Бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапановқа сот үкімі шықты

Опубликовано
Ерлан Қожағапановқа сот үкімі шықты/коллаж kursivюmedia

Астанада бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапановқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды KursivMedia.

Сот үкімімен ол 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ Қожағапанов өмір бойы мемлекеттік қызмет атқара алмайды.

Қожағапанов 2017-2019 жылдары мәдениет және спорт вице-министрі болған, 2019-2021 жылдары Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. 2021 жылы қайта мәдениет және спорт вице-министрі болып тағайындалған. 

Істің мән-жайы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ерлан Қожағапановты 2024 жылдың наурызында ұстаған. Ол Алматыда ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ерлан Қожағапанов «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзовамен бірге 2018 жылы Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы көрмесін ұйымдастыру кезінде 1 млрд теңгені жымқырды деп айыпталған.

Агенттік хабарлауынша, 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасаған кезде форумды өткізу үшін жасалған сметада бағаны екі есе өсіріп көрсеткен. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкелген.

7 жылға соттауды сұрады

Бұған дейінгі сот отырысында іс бойынша мемлекеттік айыптаушы Ерлан Қожағапановты Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп тауып, 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл бапта ауыр салдарға алып келген лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану әрекеті көрсетілген. Заңда азаматтың осы әрекетті жасағаны дәлелденсе, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылатыны көрсетілген.

Ал Ләззат Көккөзова Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша айыпталып отыр. Мұнда аса iрi мөлшерде жасалған сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу әрекеті көрсетілген. Прокурор Көккөзованы 8 жылға соттауды сұрады.

Читайте также