Қазақ мұнайына да қауіп төне ме?

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстан мұнай экспорттауда қиындыққа тап болуы мүмкін

Батыс елдері тарапынан Ресей экономикасына санкциялардың салынуы Қазақстанға да жағымсыз әсерін тигізуі мүмкін. Оның алғашқы көріністері қазірдің өзінде байқала бастады. Бірер күн бұрын шетелдік ірі мұнай импорттаушы компаниялардың қазақстандық мұнайдан бас тартуы туралы ақпарат тарады. Ақпаратты әлемге әйгілі S&P Global Commodity Insights және Reuters басылымдары таратты.

Олардың жазуынша, үндістандық ірі мұнай-газ компаниясы Indian Oil Corporation сақтандыру және жеткізу тәуекелі туындауы мүмкін деген себеппен Қазақстан мұнайынан бас тартқан. Трейдерлердің мәлімдеуінше, Қазақстан өз мұнайын Ресей порттары арқылы экспорттайды, ал Ресей қазір санкцияның астында қалып отыр, бұл өз кезегінде өнімді жеткізуде кедергілер туындатуы ықтимал.

Әңгіме қазақстандық CPC (Caspian Pipeline Consortium – Каспий құбыр консорциумы) мұнайы туралы болып отыр. Қазақстандық экономист Алмас Чукиннің айтуынша, біздің мұнайдың 90 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортталады. Бұл – халықаралық консорциум.

«Мәселе құбырдың өзінде ғана болып отырған жоқ, құбыр желісі бойынша мұнайды тиеу – жолдың бір бөлігі ғана. Мұнай Ресей территориясында танкерлерге тиеледі. Ал ол ресейлік порттан шығады. Сатып алушы мен сақтандырушыны табу арқылы түйткілді шешуге болады деп ойлаймын. Оның үстіне нарық дегеніңіз СПС-ты сатып алудан бас тартатын санаулы сатып алушымен шектеледі. Бірақ жағдай негативті сценарий жағдайында өрбіп, елдер мен ірі жеткізушілер консорциуммен серіктестіктен бас тартатын болса Қазақстан мұнайы экспортсыз қалуы әбден мүмкін. Бұл сөз жоқ, үлкен проблема» деді Чукин.

Сарапшының айтуынша, Әзірбайжан немесе басқа да елдер арқылы айналма жолдарды табу үшін біраз жыл қажет болады.

«Ірі америкалық Chevron компаниясының Каспий құбыр желісі мен Теңізшевройлдың акционері екенін ескерсек, елдер келісімге келеді және Қазақстан мұнайын консорциум арқылы алады деген сенім бар. Негативті сценарийдің болмау және Қазақстанның мұнай экспортын жалғастыру ықтималдылығы жоғары. Бәрін де уақыт көрсетеді» дейді сарапшы.

Каспий құбыр желісі консорциумы Қазақстандағы кен орындарынан тәулігіне 1,2 млн баррель жеткізеді. Аталған консорциумға тиесілі кен орындарында шетелдік Chevron (CVX.N), Exxon Mobil (XOM.N), Eni және Shell (SHEL.L) компаниялары жұмыс істейді. Консорциумның 24 пайызы акциясы Ресейге тиесілі болса, «ҚазМұнайГаз»-да – 19, Chevron-да – 15, LUKARCO B.V.-да – 12,5, Mobil-да – 7,5, Rosneft-Shell-де – 7,5, Транснефть-те – 7, Eni-де – 2, «Казахстан Пайплайн Венчурс»-та – 1,75, «Орикс Каспиан Пайплайн Лтд»-да – 1,75 пайыз акциясы бар.

Кейінірек Энергетика министрлігі «ҚазМұнайГаз» мамандарына сілтеме жасай отырып аталған оқиғаға байланысты өз позициясын білдірді. Мұны Tengrinews жариялады. Басылым таратқан ақпаратқа сенсек, Indian Oil Corporation-ның қазақ мұнайынан толық бас тартуы шындыққа сай келмейді.

«Үндістандық БАҚ және Refinitiv ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша Indian Oil Corporation сақтандыру және мұнай өңдеу зауыттарына жеткізу шығындарының артуына байланысты FOB негізінде Urals және CPC мұнай маркаларын алуды тоқтату туралы хабардар еткен. Егер сатушы мұнайды мұнай өңдеу зауытына өзі жеткізген жағдайда Indian Oil Corporation оны сатып алатын болады» делінген министрлік хабарламасында.

Еске салайық, 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін батыс елдері және АҚШ жаппай Ресей экономикасына зардабы ауыр тиетін санкциялар сала бастады. Қазірдің өзінде Ресейдің 7 банкі SWIFT жүйесінен ажыратылды.

Ал Канада алғаш болып Ресей мұнайына эмбарго жариялады. Канада үкіметінің басшысы Джастин Трюдо «Путин мен оның айналасындағы олигархтар өздеріне орасан пайда әкеліп отырған табыс көзінен айырылды» деп мәлімдеді. АҚШ пен оның одақтастарының қаржылық санкциялар пакеті аясында ресейлік банктерді SWIFT халықаралық төлем жүйесінен ажыратуы, өзге де қатаң қаржылық шектеулер көптеген мұнай өңдеу компанияларының өздерінің ресейлік мұнайға қатысты жоспарларын қайта қарауға мәжбүр етті.

Қазір мұнай бағасы нарықта қарқынды өсіп жатыр. 3 наурыз күні Brent мұнайының маркасы барреліне 116 доллардан асты. Мұндай баға 2013 жылдың қыркүйек айынан бері алғаш рет тіркеліп отыр. Нұр-Сұлтан уақыты бойынша таңғы 09:10-да Brent мұнайының мамыр фьючерстері 10,87 пайызға қымбаттап, барреліне 116,38 доллардан сатылған.

WTI мұнайының сәуір фьючерстері 9,55 пайызға қымбаттап, барреліне 113,29 доллардан сатылған. Халықаралық сарапшылардың болжауынша алдағы уақытта Brent мұнайының бағасы 130 долларға жетуі мүмкін. Егер Украинадағы ахуал жақсармайтын болса ресейлік мұнайдың жеткізілуі нашарлап, бұл өз кезегінде бағаның одан әрі қымбаттауына жол ашады.

Сондай-ақ оқыңыз