ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев үкіметте өткен баспасөз-жиыны барысында еңбекке қабілетті мүгедектерді жұмыспен қамтамасыз етуге қатысты қолға алынатын шаралар туралы айтып өтті.
«Біз мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге қатысты квотаны жұмыс берушілердің қаншалықты орындағанына мониторинг жүргізіп отырамыз. Өкінішке қарай, бұл квотаны көптеген жұмыс берушілер орындап отырған жоқ. Қазір қор құру мәселесін қарастырып жатырмыз», – деді Сапарбаев.
Егер жұмыс беруші еңбек күшінің белгіленген пайызына мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа алмаса, оның арнайы қорға қаржы аударуына тура келеді. Бұл қаржы мүгедектігі бар азаматтарды оқыту және басқа жұмыс орнына орналастыруға жұмсалатын болады.
«Қазірзі заңнама бойынша, жергілікті атқарушы органдар кәсіпорындарға 2-4 пайыз квота белгілей алады (осыншама жұмыс орны мүгедектігі бар азаматтарға бөлінуі тиіс). Алайда бұл талап орындалып жатқан жоқ, жұмыс берушілер оларды жұмысқа алмайды. Германия мен Жапонияда жұмыс беруші не квотаны орындайды, не өтемақы төлейтін тәжірибе бар. Біз осы идеяны негізге ала отырып, жан-жақты зерттейміз», – деп түсіндіріп өтті премьер-министрдің орынбасары.
Б.Сапарбаевтың айтуынша, әзірге заң жобасының тұжырымдамасы ғана бар. Үкіметке оны жүзеге асыру механизмін, сондай-ақ өтемақы көлемін анықтау керек. Бұл идея заңнамалық тұрғыда 2020 жылы жүзеге асырылады деп жоспарланған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда қазіргі кезде 690 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат тұрса, соның 400 мыңы – еңбекке қабілетті жандар.