Мәжіліс депутаты Кеңес Әбсәтіров парламент мәжілісінің жалпы отырысында вице-премьер Бердібек Сапарбаевтан «Күнделік» жүйесін міндетті пайдалануды тоқтата тұруды сұрады.
Өз ұсынысына дәлел ретінде депутат жүйенің ешқашан дұрыс жұмыс істемейтінін, «Күнделікке» көп кісі бірден кірген кезде, оның «қатып» қалатынын тілге тиек етті. Оның үстіне, Қазақстандағы 700 мектеп қана жылдамдығы жоғары интернетке қосылған, ал 100-ге жуық мектепте ғаламтор деген атымен жоқ.
«Ақпараттық жүйедегі ақау салдарынан, көптеген мұғалімдер «Күнделікті» түнімен отырып толтыруға мәжбүр. Ал ауыл мұғалімдері интернет жоқ болғандықтан, аудан орталығына барады немесе қаладағы туысқандарының көмегіне жүгініп, амалдап жатыр. Бұл ата-аналардың баласының сабақ үлгерімін уақтылы қадағалауына кедергі келтіреді. Егер жүйе мұндай жүктемені көтере алмайтын болса, оны бүкіл ел бойынша енгізудің қажеті қанша?» – деп сауал тастады мәжілісмен.
Депутаттың айтуынша, «Күнделікке» 500-ден аса адам бірден кіргенде, «лимит асып кетті» деген жазу шығады екен. Ал еліміздің орта мектептерінде оқитын оқушылардың саны 2,8 миллионнан асады.
Осылайша, қазіргі мүмкіндіктерді саралай келе, бұл жүйе, тіпті, теориялық тұрғыда толыққанды жұмыс істей алмайды, деп тұжырымдады мәжілісмен.
Одан бөлек, «Күнделік» сервисінде орналастырылатын жарнама мәтіні де күмән тудырады. Айталық, 20-қыркүйекте «Күнделікте» емтиханды сәтті тапсыруға арналған христиан дұғасының жарнамасы жарияланған, сонымен қатар, киелі кітап, сөз дұғасы, иконалар, шіркеу мейрамдарының күнтізбесі және тағы басқа жарнамалар орналастырылған. Ал бұл – діни насихат пен коммерциялық жарнамаға тыйым салатын «Білім туралы» Заңға қайшы.
«Сондықтан жоғарыда айтылған мәселелерді ескере отырып, «Күнделік» ақпараттық жүйесін мектептерді жылдамдығы жоғары интернетпен толық қамтамасыз еткенше, міндетті пайдалануды тоқтата тұруды ұсынамыз. Ал осы уақыт ішінде оған қанша адам кірсе де тоқтаусыз жұмыс істеуді қатамасыз ету үшін жүйені жетілдіру қажет»,– деп түйіндеді Әбсәтіров.