Өңірлерді дамытуға қосымша 476 млрд теңге бөлінбек
2022 жылға арналған республикалық бюджет жобасында өңірлерді дамытуға қосымша 476 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты шығын көбейіп, бұған дейін қабылданған шұғыл міндеттерді орындауға қосымша қаражат қарастырылған. Бұл бағыт бойынша бюджет шығыны 2,7 триллион теңгеге артады. Оған қажет қаражаттың 1,6 трлн теңгесі Ұлттық қордан алынса, қалған бөлігі бюджеттік меншікті кірісінен жабылады.
«Өңірлерді дамытуға қосымша 176 млрд теңге бөлінбек. Оның негізгі бөлігі – 271 миллиард теңгесі батыс және оңтүстік өңірлерді дамытуға бағытталған. Жалпы, өңірлерге республикалық бюджеттен 5,5 триллион теңгеден астам қажат бөлінеді. Бұл жалпы шығынның 29,3 пайызын құрайды» деді министр.
Сондай-ақ, инфляция дәлізінің өзгеруіне байланысты әлеуметтік төлемдерді индексациялауға 110 млрд теңгеден қарастырылған. Халықтың табысын арттыру шараларына 197 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл қаржы жастарға қолдау көрсету, жеке кәсібін ашуға шағын несие беру, жалдамалы тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауға бағытталады.
Ал азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 238 млрд теңге қарастырылған. Қосымша қаражат агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен несие беру және ауыл шаруашылығындағы басқа да мәселелерді шешуге бағытталады.
Жалпы бюджет кірісі 2,7 трлн теңгеге немесе жалпы ішкі өнімнің 17,3%-ына артып, 15,8 трлн теңгені құрайды. Шығыны –18,8 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 20,5% деңгейінде болжанған.