Халық санағын ұйымдастыру және өткізу үшін ел қазынасынан 8,2 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы 13 ақпан күнгі брифингте ҚР ҰЭМ статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов мәлімдеді.
«Халық санағына қанша қаржы кететіні бәріңізді қызықтырады. Нақты белгіленген бюджет – 8,2 млрд (теңге). Бұл көп пе, әлде аз ба? Егер 2009 жылы өткен халық санағымен салыстырсақ, ол кезде 16 млн халықты санау үшін 6,5 млрд теңге жұмсалған. Ал биыл жыл соңына дейін ҚР азаматтарының саны 18,7 миллионға жетеді деп болжап отырмыз», – деді ол.
Комитет төрағасы аталған 8,2 млрд теңге 2018-2022 жылдар аралығында ұлттық халық санағын жүргізуге жұмсалатынын айтып өтті.
Осы қаржының 3,7 млрд теңгесі – интервьюерлердің жалақысына, 700 млн теңге – онлайн-ресурс және санақ жүргізілетін ақпараттық жүйені әзірлеуге, 1 миллиард теңгеге жуық ақша интервьюерлерге арналған планшет, сөмке мен шарф сатып алуға жұмсалады.
Одан бөлек, әр ауданда санақ жөніндегі бөлім ашылып, кейбір аудандарда көлік жалдауға тура келеді.
«Биыл сол қаржының 4 млрд теңгесі жұмсалады», – деді Айдапкелов.
Халық санағы 10 жылда бір рет жүргізіледі. Соңғы халық санағы 2009 жылы өткен еді, былтыр санақ жүргізуге үлгермеген соң, ол 2020 жылға қалдырылған.
Тікелей халық санағын өткізу кезеңінде 2020 жылы уақытша санақ персоналы ретінде (нұсқаушы-бақылаушылар, интервьюерлер) 32,5 мың адамды жұмысқа тарту және орналастыру жоспарланған. Жалданатын азаматтарға қойылатын талаптар: 18 жастан асқан Қазақстан Республикасының азаматы, бастамашыл, жауапты, тез тіл табысатын болуы қажет. Жұмыс өтілі мен кәсіби біліміне талаптар қойылмайды, планшетпен жұмыс істей білуі керек.
Халық санағын жүргізу кезінде интервьюердің қолында:
1. Аумақтық статистика органының қолы қойылған және мөрі басылған, фотосуреті бар, аты-жөні жазылған, берілген күні мен қолданылу мерзімі көрсетілген интервьер куәлігі;
2. Халық санағының символикасы бар көк түсті шарф;
3. Халық санағының символикасы бар көк түсті портфель болуы тиіс.
Санақ персоналымен өтеулі қызмет көрсету шарттары жасалады. 30 күн қызмет көрсетілген кезде дайындық кезеңінің интервьюеріне (тіркеушіге) көрсетілген қызметтері үшін 75 743 теңге төленсе, негізгі кезең интервьюеріне (санақтан өткізушіге) 30 күндік жұмысы үшін 94 678 теңге төлеу жоспарланған, дайындық және негізгі кезеңдердің нұсқаушы-бақылаушысына 45 күндік көрсеткен қызметі үшін 113 614 теңге төленеді.