2022 жылы қайда саяхаттауға болады?
Әлемде эпидемиялық ахуал біртіндеп жақсарып келеді. Бұл – саяхаттауға жол да ашылып жатыр деген сөз. Бірақ бәрі бұрынғыдай, өз қалпына келе қалды деп ойламаңыз. Себебі жалпы алғанда коронавирустың таралуы азайып, ұжымдық иммунитет қалыптасып жатыр десек те, карантин шаралары немесе осыған қатысты біршама талап әлі күшінде. Осы материалда шетелге саяхаттауды жоспарлап жүргендерге пайдалы кеңестер айтып, белгілі жиһангез блогерлерден лайфхактар да ұсынамыз.
Саяхатты жоспарлау бұрынғыдан қиынырақ
Мысалы бұрын сапарға шығу үшін уақыт пен қаражат болса жеткілікті еді. Еңбек демалысын алатын кезді жоспарлап, сол кезге ақша жинап, буып-түйіп қоятынбыз. Ал пандемияға байланысты жоспарлау процесі өзгеріп, қиындап кетті. Бірнеше ай бұрын, тіпті жарты жыл бұрын арзанға билет алып қою деген сияқты нұсқалар қазір жүре бермейді. Себебі шекара жабылып қалуы немесе коронавируске шалдығып, тест сынамасы оң болып қалу ықтималы жоғары.
Сондықтан қазір баратын еліңіз туристерге ашық па, виза алу жолдары қандай, беріп жатыр ма, қандай шектеулер мен тыйымдар бар, қандай құжат қолда болуы міндетті — бәрін біліп алу керек. Тіпті жоспарлап бастағанда бір сұрастырып, одан шығардан бұрын тағы бір нақтылау шарт. Өйткені бәрі демде өзгеріп сала берсе, ғажап емес. Егер осындай өзгеріс ене қалса, қаражатыңыз брондалған қонақ үйдің не әуе компаниясының шотына тұрып қалып, оны қайтарып алу процесі ұзап кетуі мүмкін. Мұндай жағдайға тап болмас үшін қанша қымбат болса да, дәл барар кезде алуға тура келеді. Болмаса, ақыры ертерек алып қойсаңыз, ойыңыздың бір түкпірінде жоспарыңыз іске аспай қалуы мүмкін екенін ұстағайсыз.
Сапарға шықпас бұрын тапсыратын тест туралы
Пандемияның бізге сіңірген бір түсінігі — ПТР тест. Әзірге бұл шарт барлығында дерлік сақтаулы. Әрине, вакцина салдырған азаматтар Қазақстанның екпе төлқұжатын мойындайтын кей елдерге емін-еркін бара алады. Десек те, басым көпшілігі ковидке тест тапсыруды міндеттейді. Ендеше, тест түрлеріне, тапсыру мерзімдеріне тоқталсақ. Көбіне саяхатқа шығардан бұрын, жаңа елге табан тірегенде, одан елге қайтарда тапсыру қажет болады. Туристерден әдетте ковид жұқтырмағанын дәлелдейтін анықтаманың алынғанына 48 не 72 сағаттан аспаған болуы керек деген шарт қояды. Көп жағдайда ПТР тест сұралады. Ал енді кейбір елдерде COVID-19-ға антиденелерге немесе коронавирустың антигендеріне тест тапсыру қажет болуы мүмкін.
Қалай тапсыратынына келсек, ПТР тест жасау үшін дәрігер мұрыннан жағынды алады. Оның нәтижесі 12-24 сағатта әзір болады. Егер асығыс болсаңыз, экспресс тест жасап, санаулы сағатта ала аласыз. Әлбетте, бағасы қымбаттау. Бұл жерде есте сақтау керек шарт: баратын еліңіз тапсырып жатқан зертхананың анықтамасын қабылдай ма — соны біліп алу қажет. Ал антиденелерге тест тапсыратын болсаңыз, онда қан алады. Бұл азаматтың қазір ауырып жүргенін не бұрын ауырып кеткенін көрсетеді. Көбіне мұны сұрата бермейді. Антиген-тест (RAT, rapid antigen test) деген бар. Ол коронавирустың құрамына кіретін ақуыздарды табады. Ол үшін дәрігер мұрыннан жағынды алады. Жауабы тез шығады. Мұнда да зертхананың мойындалатынын нақтылап алу қажет.
Қандай қолайсыздықтар туындауы мүмкін?
Саяхаттау кезінде әр елдің салты ғана емес, шарты да әртүрлі екенін байқауға болады. Өйткені бұрынғыдай аяқты кеңге салып жүре алмауыңыз мүмкін. Мысалы, маска тағу. Бүгінде ашық аспан астында маска тағып жүру ережесінен көпшілігі бас тартып жатыр. Дегенмен ғимарат ішінде тағуды міндеттейтіндер көп. Сонымен бірге қаланың кей көрікті жерлері жабық болуы мүмкін. Сондықтан баратын кезде мұны да сұрастырып алған артық болмайды. Ең оңайы Google Maps-қа кіріп, сол жерден туристердің пікірін оқып шығу. Енді бір елдерде коменданттық сағат болып жатуы мүмкін. Қанша жерден жағдай реттеліп келеді десек те, мұндай проблемамен бетпе-бет келмеймін деп ойламаңыз. Қазір бәрі де мүмкін. Тіпті вакцина салдырғандардың өзіне шектеулер қойылады. Яғни вакцина паспорты бар екен деп алаңсыз жүре алмайсыз.
Сапарға қалай дайындалған жөн?
Жолда түрлі келеңсіздікке тап болмас үшін бізден бірнеше кеңесті қабыл алғайсыз. Яғни форс-мажор бола қалса, не істейтініңізді алдын-ала білген артық болмайды. Мемлекеттік қызметтер алатын порталға тіркеліп алыңыз. Қолыңыздағы құрылғы арқылы ол ашылып тұр ма — тексеріңіз. Аяқ-асты ашылмай қалса, бұл — қосымша стресс. Ақша ешқашан артық болмайды. Әсіресе, қазіргі жағдайда. Себебі минимум есептеп барғанда түрлі мәселе шыға қалуы әбден мүмкін екенін ұмытпаңыз. Роумиң қостырып алыңыз. Үйдегілермен байланысқа шығу маңызды. Болмаса, бірден сим-карта сатып алып, интернет тариф қосып алыңыз. Өмірді сақтандыру шарттарын мұқият қарастырыңыз. Шетелге шыққанда сақтандыру маңызды. Себебі жолда ауырып қалар болсаңыз, медициналық полис қаржылық шығынды әжептәуір азайтады. Тіпті толықтай жауып береді. Тағы бір ескеретін жайт: жаңалықтарды шолып жүріңіз. Бұл да маңызды.
Трэвел блогерлерге сауалнама
Материалға «дәм» беру үшін танымал қазақстандық жиһангез блогерлерге бірнеше сауал жолдаған едік. Нақтырақ айтсақ:
- Биыл көктем, жаз, күз айларында қай елдерге саяхаттаған жөн?
- Пандемия кезіндегі сапарлардың ерекшелігі қандай? Нені ескеру керек?
- Трэвел блогерлерден кеңес. Үнемі ұстанатын ритуалдарыңыз бар ма?
Руслан МЕДЕЛБЕК: 2022 — үміт жылы
- Қазақстандықтар үшін қолайлысы — Түркия, Дубай, Грузия, Египет. Бұл елдерге сұраныс жоғары. Әрине, бәрі қолда қанша қаражат барына байланысты. Мысалы, қалта көтерсе жазда Мальдив аралдарына, Тайланд, Малайзияға баруға болады. Дәл қазір Еуропа елдерінің біразы әлі жабық. Кейбірі Pfizer салдырғандарға виза беріп жатыр. Бірақ оны нақтылау қажет. Жазға дейін талап әлі талай өзгеруі мүмкін. Дегенмен қаражат жағынан тиімдісі — Грузия. Одан кейін Түркия да арзан. Күн ыстық, дегенмен суға шомылып, демалып қайтуға болады.
- Биыл пандемияның соңғы жылы болады деп үміттенем. 2020 жылға қарағанда былтырғы жаз саяхат үшін жақсырақ болды. 2022 одан да жақсы болады деп ойлаймын. Осы жаздан бастап көпшілік қайтадан саяхатқа ден қоя бастайтын сыңайлы. Бірақ басты ескеретін жайт —ПТР тест мерзімі, қандай жиілікпен тапсыру керек, вакцина алу міндетті ме, қандай түрі деген сұрақтарға нақты жауап алу. Ең сенімді дереккөз ретінде әуе компанияларының сайттарын айтар едім. Өйткені олар жиі жаңартып отырады. Өз басым, сол жердегі деректерге ғана сүйенемін. Өзгелері ескіріп кетуі мүмкін. Талап апта сайын ауысып жатыр. Одан соң, маска тағу режимі. Биыл қалай болатынын көреміз. Дегенмен былтыр көктемде Түркияға болғанымда талап өте қатаң болды. Тіпті далада жүрсеңіз де, маска тағу міндеттелді. Өзім үшін 2022 — үміт жылы. Жақсылыққа үміттенемін. Екі жарым жыл бойы толық шекарасы жабық болған Аустралия ашылып жатыр. Бұл — өте жақсы нышан.
- Өз басым аса ритуал ұстанбаймын. Дегенмен саяхатқа шығардан он шақты күн бұрын отырып, алуым керек заттардың тізімін жасап шығамын. Сөйтіп түгендеген сайын сызып тастап отырамын. Егер осы уақыт ішінде тағы бір заттар еске түссе, онда қосып қоямын. Блокнотқа жазып түгендейтін әдетім бар. Сапарға шыққанда ең бастысы, сақ болу қажет. Соның ішінде, құжатқа және ақшаға мұқият болған жөн. Егер құжатыңызды жоғалтып алсаңыз, бүкіл саяхатыңыз бүлінеді, жоспар бұзылады. Басқа жоғалған нәрсенің орнын толтыруға болады. Ал енді ақшаға қатысты бір кеңесім: өзіңізбен бірге бірнеше карта салып жүріңіз. Сумканың әр жеріне салып қойыңыз. Егер ақшаңызды жоғалтсаңыз, елдегі таныстарыңызға хабарласып, қолда бар банктің картасына ақша аударуын сұрасаңыз болады. Саяхатта рюкзакпен жүрген қолайлы. Оны таңдағанда да ақша салатын қалтасының терең болғаны дұрыс. Өзім үнемі ішкі қалтасы көп рюкзактар аламын. Сөйтіп адам қолы жетпейтіндей жерге құжат пен ақшамды салып қоямын. Егер қонақүйде сейф болса, сол жерге салып кеткен дұрыс.
Әлішер ЕЛІКБАЕВ: Бір барған елге қайта баратындардың қатарынанмын
- Көктемде Түркия жақсырақ. Өз басым ыстықты аса ұнатпайтындықтан, жазда барғым келмейді. Анталия жағалауы жазда қайнап тұрады. Бала-шағамен баратындарға жақсы, әрине. Ал мен салқындау температураны жақсы көремін. Нағыз маусымы болмаған соң, тамақ та, қонақ үй де әжептәуір арзан болады. Адам да көп емес. Жазда all inclusive бағыттарды таңдаймын. Себебі балалардың жазғы демалысы басталады. Америкаға жылдың қай мезгілінде барсаңыз да жарасады. Бастысы, қай штатқа баратыныңызды алдын-ала жоспарласаңыз болғаны.
- Пандемия кезінде де тыныш жатпадым десем болады. Қай елдердің есігі ашық болса, сол жаққа сапарлаттым. Басты ерекшелігі сол — ПТР тест тапсыру. Ұдайы анализ тапсыру, түрлі шектеулермен бетпе-бет келу, небір мобайл қолданбалар жүктеу сынды қиындықтарға тап боласыз. Мысалы бізде бюрократия көп дейміз. Бірақ Тайланд пен Катарға барсаңыз, көкесін көресіз. Ұшаққа мінгенше түрлі құжат өткізу қажет. Сондай-ақ, қалтаға түсетін салмақ көбейді. Қымбатшылық, қосымша шығындар бар. Соған қарамастан саяхатшылар өмірінің бір бөлігі ретінде қабылдап алғандықтан, тоқтай алмай, «өкшесі» қызып тұрады. Ұзақ уақыт үйде отырып қалсақ, көңіл-күйіміз түседі. Өз басым, осы қыста Тайланд, Катар, Африка, Түркия, Дубайға бардым. Кипр, Иран, АҚШ-қа бару жоспарымда бар. Және жыл соңына қарай Африкаға тағы бір барып қайтқым келеді. Жалпы алғанда қырықтан аса елде болыппын. Алда әлі көбейткім келеді. Бірақ мен бір барған жерге қайтадан баратын адамдардың қатарынанмын. Мысалы Тайландта 21 рет, Испания мен АҚШ-та 10 рет болған екенмін.
- Егер бірінші рет саяхатқа шығатын болсаңыз әрі тілді еркін білмесеңіз, кемінде қазақша мен орысша жақсы түсінетін жерді таңдаған жөн. Ондай елдердің қатарында Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері бар. Сондай-ақ, тұңғыш рет шетелге шыққанда туристік фирмалардың көмегіне жүгінген жақсы. Сосын барып өздігіңізбен шықсаңыз болады. Өз басым сапарларымның 90 пайызын өзім ұйымдастырғаныммен, арасында турфирмаларға сеніп тапсырамын. Көбіне бұрын-соңды бармаған елдеріме шыққанда. Себебі туристік компаниялар жақсырақ біледі. Сақтандыру полисіне баса мән беремін. Одан соң, ипохондрик адам болғандықтан, өзіммен үнемі дәрі-дәрмек алып жүремін. Пауэр-банк, құлаққапты қуаттауды құнттаймын. Сонымен бірге қолма-қол ақша міндетті түрде алып жүремін. Міне, мендегі ритуалдар осы ғана.
Қуат БОЛАТОВ: Саяхатқа шығардан бұрын Excel-де кесте құрамын
- Қазақстандықтар жақсы көретін Түркия ашық. Одан соң Египет, Тайланд та — жақсы бағыт. Жалпы коронавирусқа қатысты шектеу әлсіреп жатқандықтан, енді баратын елдер тізімі көбейе береді деп ойлаймын.
- Негізі көпшілігі вакцина сұрайды. Екі доза салынып, одан 14 күн өту керек. QazVac вакцинасы басқа елдерде қабылданбайды, мысалы. Спутник V-ны мақұлдағандар тізімі де шектеулі. Vero Cell вакцинасын елде табу оңай. Pfizer-ді де іздесе, табуға болады. Пандемия болғандықтан, қазір саяхат жоспарласам, уақыты жақындағанда көпшілік жүретін жерлерге көп бармауға тырысам, кездесулер санын азайтам. Өйткені достарымда бәрін ұйымдастырып қойып, ПТР тапсырған кезде коронавирус анықталған жағдайлар болды. Амалсыз, билет күйіп кетеді. Болмаса, сол елге барған соң анықталса, ол да қосымша шығын болады. Қонақүйде карантинде жату, сынама тапсыру, билет күнін ауыстыру керек болады дегендей. Менің берер кеңесім: сақтандыру полисіне симптомды және симптомсыз ковид қосқан жөн. Өйткені ондай полистің ішінде қонақүйге орналасу, қайтар билет, ем-дом, тамақ кіреді. Осыны ескерген жөн.
- Саяхатқа шығардан бұрын Excel-де кесте құрамын. Қандай шығын болады, қай жерлерге барамын — бәрін жоспарлаймын. Гугл картаға барғым келетін жерлерді, мейрамханалар, ескерткіштерді белгілеп қоямын. Одан кейін міндетті түрде роумиң қосамын. Егер ерекше саяхат болатын болса, алу керек заттардың тізімін жасаймын. Ал енді кеңеске келсек, саяхаттың басын Қазақстаннан бастаған дұрыс деп ойлаймын. Өйткені арзан, тіл барьері жоқ. Одан кейін көрші елдерге ауысыңыз. Айталық, Өзбекстан. Қырғызстанның табиғаты әдемі. Содан соң Грузияға ойысуға болады. Елімізде соңғы кездеі авторлық турлар сәнге айналып келеді. Яғни белгілі блогерлер өздерімен бірге алып кетеді. Ол әрі қызық, әрі шығыны әлдеқайда азырақ. Маған саяхаттың барлық түрі ұнайды десем болады. Бір ұнамайтыны — hitchhiking немесе автостоп. 2016 жылы Оңтүстік Кореяда істеп көрдім, көңілімнен шықпады. Басқа адамдардың ыңғайына қарауға тура келеді. Соңғы жылдары оқырмандарымды ертіп апарып, саяхат ұйымдастырып жүрмін. Бүгінге дейін 52 мемлекетке бардым. Оның ішінде онын велосипедпен араладым.
Өркен КЕНЖЕБЕК: Барған елдің тілінде фильм қарайтын әдетім бар
- Көктемде — Еуропа, жазда — Дубай, Мысыр, Түркия, Шри-ланка, күзде тағы да Еуропа жақсы. Бұл жерде барқыт маусымда, яғни қолайлы кезде бару маңызды.
- Пандемия кезіндегі саяхаттардың ерекшелігі — коронавирус жұқтырып қалу қаупі жоғары. Мысалы Угандаға барғанда 8 рет тест тапсырдық. Үнемі стрессте жүресің.
- Айтарлықтай ритуалдарым жоқ десе болады. Досым Яков Федоров екеуміз сапарға барған елдің тілінде фильм көреміз. Сол ғана есіме түсіп тұр. Кеңеске келсек, бәрі саяхаттау тәжірибесіне байланысты. Мысалы соло-тур картамен жұмыс істей алатын, маршрутты өзі құра алатын, қиындықтарға тап болса шешімін таба алатын саяхаттауда тәжірибесі барларға жақсы. Ал жалпы туристерге топпен саяхаттау оңайырақ. Бәрі жоспарланған, алдын-ала төленген, уайым жоқ.