжірибесімен бөлісті Ангус Тэйлор.
Өрт сөндірушінің пікірі қандай?
Жалпы, заңдастыруды жақтаған пікірге залдың реакциясы жақсы болды. Вашинтондық өрт сөндіруші Уилл Джонс III Алматыға Smart Approaches to Marijuana (Марихуанаға саналы көзқарас – «Курсив») альянсының халықаралық және коммуникация серіктесі ретінде келген. Бұл беделді ұйым АҚШ-та кез-келген есірткі түрін заңдастыруға қарсы шығуымен белгілі, сондықта да елдің бәріне ұнай бермейді.
«Біздің ұйым марихуананы медицинада, денсаулықты қалпына келтіру үшін заңдастыру пайдалы деген тұжырыммен келіспейді. АҚШ-тың марихуананы медициналық мақсатта қолдануға рұқсат берген штаттарында каннабистен жасалған дәрі-дәрмекті ішіп алып, көлік жүргізу фактісі көбейген. Бұл үрдістің коммерцияға айналып бара жатқанын да көзіміз көріп отыр. Марихуана жарнамасы бар плакаттар мен билбордтар пайда болды. Сонымен қатар, темекі және ішімдік шығаратын белгілі компаниялар құрамында каннабис бар өнім шығаруға миллиондап инвестиция құйғанын да білеміз. Комммерциялық индустрия тек қаржы табуды көздеп, бұған ересектерді ғана емес, жасөспірімдерді де тартуда. Сондықтан марихуана мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарау керек», – деп мәлімдеді Уилл Джонс ІІІ.
Сонымен қатар, оның айтуынша, Американың марихуананы заңдастырған штаттарында есірткі сататын дүкендердің саны MacDonald’s пен Starbucks-тің ресторандарынан асып кеткен.
Алайда Smart Approaches to Marijuana өкіліне сөзін толық аяқтауға мүмкіндік берілмеді, оған заңдастыруда жақтайтындар қарсы келе бастады. Олардың айтуынша, каннабистен жасалатын өнім өндірісін қатаң бақылап және ойын-сауық индустриясында марихуананы шектен тыс пайдалану өте қауіпті екенін нақты түсінсе, алаңдауға еш негіз жоқ екен.
Еуразиялық медиафорумның соңғы сессиясы, шындығын айтсақ, ойын-сауықтың сипатта өтті де, есірткіні заңдастыру тақырыбын не үшін көтеріп, талқылағаны туралы нақты тұжырым жасауға мүмкіндік бермеді.
Болашақта емлекет марихуананы медициналық мақсатта өсіруді заңдастырып, марихуана нарығында өз орнын алу жоспары бар шығар бәлкім, бірақ бұл – тек болжам ғана. Десе де, елде есірткі өсіруді қолға алу қажет деп тұжырымдайтын жандардың сөзіне сенсек, тек Шу алқабының өзі 1,5 млрд долларға дейін табыс әкелуі мүмкін. Медиафорум сарапшыларының пікір-таласын тыңдағандардың көпшілігі мен БАҚ құралдары бұл көкейтесті мәселеге Дариға Назарбаеваның көзқарасы қандай екенін білгісі келген еді. Алай Сенат төрағасы марихуананы заңдастыру туралы сарапшылардың пікір-таласын мұқият тыңдай отырып, өз пікірін өзінде қалдыруды жөн көрді. Журналистердің де сауалына жауап берген жоқ.