Лицензиясы жоқ қаржы ұйымдарын қалай тануға болады?
Ақша табу үшін аянып қалмайтын алаяқтар тобы көптеп кездеседі. Ә дегенде олардың алаяқ екенін ажыратудың өзі оңайға соқпайды. Өйткені олар өздерін «инвестициялық компания», «қаржы ұйымы», «брокерлік делдал» деп таныстырады. Содан кейін алаяқтардың дәстүрлі тәсілі «мынша адам біз арқылы миллиондап табыс тапты» деген мысалдарды қарша боратады. Қаржылық сауаты төмен, арғы-бергі ақпаратты тексеріп жатпайтын азаматтардың ондай алаяқтарға алданып қалуы тым оңай.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Бағалы қағаздар нарығы департаментінің директоры Павел Афанасьевтің айтуынша, қылмыскерлер жаңадан келген инвесторлардың қажетті білімі жоғын және тәжірибесіздігін пайдаланады.
«Өзге ел реттеушілерінің лицензиясын алған, алайда Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметтерін көрсетуге тырысатын компаниялардың өкілдеріне аса сақтықпен қараған жөн. Бұл орайда басқа елдің реттеушісінің жалған немесе нақты лицензиясын брокер ұсынғанына қарамастан, олар өз қызметтерін Қазақстан Республикасының аумағында көрсете алмайтынын түсіну маңызды» дейді Афанасьев.
Бұл ретте, клиентте заңнамалық реттеуді талап ететін қандай да бір проблемалар туындаған жағдайда, клиент компания жұмыс істейтін елдің юрисдикциясы жұмысының тәуекелдерін өзіне қабылдайды.
Қылмыстық топтың қандай әрекеттері күмән тудыруы тиіс?
Алаяқтар тұрақты түрде тіркелмеген нөмірлерден қоңырау шалып, олардың атынан инвестициялауға байланысты электрондық хаттар және жалған құжаттар жіберілуі мүмкін. Бұл компаниялар, әдетте, агрессивті жарнаманы қолданады, азаматтарды адастырады, тұрақты жоғары кірістілікті уәде етеді.
Клиент қажетті қаражатты банк шотына өз еркімен жібергеннен кейін, делдалдар клиенттен одан да көп кіріс алуға уәде бере отырып, қосымша қаражат сұрата бастайды.
Бұл ретте, түрлі психологиялық әсер ету әдістері және сату жөніндегі менеджерлердің белсенді жұмысы пайдаланылады. Алдап ақша табудың сан алуан әдістері клиент компания қызметінің заңды екендігіне күмән келтіріп, оны тексере бастағанға дейін немесе өз шотынан «еңбектеніп тапқан» ақшаны алуға тырысқанға дейін бірнеше рет қайталанады. Бұл жағдайда алаяқтар қосымша қаражат салуды талап етіп, ақшаны қайтарудан жалтарады, содан кейін клиенттің қаражатын қолды қылып, мүлдем ізін суытады.
Қарқынды дамып келе жатқан ақпараттық технологияларды ескере отырып, алаяқтар сол арқылы ұсынымдар беріп отыру үшін аңғал клиенттерге түрлі мобилді қосымшаларды орнатуды өтінеді. Ондай қосымшалардың көмегімен олар ақша аударуды сұрайды және жылдам көбейіп келе жатқан кірісті көрсетеді. Алаяқтар көбінесе «брокердің» қызметі үшін, валюта айырбастау үшін комиссия аударуды, сондай-ақ қандай да бір «салықтарды» төлеуді сұрайды.
«Кейбір жағдайларда клиентті тіпті қосымша инвестицияларға кредит алуға көндіреді. Бірақ содан кейін алаяқтар өз жинақтарынан айырылып қана қоймай, қарызға батып қалатын клиенттің ақшасымен бірге көзден ғайып болады» деп ескертеді қаржы реттеушісінің өкілі.
Алаяқтар көбінесе қаражатты «дербес менеджердің» картасына қарапайым банктік аударым арқылы жіберуді сұрайтынын атап өткен жөн, оны қызметтерге ақы төлеу, әсіресе қаржы құралдарын сатып алу ретінде қарастыруға болмайды. Көптеген жағдайларда тіпті қызмет көрсету шарты да болмайды.
Брокермен шарт жасасқанға дейін әлеуетті инвестор Агенттіктің сайтында брокердің бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыруға лицензиясының болуын тексеруі керек. Брокердің Агенттіктің интернет-ресурсында көрсетілген деректемелері лицензияда көрсетілген деректемелермен сәйкес келуі тиіс. Сонымен қатар қаржылық есептілікті қарап, биржалардағы белсенділікті бақылап, басқа клиенттердің пікірлерімен танысу қажет.
«Сондай-ақ пайда әрқашан болжанған тәуекелге сәйкес келетінін және адал брокер қабылданған тәуекелдерге сәйкес келмейтін жоғары пайда туралы уәде бермейтінін түсіну керек. Шетелдік компаниялармен шарт жасасу кезінде инвестициялауға байланысты барлық тәуекелдерді инвестор өзі көтеретінін еске саламыз» деп қорытындылады Павел Афанасьев.
Жалған брокерлерді тануға болатын мына белгілерге назар аудару керек:
- Аз ғана тәуекелмен немесе ол мүлдем болмайды деп салынған ақша қаражатынан қысқа мерзімде сәйкес келмейтін аса жоғары пайда туралы уәде ету;
- Лицензия туралы ақпарат беруден бас тарту немесе оның болмауы;
- Брокерлік компания сайтының мекенжайын беруден бас тарту, интернетте ол туралы ақпараттың болмауы не компания сайтында компанияның меншік иесі туралы мәліметтердің, заңды мекенжай мен байланыс деректерінің болмауы;
- «Жеке менеджердің» банк картасына ақша аудару туралы өтініш;
- Жасырын нөмірден немесе әртүрлі нөмірлерден «брокер» менеджерінің қоңырау шалуы;
- Тәуліктің кез келген уақытында «брокердің» дамылсыз байланысқа шығуы;
- Дөрекі немесе кәсіби емес іскерлік қарым-қатынас.
Сондықтан азаматтар кез келген инвестициялық делдалдармен өзара іс-қимыл кезінде қырағы болғаны жөн. Егер қызмет ұсынып отырған компанияның адал немесе жалған екенін анықтауға сауаты жетпесе, онда бірден Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінгені абзал. Біздің ел аумағында бағалы қағаздар нарығында брокерлік және дилерлік қызметті және инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар компаниялардың тізімін Агенттіктің ресми интернет-сайтынан тексеруге болады.