Депутат: Қайрат Сатыбалды қайтарған Hilton қонақ үйін күштеп босатып жатыр

21 мамырда Алматы қаласында орналасқан Hilton қонақүйінде істейтін 250 қызметкерді ғимараттан күштеп шығарып жатыр. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи парламент төрінде осылай деп мәлімдеді.
Ескі Қазақстан өкілдерінің мүддесі
Төменгі палатаның депутаты Ермұрат Бапи өзекті мәселеге қатысты сауалын Бас прокурор Берік Асыловқа жолдады. Оның мәлімдемесі Мәжілістің телграм-арнасында жарияланды.
«Дәл қазір, Мәжілістің жалпы отырысы өтіп жатқан уақытта, Алматы қалалық әділет басқармасының шешімімен, Алматыда Hilton қонақүйін меншік иесінен тартып алу, қызметкерлерін шығару, ғимаратты күштеп босату әрекеттері жүріп жатыр», – деп бастады Бапи сауалдың асығыс дайындалғанын ескерте отырып.
Депутат мәліметінше, қонақүйде 250 шақты адам жұмыс істейді.
«Осы әрекеттердің бәрі шетелден келген қонақтардың көз алдында жүріп жатыр. Осы әрекеттің артында «ескі» Қазақстанның мүддесіне жасалып жатқан заңсыз, әділетсіз, бассыз әрекеттер бар», – деп есептейді төменгі палата депутаты.
Сатыбалды қайтарған қонақүй
Бапи осыдан төрт жыл бұрын осы қонақүйді Қайрат Сатыбалдының «нөкерлері» басып алғаны туралы депутаттық сауал жолдағанын еске салды.
«Осы екіаралықта Қайрат Сатыбалды түрмеге отырып, одан аман-есен босап шықты. Біраз активін мемлекетке қайтарды. Солардың ішінде Hilton қонақүйі де болды», – деп түсіндірді депутат.
Оның мәліметінше, Сатыбалдының адамдары қонақүйді соған тиесілі астыртын компанияларға рәсімдеген. Бапи осы мәселені көтеріп, Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігіне жолдағанын, мекеме төрайымы Мәдина Әбілқасымова мәселені сот арқылы шешуге кеңес бергенін айтты.
«Бірақ сотқа жеткізбей, міне, қонақүйдегі адамдарды зорлықпен шығарып жатыр», – деп мәлімдеді депутат.
Бапидің пікірінше, «қонақүйді тартып алып, мемлекеттік мүлік комитеті арқылы оны аукционға шығарып, Сатыбалдыға астыртын тиесілі компанияға сатудың астыртын жүйесі жүзеге асып жатыр».
Тоқаев естиді
Депутат осындай әрекеттің астарында Қазақстандағы екінші деңгейлі екі банктің қожайыны тұр деген деректі парламент төрінде жариялады. Бұған қоса, Бапи Hilton-ды нарық бойынша 12 млрд теңге емес, 4,5 млрд теңгеге бағалаған деп отыр.
«Бұл – айла. Арзанға өткізіп, аукционнан арзанға қайтадан сатып алу амалы жатыр», – деп топшылады парламент өкілі.
Соған байланысты Ермұрат Бапи бас прокуратурадан «осы қылмысты, қиянатты жағдайды» тексеріп, іс қозғауды талап етті. Ол Алматыдағы қонақүй төңірегіндегі «әділетсіздік» президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құлағына жететініне сенімді.
2022 жылы алты жылға сотталған Қайрат Сатыбалды жақында ғана Алматыда өзі бітірген әскери колледже барған. Бүгін ғана осы оқу мекемесінің директоры жұмыстан шығарылғаны мәлім болды.