Базалық ставканың көтерілуі неге инфляцияны әлсірете алмай отыр?

Жарияланды
Инфляция 18,8 пайызға жетті

Қазан айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 18,8 пайызға жетті. Бұл ретте Ұлттық Банктің инфляциямен күрес құралы – базалық ставка. Қазір базалық ставка мөлшері – 16 пайыз. Ұлттық Банк логикасы бойынша, базалық ставка көтерілген сайын банктердің несиесі де қымбаттайды. Сәйкесінше, азаматтар несие алуды азайтып, тауар мен өнімдерді сатып алу үлесі де төмендейді. Сұраныс аз болған соң, баға да төмендеуі тиіс. Әзірге күрестің бұл тәсілі аса бір жемісті болып жатқан жоқ. Бірақ Ұлттық Банк бұл мақсаттың ұзақ мерзімді стратегия екендігін айтады.

Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің айтуынша, елімізде базалық ставка инфляцияға еш әсер ете алып жатқан жоқ.

«Бізде орасан көп шығындар базалық ставканы тіпті де елемей өтіп кетіп жатыр. Қазақстанға коронадағдарыс келген жылы ипотекалық бум болды, ол қазір де жалғасып жатыр. Сондай-ақ түрлі жеңілдетілген бағдарламалар да базалық ставканы айналып өтуде. Осылайша, мөлшерлеменің шығындарды тежеуге әсері онсыз да шөгіп бара жатқан экономиканы несиелендіруге ғана әсер етеді, соның салдарынан экономика да өспейді. Бір жағынан инфляция өсімінің негізгі каналы – курстық канал. Өсімнің негізгі үлесін біз Ресейден импорттаған өнімдер құрады және бағамның 1 рубль үшін 9 теңгеге дейін өсуіне байланысты олар бағаға пропорционалды түрде өсті. Базалық мөлшерлеме Ресей импортының бағасына мүлдем әсер етпейді», дейді сарапшы.

Оның айтуынша, базалық ставка айналым капиталына әсер етеді. Сонымен қатар базалық ставканың көтерілуі депозит бойынша ставкаларды да арттырады.

«Қазіргі кезде депозитті 16 пайыздық ставкамен қорғайтын ел кемде-кем. Осыған дейін Ұлттық Банк депозиттер құлдырап, инфляция өрістеп кетпес үшін барынша әрекет ететінін мәлімдеген еді. Бірақ ақпанда жарияланған 10 пайыз сыйлықақының арқасында депозит бойынша жиынтық кірістілік келесі наурызға таман 20-22 пайыз болады. Осылайша, депозиттер сенімді түрде қорғалып тұр. Оларды қазіргіден де сенімдірек қорғауға болады, ол үшін теңгеге деген сенім артуы тиіс», дейді.

Экономикалық сарапшы Алмас Чукиннің сөзінше, тым жоғары ставкадан экономика зардап шегіп жатыр.

«Егер Ұлттық Банктің минималды ставкасы 16 пайыз болса, демек коммерциялық банктер бұған өз маржасы мен тәуекелге деген қорын қосады, сөйтіп клиентке 21-22 пайызбен несие бергенді дұрыс көреді. Бұл өте көп және бизнес үшін тым ауыр. Яғни, жеткізу қымбаттайды, қызметкерлер жалақыны көтеруді талап етеді», дейді Чукин.

Жоғарыда атап өткеніміздей, қазанның қорытындысы бойынша жылдық инфляция 18,8 пайызға жетті. Соңғы бір айда қымбатшылық 1,6 пайызға жеделдеген. Жылдық динамикада азық-түлік тауарларының бағасы – 23,1, азық-түлік емес тауарлар бағасы – 17,9, ақылы қызметтер 13,5 пайызға қымбаттаған.

Қазан айында азық-түлік тауарларының бағасы 1,4 пайызға көтерілді:

  • Қызанақ – 21 пайызға;
  • Қияр – 14,7 пайызға;
  • Жұмыртқа – 6,3 пайызға;
  • Балық және теңіз өнімдері – 2,3 пайызға;
  • Нан және ұн өнімдері – 2,2 пайызға;
  • Салқын сусындар – 1,9 пайызға;
  • Сыр және сүзбе – 1,8 пайызға қымбаттаған.

Керісінше, сәбіз (5,6 пайызға), қызылша (5,5 пайызға), түйінді пияз (5,1 пайызға), картоп (3,5 пайызға), орамжапырақ (2,6 пайызға) және қант (2,3 пайызға) арзандаған.

Азық-түлік тауарлары емес өнімдер ішінен ең қатты қымбаттағандары:

  • Жуу, тазалау заттары (+5 пайыз);
  • Киім, аяқ киім, жеке қолданыс заттары, тұрмыстық тауарлар (+2 пайыз);
  • Ыдыс-аяқ (+1,9 пайыз);
  • Тоқыма өнімдері (+1,7 пайыз);
  • Тас көмір (+2,1 пайыз);
  • Ағаш (+1,7 пайыз).

Жаппай қымбатшылық аясында қонақүйлер, демалыс кешендері, демалыс және спорттық шаралар қызметтері, балаларды дамыту орталықтары және қоғамдық тамақтану орындары да өз құндарын арттырған.

Сондай-ақ оқыңыз