Ірі бизнес орта кәсіп санатына өтсе, бюджет 1,7 трлн теңге шығын шегуі мүмкін

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Ірі кәсіпкерлерге қандай кәсіп иелері жатады / Фото: shutterstock

«Ақ жол» фракциясының депутаттары ірі кәсіпкерлікті анықтау тәртібін қайта қарауды талап етіп, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдаған. Партия өкілдері кәсіпорынды ірі бизнеске жатқызу кезінде жұмыскерлер санын емес, тек кіріс пен активтерді негізге алуды ұсынып отыр.

Қолданыстағы Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, қызметкерлер саны 250 адамнан асатын және жылдық орташа кірісі 3 млн АЕК-тен (12,9 млрд теңге) жоғары кәсіпорындар ірі бизнеске жатады.

Алайда депутаттар бұл тәсілдің әділетсіз екенін алға тартады. Мәселен, еңбекті көп қажет ететін салаларда қызметкерлер саны көп болғанымен, кіріс пен активтер төмен болуы мүмкін.

Салдарынан, нақты ауқымы ірі бизнеске жетпесе де, тек жұмысшы саны көп болғаны үшін кәсіпорындарға қосымша ауыртпалық түседі. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға кері әсерін тигізеді.

Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринның сауалға берген жауабында үкімет кәсіпкерлік субъектілерін санаттау өлшемшарты бизнестің нақты экономикалық ауқымын көрсету және кәсіпорындардың өсуіне кедергі келтірмеуі тиіс деген ұстанымға қарсы емес екенін мәлімдеді.

Қазір үкімет мемлекеттік мекемелер, «Атамекен» ҰКП-мен және басқа да ұйымдармен бірлесіп, Кәсіпкерлік кодекстің 24-бабындағы өлшемшарттарға кешенді талдау жүргізіп жатыр.

Халықаралық тәжірибе де зерделенді. Мысалы, Еуроодақта жұмыскерлер саны міндетті өлшемшарт болып қала береді, ал еңбекті көп қажет ететін кәсіпорындар мәселесі аралық санаттар енгізу арқылы шешіледі.

Бұған дейін 2025 жылы кәсіпкерлерді екі өлшемшарт бойынша да шектен асқан жағдайда ғана ірі бизнеске жатқызу ұсынылған болатын.

Алайда бұл модель кезінде ірі кәсіпорындардың бір бөлігі орта бизнеске өтіп, республикалық бюджеттің корпоративтік табыс салығы бойынша шамамен 1,7 трлн теңгеге шығынға әкелуі мүмкін екені анықталған.

Сонымен қатар, жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты бұл түзетулер уақытша кейінге шегерілген еді.

Қазіргі уақытта Үкімет депутаттар ұсынған модель, яғни жұмыскерлер саны өлшемшартын алып тастап, санатты тек кіріс пен активтер арқылы анықтау тәсілі бойынша жеке бағалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Мұндай кәсіпорындардың нақты саны, сондай-ақ оларды орта бизнес санатына ауыстырудың бюджет пен мемлекеттік қолдау шараларына тигізетін салдары есептелуде. Барлық өзгерістер мен шешімдер осы талдау мен қоғамдық талқылаулардың қорытындысы бойынша қабылданатын болады.

Сондай-ақ оқыңыз